Accessibility links

Алматы соты «Еуразия+ОРТ» телеарнасында мемлекеттік тіл заңының талаптары орындалмай отырғаны заңға қайшы емес деп тапты

  • Гүлмира ХАМЗА

Қаңтардың 27-күні Алматы қалалық соты “Еуразия+ОРТ” жабық акционерлік қоғамы мен “Халық дабылы” қозғалысының жетекшісі Кеңесары Қаптағаев арасындағы телеканалда мемлекеттік тілде хабар тарату туралы заң талаптарының сақталуы жайындағы дауды қарап, істі акционерлік қоғамның пайдасына шешуді дұрыс деп тапты. Осылайша,“Еуразия+ОРТ” телеарнасы “Мемлекеттік тіл туралы” заң талаптарын орындамай отыр деп, сотқа арыз беруші Кеңесары Қаптағаевтың талабын қалалық сот қанағаттандырмай тастады.

Қаңтардың 27-сі күні Қазақстандағы “Халық дабылы” қозғалысының жетекшісі Кеңесары Қаптағаев не себептен республикадағы “Еуразия+ОРТ” телеарнасы “Мемлекеттік тіл туралы” заң талаптарын орындамайды, неге бұл телеарна қазақ тілді көрерменнің құқығын шектейді деп, қалалық соттан әділдік іздеді. Әділдікті орнату үшін сотқа шағымданушы Кенесары Қаптағаев “Еуразия+ОРТ” телеарнасынан 10 миллион теңге талап етті.

“Осылай мен “Мемлекеттк тіл туралы” заң талаптарын орындамаған қазақстандық телеарналарды қорқыта аламын. Әр мемлекеттің заңдары бар, бұл заңдарды әрбір телеарна орындауы тиіс, неге “Еуразия+ОРТ” телеарнасы бұл талаптарды орындамайды”, - деді Кенесары Қаптағаев.

“Еуразия+ОРТ” телеарнасының заңгерлері бұл телеарнада бағдарламалардың қазақ тілінде шықпайтындығын телеарнаның тарихымен түсіндірді. Себебі, бұл телеарна 1997 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің келісімі негізінде дүниеге келгенін, сондықтан республика үкіметінің кейбір мүшелері бұл телеарна Қазақстан заңдарына бағынбайтынын айтқан. Бұл туралы сотта өз аты-жөнін атағысы келмеген “Еуразия+ОРТ” телеарнасының заңгері айтып берді.

“Бізде Қазақстанның мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі Ардақ Досжанның хаты бар. Онда “Еуразия+ОРТ” телеарнасы Қазақстанның «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және де басқа да заңдарға бағынбайды делінген”, - деді заңгер.

Бұдан бұрын бұл мәселені Алматы қаласы Бостандық аудандық соты қарап, істі “Еуразия+ОРТ” телеарнасының пайдасына шешіп берген. Бұл шешімге наразы болған талапкер Кенесары Қаптағаев қалалық сотқа шағымданған. Қалалық соттың төрешілері Бостандық аудандық сот шығарған шешімді өзгертусіз қалдырды. Ал “Еуразия+ОРТ” телеарнасы неге мемлекеттік тілде хабар шығармайды деп, наразы болған Кенесары Қаптағаев мәселені аяғына дейін жеткізетінін айтып отыр.

“Мен неге бастаған істі тоқтатуым керек? Қалылық соттан кейін Жоғарғы сотқа шағымданамын, одан кейін халықаралық сотқа барамын, халық көтерілуі мүмкін, бірақ біздің халық қай тілде сөйлеседе бізге тыныштық керек деп, мәселе көтермеуі мүмкін”,-дейді Кеңесары Қаптағаев.

Алайда кейбір сарапшылар Қазақстанда билікке жақындар заң талаптарын орындамай қойса да олардың мұрттарын балта шаппай, тасы тауға өрмелейтінін алға тартады.

“Қазақстан да заңдардың орындалғанын талап ете алады. Бірақ бұл талап барлығына бірдей тең қойыла бермейді. Кейбір телеарнаның артында үлкен бір кісілер тұрады, сол себептен олардан заң талаптарын бұзбай, бұлжытпай орындауды талап ете бермейді. Ал жағдай керісінше болғанда, оларға сөгіс жасалып, айыппұл төлетеді”, - дейді сөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз”қорының өкілі Ғалия Әженова.

Ал егер билікте мықты тіреуіші жоқ ақпарат құралдары тиісті мекеменің қырына іліге қалса, әдетте, бақылаушылардың айтуынша, ондай телеарналар мен мерзімді басылымдар Қазақстан заңдарын бұзғаны үшін бірден жауапқа тартылады.

“Мәселен, кезінде Алматыда “Семейный канал” деген телеарна болған, Розлана Таукинаның телеарнасы тағы болған. Бірақ, олар қоғамдағы келеңсіздіктер жайлы халықтың тарапынан айтылатын, алайда билікке ұнамайтын сындарлы пікірлерді де эфирден жиі бергеннен кейін, көпке ұзамай, билік шешімімен жабылып қалды”, - дейді “Әділ сөз”қорының өкілі Ғ.Әженова.

Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстанда 2 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы бар. Оның 80 пайыздайы жеке меншіктегі басылымдар мен радио-телеарналар.
XS
SM
MD
LG