Accessibility links

Ресейдің алғашқы президенті Борис Ельцин 75 жасқа толды


Борис Николаевич Ельцин Ресей тарихында алғаш рет жалпы халықтық дауыс беру арқылы сайланған Ресейдің тұңғыш президенті. Оны Свердловск облыстық партия комитетінен Кремльге алып келген сол кездегі Кеңестік Компартияның бас хатшысы М.Горбачев болатын. Тағдыр тәлкегімен сол М.Горбачевті советтік биліктен алған да, тәуелсіздік науқаны кезінде кейбір соққыдан сақтап қалған да, осы Борис Ельцин еді, деп хабарлады CNN теледидары сейсенбіде. Міне сол Б.Ельцин ақпанның 1-інде 75 жасқа толды.

Б.Ельцин жөнінде айтқанда, оның ең күрделі кезде - 1991-жылы бұрынғы кеңестік одақтың қирауы алдында, үкіметтік төңкеріс дерлік путч кезінде Кремльде болып, ең үлкен империяның бірінің күйреуі кезінде сол аласапыранның арасында болғанын еске алсақ та, аз дүние емес. Мысалы, 1991-жылы тамыздың соңғы аптасындағы төңкеріс кезінде Мәскеудегі Ақ үйдің алдындағы жұрт алдында, танктің үстіне шығып сөйлеуін қалайша ұмытарсың. Өзінің ерекше батырлығы, ойын ашып айтуы, одан бірер жыл бұрын Ресей федералдық социалистік республикасын Совет одағынан тәуелсіз егемен ел деп жариялауы арқылы бұрынғы кеңестік аймақта, тіпті халықаралық деңгейде үлкен беделге ие болғандығы да өтірік емес.

Советтік коммунист жетекшілердің іске асыра алмаған үкіметтік төңкерісі кезінде Б.Ельцин жұрт алдында былай деген болатын:

«Халық осыдан бірнеше жыл бұрынғы қорқыныш-үрейден арылды. Енді мен өз отандастарымды халық бірлігі үшін Ресейдің қайта өркендеуіне аянбай еңбектенуге шақырамын».

Сонау үлкен империядан енші алып, оның бар жауапкершілігін мойнына алу кімге оңай болсын. Оның үстіне 70-80 жылдай орталықтан басқарылған экономикалық байланыстар бір күнде тоқтап, демократия және нарықтық экономика деген таудай талап алдыңнан шықса, қандай қара нар болсаң да бірден көтеріп ала кету оңай бола қоймас.

Дегенмен ол кездегі ел алдындағы үлкен жүкті ол абыроймен көтере білді. Кейбір жағдайларға қарамастан, президент В.Путинның кеше әлем елдері журналистері алдында айтқанындай, Б.Ельцин Ресейдің даму үдерісіне өзінің елеулі үлесін қосып үлгірген саяси тұлға.

- Ол кездегі жағдайды әркім өзінше суреттейді. Ресей федерациясының 1-ші президентінің қызметіне түрлі баға беруге болады. Бірақ, бір нәрсе даусыз – сондай қиын кезде Б.Ельцин, Ресей халқы алдындағы аса ауыр жауапкершілікті мойнына алып, еркіндік жолындағы барлық өзгерістерді іске асыра білді. Бұл Ельциннің Ресейдің өркендеуі үшін қосқан аса үлкен тарихи үлесі еді, - деді В.Путин.

Өткен айда Юри Левада зерттеу орталығының жариялаған дерегіне қарағанда, сұралған 1600 адамның пікірінше, ресейліктердің 70 пайызы Ельциннің кезінде кедейшілік болды, одан келген жақсылықтан гөрі зияншылық басымдау болды депті.

Бірақ Б.Ельцин өз шама-шарқын дер кезінде байқады ма, көпшілік күтпеген жерден, 1999-жылдың соңғы айы, желтоқсанның соңғы күні, Жаңа жылдық құттықтауында өзінің президенттік қызметтен кететіндігін айтып, әлемді бір таң қалдырды.

- Қадірлі Отандастарым, мен бүгін Ресей президенті ретінде сіздердің алдарыңызда соңғы рет мәлімдемемен шығып отырмын. Ұзақ ойлана келе мен қиын бір шешімге келдім. Мен бүгіннен бастап президенттік қызметімді тапсырамын, - деген болатын ол сол Жаңа жыл басында.

Сонымен, өз орнына, тағы да күтпеген жерден, кезінде КГБ қызметкері болған В.Путинді қойып кетті! Бірақ, алдымен Путинді біршама уақыт үкімет басына қойды. Бұл мұрагері жөнінде Б.Ельцин «Итоги» апталығында: «мен өз орныма еркіндік, нарықтық базар құндылығын және өркениетті әлеммен өзара байланысты бағалайтын адам іздедім. Сондай ерік-жігері күшті адам табылды да. Сол Путинді халық та қалап, оған дауыс берді», деді.

Мәскеудегі Карнеги орталығының талдаушысы Николай Петровтың айтуынша, Путин өз ұстазы, ізашарының жолын айна-қатесіз сол күйінде жалғастырып отырған жоқ.

- Ельцин демократиялық бағытты таңдады. Тап-таза демократ болмаса да, халықтық саясатты ұстанды. Ол өзі таңдаған саяси жолмен билікке келді. Ал Путин болса – технократ. Өзге мектептің өнімі. Ол халықтық саясат емес, қатаңқолды, жартылай әскери басқару жолын қалайды. Оған Путинның бірқатар арнайы операциялары дәлел, - дейді талдаушы.

Петровтың пікірінше, В.Путин Ельцинмен салыстырғанда, президенттік таққа, Ресейдегі саяси, экономикалық жағдай біршама тұрақтаған кезде келді. Сондай-ақ, табиғи байлық - мұнайдың бағасының көтерілуі де Путинге үлкен тірек болып тұр екен.

Ал егер Б.Ельцинның кезінде қазіргідей жоғары экономикалық деңгейдегі байлық болғанда, онда Ельциннің қалдырған мұрасы жөнінде, ол туралы басқаша баға берген болар едік, дейді мәскеулік саяси талдаушы.
XS
SM
MD
LG