Accessibility links

Қазақстанда алғаш рет кәсіби парламент жұмысқа кіріскеніне тура 10 жыл толды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Жоғарғы Кеңесте көп мәселелер ашық, артығырақ айтылып, қызу қанды адамдарға ілесушілер пайда болып, әртүрлі ағымдар көбейіп бара жатты. Осының бәрін ақырын басу үшін екі палаталы парламент көп ықпал жасады, дейді Сенаттың бірінші төрағасы болған Өмірбек Бәйгелді

Осыдан дәл он жыл бұрын 1996 жылдың 30-қаңтарында жаңадан қабылданған Конституция бойынша сайланған қос палаталы парламенттің алғашқы отырысы өтті. Сол кезде Парламент Сенатының төрағасы болып, Өмірбек Бәйгелді сайланса, Парламент Мәжілісінің төрағасы болып марқұм Марат Оспанов сайланды. Бүгінде Парламент Сенатының депутаты болып отырған Өмірбек Бәйгелді Қазақстанның заң шығарушы мекемесінің бір палатадан қос палатаға ауысуы салмақты, кәсіби заң шығаруға үлкен септігін тигізді дейді. Алайда мұнымен келіспейтіндер де бар. Енді бірі Қазақстан парламенттік мемлекетке ауысуы керек, дейді.

30-қаңтар күні қос палаталы парламенттің құрылғанына он жыл толды. 1995 жылы болған жалпы халықтық референдумнан кейін, Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, Конституцияға сәйкес заң шығарушы мекеме бір палатадан Сенат және Мәжіліс болып бөлінетін қос палаталы парламентке ауысты. 1995 жылдың соңында қос палаталы парламентке депутаттардың сайлауы өтті. Мәжілістің 67 депутатын округтар бойынша халық төрт жылға сайлады. Ал қалған 10 депутат партиялық тізім бойынша өтті. Сенаттың 30 депутатын аймақтардағы мәслихат депутаттары бес жылға сайласа, 7 депутатын президенттің өзі тағайындады. Міне осылайша құрылған қос палаталы парламентке осы уақытқа дейін үш рет сайлау өтті. Парламент Сенатының ең алғашқы төрағасы болған Өмірбек Бәйгелді бүгінде үшінші шақырылымдағы Сенат депутаты. «Азаттық» радиосына сұхбат берген Өмірбек Бәйгелді қос палаталы парламент бір мезетте құрыла салған жоқ, оған дейін қоғамда қаншама айтыс-тартыс, пікір-таластар болды деп еске алды.

– Қос палаталы парламентке көшер алдында көптеген елдің тәжірибелері зерттелді. Міне соның нәтижесінде екі палаталы парламент дұрыстау болады. Күрделі, үлкен мемлекетпіз деген шешім қабылданып жаңа Конституцияға осы енді, – дейді Өмірбек Бәйгелді.

Бірінші шақырымның алғашқы Мәжіліс төрағасы болған марқұм, қоғам қайраткері Марат Оспанов бес жылдың ішінде халыққа қажет заң шығарып, елдің экономикасының көтерілуіне елеулі ықпал жасады, – дейді Парламент Мәжілісінің бірінші, екінші шақырылымдарында депутат болған экономист Оразәлі Сәбден.

Ал Парламент Сенатының бұрынғы төрағасы Өмірбек Бәйгелді он жылдың ішінде қос палаталы парламент кәсіби заң шығару деңгейіне жетті, – дейді. Оның сөзіне қарағанда Жоғарғы Кеңес кезінде парламент саяси ұйымдарға өзара бөлінетін:

– Парламент қос палата болып құрылғаннан кейін елдегі жағдай біркелкі, байсалды бола бастады. Өйткені осының алдындағы Жоғарғы Кеңесте көп мәселелер ашық, артығырақ айтылып, қызу қанды адамдарға ілесушілер пайда болып әртүрлі ағымдар көбейіп бара жатты. Саяси ұйымдар пайда бола бастады. Олардың әртүрлі ұрандары пайда бола бастады. Міне осының бәрін ақырын бір салаға түсіру үшін екі палаталы парламент көп ықпал жасады, – дейді Сенаттың бұрынғы төрағасы.

Ал Қазақстан – АҚШ зерттеу институтының президенті Оразәлі Сәбден қазіргі парламенттің заң шығарудан басқа құзыреті жоқ, Қазақстанды парламенттік республикаға айналдыруымыз керек, дейді:

– Парламенттік президенттік мемлекетке ауысуымыз керек. Қазіргі парламент дәрменсіз. Депутаттар заң қабылдайды. Бірақ оның іске ауысуын қадағалай алмайды. Бюджет қабылданады. Жылдығ аяғында министрлікті, әкімдіктерді тексерген кезде бюджеттің игерілмей жатқан қаржысы өте көп болып шығады. Осы қатліктерді түзеу үшін саяси реформалар жасалып, парламентке қайта сайлау болу керек. Конституцияға өзгерістер енгізіп депутаттарды 150 адамға көбейту керек. Оның жартысы партиялық тізіммен сайлану керек. Бұл демократиялық жолдың бір қадамы болуы керек.

Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Әбішов он жылдың ішінде қос палаталы парламент мыңнан астам заң шығарғанын айтады. «Бірақ заң шығарудағы кәсібилік өзінің деңгейіне жеткен жоқ. Ал қос палаталы парламент керек пе, жоқ па, оны болашақ көрсетеді», – дейді Мәжіліс депутаты Болат Әбішов.

Ал Мәжілістің бұрынғы депутаты болған Оразәлі Сәбден қазіргі үшінші шақырымдағы парламентті таяу арада тарату керек деп есептейді.

– Парламентке депутат болып, профессиональды адамдар келу керек кәсіпкерлер емес, кешегі әкімдер емес. Парламентке саясаткерлер, саясаттанушылар, заңгерлер, экономистер секілді білікті адамдар керек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қазіргі парламентті тарату керек,– дейді Оразәлі Сәбден.
XS
SM
MD
LG