Accessibility links

Қаржы полициясының төрағасы қолында билігі бар адамның жемқорлыққа жақын тұратынын жасырмайды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сенбі күні Қазақстанның Экономикалық және сыбайласқан қылмысқа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) былтырғы - 2005 жылы атқарған жұмыстарына есеп берді. Оның үстіне таяуда ғана жемқорлыққа қарсы күрес туралы 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын.

Жоғарыдағы агенттіктің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев өзі басқарып отырған мекеме өткен жылдан бастап президентке тікелей бағынатын болғандықтан жұмысымыз нәтиже бере бастады дейді. Оның сөзіне қарағанда жемқорлық қылмыстар жылдан жылға азайып келеді. Сонымен өткен жылы қаржы полициясы қозғаған қылмыстық істің жалпы көлемі 10230 барып жығылады екен. Сарыбай Қалмырзаевтың айтуынша, бюджеттің ақшасын жымқырғандардың көпшілігі әлеуметтік салада. Сонымен қатар білім саласына бөлінетін қаржыларды да қармап қалғандар көп екен. Бұл тұрғыда қаржы полициясы төрағасы денсаулықсақтау саласына да бөлінген қаржылардың да ұрланғанын жасырмайды.

Сонымен бірге Сарыбай Қалмырзаев екі оппозиция өкілдерінің үстінен қозғалған қылмыстық істердің таяу арада бітетін, сотқа берілетіндігін де жария етті. Оның бірі тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов. Естеріңізде болса, өткен жылы Болат Әбіловке жекешелендіру жылдарында бірқатар кәсіпорындарды өте аз бағаға сатты деп, сонымен қатар оның «Бутя» жинақтушы капиталына қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Енді қаржы полициясының төрағасы Сарыбай Қалмырзаев бұл іс таяу арада аяқталады дейді.

Алайда «Азаттық» радиосына сұхбат берген Болат Әбілов жоғарыдағы өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты ешқандай кінәсі жоқ екендігін айтады.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Ермұрат Бапи да қаржы полициясының тек оппозиция өкілдерінің соңына түскендері де олардың жұмыстарының ашық емес екендігін көрсетеді дейді.

Екіншісі, Серікболсын Әбділдин жетекшілік ететін «Коммунистік» партияның жастар қанатын басқаратын Махамбет Әбжан. Оған да бүгінгі күні сайлау кезінде үгіт-насихат жұмыстарына бөлінген мемлекеттің ақшасын жымқырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған болатын. Махамбет Әбжан Астана қаласындағы арнайы оқшауланған мекемеде отыр. Алайда Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар Махамбет Әбжанның тағдырына алаңдауда. Қаржы полициясының өкілі де таяу күндері Махамбет Әбжанның ісі сотқа беріледі дейді.

Өткен жылы қаржы полициясы аяқтаған істердің бірі ол қазір жабылып қалған «НаурызБанктің» бұрынғы төрағасы Оразәлі Ержановқа қатысты. Қаржы полициясының төрағасы Сарыбай Қалмырзаев:

- Оразәлі Ержанов ұйымдасқан топтың қылмысы мемлекетке 4 миллиард теңге шығын келтірді, бүгінгі күні Оразәлі Ержанов пен оның жақтастарының қайда тығылып жүргенін білеміз, – деді.

«Наурызбанкке» қатысты дау осыдан екі жыл бұрын көтерілген еді. Ол кезде «Отан» партиясының мүшесі болған Оразәлі Ержанов президенттің атына Үндеу жариялады. Ол хатты Парламент мінберінде бұрынғы Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов жариялаған еді. Оразәлі Ержановтың президенттің атына жазған үндеуінде Наурызбанктің акционерлерінің бірі болған қазіргі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің банкке аударған 10 млн долларды қолма-қол үстелдің үстіне қайта әкелесін деп талап қойып жатқаны айтылған еді. Алайда осы үндеуден кейін көп ұзамай Оразәлі Ержановтың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазір оған халықаралық іздеу жарияланған.

Парламент сенатының бұрынғы депутаты Уалихан Қайсар жемқорлыққа қарсы мекеменің өзінде коррупция басып қалған дейді. Ал Қаржы полициясының төрағасы Сарыбай Қалмырзаев қолында билігі бар адамның жемей тұра алмайтынын өзі ашық мойындап отыр.

– Менің өз ойым адамды бір жерге қызмет беріп, басшылыққа қойып қойса, ол қарап тұрмайды ғой, бірдеңе істейді. Біз басқа жүйені табуымыз керек жемқорлықты азайтатын. Әйтпесе қолында билігі, шоқпары көп кезде адамдар жеуді тоқтатпайды. Мысалы, МАИ-дың адамдары көшеде босқа тұрмайды ғой, бәрібір біреуді тоқтату керек. Күн суық дегендей... Сондықтан да мұндай жүйені түбегейлі жою үшін жемқорлыққа қарсы қылмыстың басқа бір жолын ойлап табу керек, – дейді Қазақстан қаржы полициясының төрағасы Сарыбай Қалмырзаев.
XS
SM
MD
LG