Accessibility links

Есірткімен күресуге жауапты 20 полиция қызметкері қызмет бабын пайдаланып есірткі сатқандығы анықталды


Қазақстанға Тәжікстаннан және Ауғанстаннан көп көлемде ауыр есірткі тасымалдап сатқан халықаралық ұйымдасқан топтар әшкереленді. Бұл туралы жыл қорытындысын жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Алайда, комитет қызметкерлерінің айтуынша, елдің ішінде есірткімен күресуге жауапты полиция қызметкерлері қызмет бабын пайдаланып есірткі сатқандығы анықталды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жалпы саны 16 ұйымдасқан топ мүшелері қолға түскен және тұрақты істеп келген 19 есірткі арнасы анықталып, жабылған. Ұйымдасқан топтарға өз адамдарын енгізу арқылы және халықаралық әріптестермен бірлескен жұмыстың арқасында Қазақстанда жұмыс істеп келген ірі халықаралық ұйымдасқан топтарға тосқауыл қойдық, дейді комитет өкілдері. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Ислам Бекішевтың айтуынша, шет елден Қазақстанға есірткі тасымалдаған негізгі топтың жетекшісі мен мүшелері сотталды:

- Мирзахметов деген қылмыстық топ әшкереленді, олар Тәжікстаннан Қазақстан территориясы арқылы есірткі тасымалдаған. Осы қылмыстық топтан 200 келі героин және 33 келі апиын табылды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Ислам Бекішевтың айтуынша, Ауғанстаннан Еуропаға Қазақстан арқылы есірткі тасымалдаған негізгі топ мүшелері нашақорлардан алынған ақшаны коммерциялық фирмалары арқылы заңды айналымға енгізіп отырған:

- Бұл топтың басшысы болған Тәжікстанның бұрынғы азаматы Махмадов. Бұл жолы олардан 1250 келі апиын және 200 келі героин тәркіленді.

Комитет қызметкерлерінің айтуынша, осы топтан бір жарым миллион доллар алынып мемлекет пайдасына берілген. Ал, шекараның сыртында Қазақстан ішіндегі есірткі сатылатын 55 оқу орны тексерілген. Нәтижесінде, оқу орындарында есірткі сатқан 30 оқиға тіркелген. Ал, Ішкі істер министрлігінің есірткімен күрес комитетінің өкілі Даниель Шайынғазиннің айтуынша, Қазақстанның бірнеше облысында ауыр есірткі тасымалдап сатқан халықаралық ұйымдасқан топтар саны көбейіп келеді:

- Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында есірткіні заңсыз тасымалдап сатып және қарақшылықпен айналысқан мемлекетаралық байланыстары бар 14 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Өткен жылы мұндай топтар саны 7 болатын.

Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, елдің ішінде есірткімен күресуге жауапты полиция қызметкерлері қызмет бабын пайдаланып есірткі сатқандығы анықталған. 20 адамға 33 қылмысты іс қозғалған. 5 адам сотталды деп хабарланады. Бұл орайда Түркістан қаласының Ішкі істер басқармасының бастығы Шалаев және оның Қостанайлық әріптесі Шаповаловтың есімі айтылады. Қостанайдың есірткі мен күрес басқармасының бастығы есірткіні сатудың сыртында қызмет бабын пайдаланып күдіктіні өзіне қол салуға мәжбүрлеген деп айыпталып отыр.

Дәрігерлердің айтуынша, нашақорлар әрдайым ұлғайып отырады. Астана нашақорлардың саны бойынша, республикада 4-орынды иемденіпті. Астанадағы нашақорларды емдейтін орталық маманы Марат Сарбасовтың айтуынша, соңғы кезде нашақорлар көбейген:

- Соңғы кезде есірткімен әуестенгендер көбейіп кетті. Көбісі ер кісілер және жастар. Мектеп оқушылары арасындада мұндай кездеседі. Біз тестирование өткізген кезде мектеп, колледж және оқу орындарының 4 пайызы есірткімен таныс екендігі анықталды, ал ең жасы - 8 жаста.

Астанадағы нашақорларды емдейтін орталық маманы Марат Сарбасовтың айтуынша, соңғы кезде Қазақстан нашақорлары ауыр есірткіні жиі қолданатын болған:

- Кәмелетке жетпегендер арасында бұл наша және тұрмыстық химиялық заттар, ал ересектердің арасында героин және апиын, ол әсіресе миға әсер етеді, және есірткіні алмаған кезде адам ағзасы оны тілеп тұрады.

Бұған дейін, БҰҰ халықаралық комитеті Қазақстанда есірткіге тәуелді болып қалғандар саны 140-мыңға жеткен деген мәлімет таратқан. Ал мамандар болса ресми көрсеткіштерді тек онға көбейткенде ғана шынайы жағдайды елестете аламыз дейді.
XS
SM
MD
LG