Accessibility links

Қазақстанда ұялы байланысты тұтынушылар саны 5,5 миллионнан асты

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстанда 5,5 млн-нан астам, яғни Республика жұртшылығының 3\1-і ұялы байланыс қызметін пайдаланатындығы жөнінде дерек тіркеліп отыр. Мамандар, ауылдарға да осы байланыс жүйесі жетіп жатқандығымен қатар, ел тұрғындарының әлеуметтік мүмкіндігі ұялы байланысқа деген сұранысты арттырып отыр дейді.

Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан ұялы байланыс қызметімен айналысатын төрт оператордың ішінде алда келеміз дейді «GSM Қазақстан» компаниясының көпшілікпен байланыс жөніндегі департамент директоры Қуат Домбай. Оның айтуынша, Қазақстандағы ұялы байланыс қызметін пайдаланатын бес жарым миллионнан аса адамның үш миллионнан астамы «GSM Қазақстан» компаниясының қызметін пайдаланады екен.

«Дегенменде Ресей мемлекеті азаматтарының 80 пайызы ұялы байланыс қызметін пайдаланатындығы жөніндегі деректермен салыстырғанда Қазақстан жұртшылығының әлі де болса, бұл байланысты тұтынуына кедергі болып отырған басты мәселе - ұялы байланыс қызметі бағасының қымбаттығы. Сондықтан бұл біздің де алдымызда тұрған шешілуі тиіс мәселе», - дейді «GSM Қазақстан» компаниясының көпшілікпен байланыс жөніндегі департамент директоры Қуат Домбай.

Ал бүгінде ауылдарға телефон байланысымен қатар, ұялы байланыс жүйесін де жеткізіп жатқан «ҚазНұрТел» біріккен қазақ-қытай компаниясының менеджері Сұлтан Ыбырай енді ұялы байланысқа ауыл азаматтары тарапынан да сұраныс артатынын айтады. Және де Қазақстанда мобильдік байланысқа деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқанының көрінісі ретінде Қаржы министрлігіне қарасты кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Тілеген Сунтаев өткен жылдың 10 айының өзінде 32 миллион 20 мың АҚШ доллары көлемінде мобильдік телефондар әкелінгендігін айтады.

Сондай-ақ ұялы байланыс телефондары саудасымен айналысатын Марат Нұртаев аталған нарықта сұраныстың жоғары болуы азаматтардың әлеуметтік мүмкіндігіне де байланысты екенін айтады. Сонымен қатар ұялы байланыс бағасы біршама арзандаса, оған деген сұраныс тіптен арта түсер еді дейді тұтынушылар.
XS
SM
MD
LG