Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.27.2006 жыл


Жаңадан тағайындалған Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев апта соңында жарық көрген басылымдардың негізгі қаһарманына айналыпты. Мерзімді басылымдарға берген сұхбатында Ермұхамет Ертісбаев қазақ тілінің мәртебесін күшейтуге уәде бергенімен, кейбір тәуелсіз газеттер қазақша әрең сөйлейтін Ермұхамет Ертісбаевтың бұл қызметке тағайындалуын қатты сынға алыпты. Ал, халықаралық “Human Rights Watch” құқық қорғау ұйымының баяндамасында Қазақстанда сөз бостандығына байланысты қысымның күшейіп кеткендігі айтылыпты.

“Түркістан” газетінің тілшісі Гүлнар Мұқановаға берген сұхбатында Мәдениет, ақпарат және спорт министрі қызметіне тағайындалған Ермұхамет Ертісбаев Президенттің өзіне артқан сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салуға уәде беріпті. Сондай-ақ өз сөзінде Ермұхамет Ертісбаев биылғы жылдан бастап бірнеше министрліктердің іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне көшіре бастайтындығын айта келіп, өздерінің де осыған бет бұратындығына тоқталыпты. Министрдің айтуынша, қазақ тілін үйрену үшін бағдарламалар түзіп, кітаптар шығарғаннан басқа қазақ тілін білетін қызметкерлердің еңбекақысына міндетті түрде қосымша ақша төленуі керек. Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, мемлекеттік қызметте істейтін қазақ қызметкері тілін білгені үшін қосымша ақша алса, өзге ұлт өкілі міндетті түрде оған тырысып бағады.

“Азат” газетінің кезекті санында жарық көрген “Билікте не өзгеріс болды?” атты мақалада Ермұхамет Ертісбаевтың Мәдениет, ақпарат және спорт министрі болып тағайындалғаны қатты сынға алыныпты. Автор өз мақалаласында бұл лауазымы жоғары қызметке Ермұхамет Ертісбаевтың тағайындалуын, оның президент сайлауының қарасаңында Нұрсұлтан Назарбаевты асыра мақтаған әрекетімен байланыстырыпты. Мақала авторының айтуынша, бір ауыз қазақша білмейтін, мемлекеттік тілде сөйлеген сөзіне бесіктегі бала күлетін Ерұхамет Ертісбаевтың мәдениет пен ақпаратты басқарғаны қазақ тілінің бағы жанбайтындығын ашықтан-ашық әйгілеудің басы болып табылады. Автор өз мақаласында мемлекеттік тілді білмеген адамның Мәдениет, ақпарат және спорт министрі болуға құқысы бар ма деген сауал қойып, Ермұхамет Ертісбаевтың бұл қызметке келуі бұрыннан бағы жанбай тұрған мемлекеттік тілдің қабырғасын одан әрі қаусатып жібереді деген қорытынды жасапты.

“Жас Алаш” газетіне берген шағын сұхбатында театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев Мәдениет, ақпарат және спорт министрі қызметіне Ермұхамет Ертісбаевтың тағайындалғандығына наразы екендігін білдіріпті. Өз сөзінде Бағыбек Құндақбаев Украинада да, Белоруссияда да мәдениет саласын өнердің өз ішінен шыққан өкілдер басқарып отырғандығын айтып, Ілияс Омаров секілді азаматтар отырған орынға мәдениетке титтей де қатысы жоқ адамның келгеніне наразы екендігін сөз қылыпты.

“Central Asia Monitor” басылымына берген көлемді сұхбатында Ермұхамет Ертісбаев алдағы уақытта министрліктің ешқандай да газетті сотқа бермейтіндігін сөз қылыпты. Алайда Ермұхамет Ертісбаев газеттерді жауапқа тартатын Прокуратураның қызметі үшін жауап бере алмайтындығын да жасырмапты.

“Маған байланысты айтылатын жалған айыптаулар үшін де мен ешқандай газетті сотқа бермеймін. Алайда мен газеттердің Мемлекет басшысының атына айтылатын жалған айыптауларына шыдай алмаймын. Өйткені Президенттің ар-ұяты біздің мемлекетте Конституция бойынша қорғалады” дейді, жаңадан тағайындалған Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев “Central Asia Monitor” басылымына берген сұхбатында.

“Право. Экономика. Политика. Культура” басылымы болса қаржы полициясының тәуелсіз “Сөз” басылымын қудалай бастағандығына айрықша тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, ендігі уақытта қаржы полициясы кейбір адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғау арқылы тәуелсіз басылымдарды ауыздықтауды жүзеге асырып жатыр. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, қаржы полициясының қызметкерлері “Сөз” газетінің ұжымынан басылымды кімдердің қаржыландырып отырғандығын көрсетуін талап еткен. Осыдан кейін олар бухгалтерлік есептің тәртібін бұзды деген желеумен, тексеріс жасау қажеттілігі туралы шешім шығарған.

Ал, “Эпоха” басылымында жарық көрген ““Human Rights Watch” халықаралық құқық қорғау ұйымының баяндамасында Қазақстанда тәуелсіз басылымдардың қатты қысымға ұшырайтындығы айтылыпты. Баяндамада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстанда тәуелсіз басылымдар саяси көзқарасы үшін және Президентті сынағаны үшін жауапқа тартылады. Мамыр айында Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі “Республика” газетінің шығуына тиым салса, наурыз айында “Сөз” газетін Ұлттық Қауіпсіздік комитеті жауапқа тартып, олар 5 миллион теңге айып-пұл төлеген. “Сөз” газетіне салынған айып-пұл толық төленгендігіне қарамастан, маусым айында Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті оның шығуына тағы кедергі келтірген.
XS
SM
MD
LG