Accessibility links

Тәжікстанның заң орындары есірткі бизнесімен күресті күшейтпек

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы есірткі затын қадағалау жөніндегі агенттіктің дерегінше, соңғы алты жылда елдің шекара қызметі 20 тонна есірткі затын тәркілеп, әлемнің 50 миллион тұрғынын есірткі тәуелділігінен құтқарып қалған. Бұл жөнінде арнайы Алматыға келген аталған агенттік директоры, генерал-лейтенант Рустам Назаров мәлімдеді.

Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы есірткі затын қадағалау жөніндегі агенттіктің директоры, генерал-лейтенант Рустам Назаров өз елінде есірткі бизнесіне қарсы күрес мейлінше қатаң әрі ұдайы жүргізіліп келе жатқанын айтады.

- Бұл мәселе Тәжікстан мемлекетінің имиджіне сын болып отырғаны ең бірінші ел аумағында есірткі түрлерінің кең тарауына әлем бойынша апиын мен героиннің 80-85 пайызын өндіріп отырған Ауғанстан секілді мемлекетпен шекаралас болуымызда. Тәжікстанның 1344 шақырымындағы таулы аймақтарда Ауғанстан елімен шекарасы түйіседі. Ал мұндай жағдайда есірткі тасымалдаушылардың жолын толыққанды кесу мүмкін болмай отыр, - дейді ол.

Дегенменде аталған қиындықтарға қарамастан Тәжікстанның тиісті органдары қолынан келгенінше бұл мәселеде жұмыстар жүргізіп жатқанын және де Ресей шекарашылары кеткенімен тәжік-ауған шекарасындағы есірткі жолын кесуге, ел шекарасын күзетуге Тәжікстан мүмкіндігінің жеткілікті екенін айтады Рустам Назаров.

Сондай-ақ Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы есірткі затын қадағалау жөніндегі агенттіктің директоры, генерал-лейтенант Рустам Назаров өз елінде есірткі бизнесіне қарсы күрес қаншалықты деңгейде жүріп жатқанына мысал ретінде елдің құқық қорғау органдары 4 тонна 700 кг есірткіні Ауған есірткі тасымалдаушыларынан тәркілегендігін айтты.

Ал аталған агенттіктің баспасөз хатшысы Аваз Юлдашев бүгінде Ресей, Қырғызстан, Ауғанстан, Өзбекстан және Қазақстанның арнайы қызмет өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқандықтарын айтады.

- Өткен жылы қазақстандықтармен 5 ай бойы жүргізген арнайы операция нәтижесінде 500 кг есірткі тәркіленді, - дейді ол.

Және де болашақтағы жағдайларға болжам жасаған Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы есірткі затын қадағалау жөніндегі агенттіктің директоры, генерал-лейтенант Рустам Назаров өткен жылы Ауғанстанда 4100 тонна апиын жиналғанын атап өтті.

- Бұл жағдай биыл да өзгеріссіз қала береді. Яғни, ауған есірткісі әлемді шарлай береді, - дейді Р.Назаров.

Сонымен қатар Рустам Назаров бұл мәселеде өздеріне үлкен проблема туғызып отырған Ауғанстандағы есірткімен күрес бұл құқық қорғау саласының ғана мәселесі емес, саяси және сол елдің әлеуметтік те мәселесі болып отыр дейді.

Біз осы жайтқа орай қазақстандық жас саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың пікірін білген едік. Бұл ретте Айбар Қайнарұлы бүгінде Ауғанстанның есірткі мәселесі тек Тәжікстанның ғана проблемасы емес, әлемдік мәселеге айналып отырғандығын айтады. Ал Ынтымақ Қансейітұлы болса, Тәжікстан есірткі мәселесінде өзін қанша ақтап аламын дегенімен, оның көршісі Ауғанстан тұрғанда мемлекетке оң имидж жасай қою қиын дейді. Дегенмен тәжікстандық заң орындарының мамандары есірткі бизнесінің алдын алуда өз елдерінде жыл сайын алға жылжушылықтың бар екенін айтады.
XS
SM
MD
LG