Accessibility links

Палестинадағы әсірешіл «Хамас» тобы Парламенттік сайлауда басым көпшілік дауыспен Палестина парламентіндегі 132 орынның 76-сын жеңіп алды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Палестин елінің жетекшісі Махмұд Аббастың «Фатах» партиясы болса 43 орынмен шектелді.

Өзінің Израиль мен Палестина арасындағы шекара жанжалдары кезіндегі жауынгерлік шабуыл әрекеттерімен, әсірешілдік, лаңкестік қылмыстарымен белгілі «Хамастың» бұл жеңісі, әрине, алдымен Израильды, сонымен қатар өзге де елдердің назарын өзіне тартып, алаңдаушылық сезіміне бөлегендігі біліне бастады.

Алдымен Израиль «Хамастың» жеңісі жөніндегі хабар жетісімен-ақ, «егер Палестин үкіметін «Хамастықтар» жасақтайтын болса, онда біз ол үкіметті мойындамаймыз» деген мәлімдеме таратты.

Ал АҚШ президенті Буш, Израиль мойындамайтын, ұрысшыл топ аймақтық бейбітшілікті орната қояды дегенге күмән келтірді.

- Негізгі мақсат қирату, жою болған топпен бейбітшілікті бірлесе қалай орнатуға болады? Сенің қанаттас әріптесің қару-сайманын сайлап тұрған кезде қандай тыныштық бола қойсын, - деген күдігін айтады АҚШ президенті.

Дж.Буш өзінің бейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде Таяу шығыстағы бейбітшілік жөніндегі «жол картасы» қауіп астында қалып отыр, деді. «Жол картасындағы» бейбітшілік бағдарламасын ол кезде АҚШ, Ресей, Еуропа Одағы және БҰҰ қолдаған болатын.

Талдаушылардың пікірінше, ЕуроОдақ «Хамасқа» деген ілгерідегі қатаң көзқарасын біршама өзгерткенімен, АҚШ ондайға бара қоймас. Ал Израилһ бас министрі Шарон ауыр науқасқа кезігіп, оның қызметіне уақытша Ехуд Олмерт келген бұл уақта жағдай тағы да күрделеніп отыр дейді, президент Клинтонның кезінде АҚШ Қауіпсіздік кеңесінде болған Леон Фуерт.

Фуерттің айтуынша, «Хамасты» қолдап дауыс берушілер «Фатах» партиясы жетекшілігі кезінде өріс алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жан айқайын білдіргендер.

Джордж Вашингтон университетінің Таяу шығыс зерттеу орталығынан Мурхаф Жоужатидің айтуынша, халықтың бұл сайлаудағы даулы нәтижесіне түгелдей «Хамастың» беделі деуге келмейді. Зерттеушінің пікірінше, «Жол картасындағы» талаптар бойынша Шарон үкіметі бірқатар ымырашылдыққа барған.

«Израиль қазіргі жағдайда да, әсіресе қауіпсіздік мәселесінде «Хамас» тобымен тағы да ізгі ниеттік байланыс орнатуға тырысуы қажет. Сондықтан ендігі жағдай Израильдың болашақ саясатына байланысты», - дейді Вашингтондық зерттеуші Жаужати.

Сондай-ақ, өзара әріптестік даналық «Хамас» жағынан да болуы қажет дейді зерттеуші. Олай болмағанда президент Махмұд Аббас жетекшілігі кезінде батыстан келген қаржы көмегінен Палестина бір сәтте қағылып қалуы да мүмкін. Дегенмен, өзара қарсыластық әрекеттің жемісі деп «Хамасты» табысымен құттықтаған Ираннан көмек болғанымен, Сирияның ондай материалдық жәрдемге шамасы келе қоймас, дейді зерттеуші.

Бұл арада «Хамас» жасақтайтын Палестина үкіметіне Таяу шығыс бейбітшілік үдерісінің нәтижесіне қарай баға берерміз деген елдер қатарында Австрия, Германия, Дания, Швеция, Испания, Голландия және Норвегия бар. Сондай-ақ, Франция бас министрі Доминике де Вилепин де «Хамастың» бұл жеңісіне күмәнмен қарап, өз алаңдаушылығын білдіріп отыр. Ал Британия бас министрі Тони Блэр, «Хамас» құратын үкімет алдында демократия немесе қантөгісті зорлық-зомбылық жолы бар дейді.
XS
SM
MD
LG