Accessibility links

Қазақстанда бір жарым миллионнан астам заңды тіркелмеген мүлік бар. Ал мүлікті легализациялау кезінде Қазақстан ақшасына алынған шетелдегі мүліктер жария етіле ме?!


Қазақстанда осымен екінші рет капиталды легализациялау процессі жүрмекші. Онымен қоса заңды тіркелмеген мүлікке де рақымшылық жасалмақ. Қазір «Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінің жұмыс тобында талқылануда.

Бірінші рет, көлеңкелі каптиалды заңдастыру үдерісі Қазақстанда 2001 жылы өткен болаты. Онда Үкімет шетелдерден шамамен бір жарым миллиард долларға жуық ақша банктерге құйылады деп үміттенген болатын. Алайда заңдастырылған ақшаның құны бар болғаны – 500 миллион долларды құрады. Енді бұл жолы билік тарапы ақшасын шетелге тыққан азаматтар капиталдарын Қазақстанға әкеледі деп отыр. Мысалы, Экономикалық және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев «2001 жылы көптеген азаматтар шетелге жіберген ақшаларын Қазақстанға әкелуге қорықты. Өйткені олар қандайда бір компанияның ұйымдастырып отырғаны, ертең ақшамызды тартып алады деп қауіптенді», – дейді.

Енді мүлікті заңдастыруға келетін болсақ, бұл процесс Қазақстанда бірінші рет жүргелі отыр. Осыған дейін Қазақстан басшысы Парламент депутаттарының алдында мүліктерге рақымшылық жасау қажет деп бірнеше рет басып айтқан болатын. Себебі, мемлекет басшысы «қазір ауылды жерлерден қалаға қоныстанып жатқандар көп, олар қаланың шетіне үй салып алып, соларды заңдастыра алмай жүр, ал заңды тіркелу үшін олардан пәленбай мың қаражат сұрайды, біз осыларға көмектесуіміз керек және кезінде жекешелендіру жылдарында сатып алған ғимараттарын кәсіпкерлер әлі күнге дейін жариялауға қорқады, біз оларды ашық жұмыс істеуге шақырамыз», – деген еді. Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапидың айтуынша, заңдастыру мәселесі халықаралық тәжірибеде бар. «Бірақ Қазақстанда бұл заң қарапайым кәсіпкерлердің мүддесі үшін әзірленіп отырған жоқ. Ол билікте отырған шенеуніктердің өздеріне арналып отыр», – дейді Ермұрат Бапи.

Жалпы Үкіметтің есебі бойынша, Қазақстанда бір жарым миллионға жуық заңды тіркелмеген мүлік бар екен. Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев «заңды тіркелмеген мүліктердің құны 768 миллиард теңгені құрайды»,– дейді. Егер жалпы тіркелмеген мүліктердің 30 проценті заңдастырылса, онда бюджетке шамамен 3,7 млрд. теңге пайда келеді екен.

Бұрынғы Парламент Сенатының депутаты Уалихан Қайсар «мүлікті заңды тіркеу үшін көптеген құжаттарды толтыруды қажет етеді. Содан кейін жергілікті әкімдіктер міндетті түрде пара сұрайды. Кәсіпкерлердің көбі осыдан қашты. Енді мүлікке рақымшылық жасағанымен бәрібір де дәл сондай құжаттарды қажет етеді», – дейді.

Алайда Қаржы министрлігінің өкілдері мүлікті заңдастыру процессі жүріп жатқан кезде, мүлік иелері салықтан босатылады деп отыр. Қазақстан бойынша заңдастырылмаған мүліктердің көбі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында сонымен қатар әрине Алматы мен Астана қалаларында. Мәселен, бір Алматы қаласында 53 мыңнан астам тіркелмеген мүлік бар екен. Оның 50 мыңнан астамы тұрғын үй. Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекееев олардың дені Алматының ең көрікті жерлерінде салынған элиталы үйлер екенін жасырмайды.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Ермұрат Бапи мүлікті легализациялау процесінде Қазақстан басшысының шетелдердегі бірнеше миллиондаған долларға салынған виллалары да жария етіле ме, мәселе осыда, дейді.

– Мүлікке рақымшылық жасалу ашық дәрежеде өтетін болса кезінде әлемдік баспасөз шулап жазған Сантропердегі Лабр жағалауындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың меншігіндегі ғимараттар жария етіле ме, Назарбаевтың оң қолы деп саналатын Нұртай Әбіқаев Мемлекет басшысына Лондоннан пәленбай миллион фунт стерлинг тұратын ғиаратты сатып алып берді деген ақпаратты әлемдік баспасөз жазды. Осылар жария етіле ме немесе Мәр-Мәр теңізінің жағалауындағы Назарбаевтың ғимараты жарыққа шыға ма?, – дейді Ермұрат Бапи.

«Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасында қоррупциялық жолмен алынған мүліктер заңдастыруға жатпайды деген бап бар. Бұрынғы сентатор Уалихан Қайсар заңдастырылмаған мүліктердің барлығы да коррупциялық жолмен келген деп есептейді. Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Зәуреш Батталова алдымен легализация процесі жүрмес бұрын, қай мүліктің жемқорлықпен байланысы бар жоғын тексеру керек, деп санайды.

Сонымен бұл үдеріс Қазақстан қоғамында әлі пікір-талас туғызбақ.
XS
SM
MD
LG