Accessibility links

Кейбір елдердің бұрынғы жетекшілері жасаған қылмысы үшін оларды соттау неге өте қиынға түсіп отыр?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Бұрынғы Югославияның бұрынғы президенті Слободан Милошевичтің қылмыстары үшін сот үдерісі 4 жылдан бері жалғасып келеді. Ал Ирақтың бұрынғы диктатор жетекшісі Саддам Хұсейннің үстінен сот өте кеш басталып, енді оның өзі қашанға дейін жалғасатындығы беймәлім қалып отыр.

Жалпы алғанда қылмыскерлігімен белгілі болған ресми жетекшілердің әділ сот алдында жауап беріп, тиісті жазасын алуы неге қиынға түсүде? Тарихи деректерге қарасақ, шындығында, бұрынғы тиран, диктатордың халқына жасаған қатыгездігі, қылмысы бойынша әділ сотқа шақырылуы қашанда қиын болған екен. Тіптен осыдан оншақты жыл бұрын әскери немесе адамзатқа қарсы қылмысы үшін, мемлекет немесе үкімет басшысының сотталуы жөнінде көпшілік жұрт естімеген де болатын. Ал қазіргі кезде Еуропадан Африка, Таяу шығыс, Латын Америкасына дейінгі елдерде ондаған ресми басшылық үстінен қылмыстық іс қозғалып отырғандығы шындық.

Соғыс қылмыскерлері бойынша көптеген дәйекті дерек жинаған британиялық заңгер адвокат Джоунз Гаагадан тұрып былай дейді:

– Соңғы онжылдықта бұл салада қозғалыс бар. Бұл орайда қылмыскерлігі үшін халықаралық трибуналға берілген бұрынғы Югославия мен Руанданың бұрынғы жетекшілерін атағым келеді. Елбасылардың қылмыскерлігімен қазіргі кезде Гаагадағы халықаралық сот, сондай-ақ, Сьерра-Леона, Шығыс Тимор және Камбоджадағы біріккен ұлттық және халықаралық арнайы соттар шұғылдануда.

1997-жылы Африка елдерінің бірі Руанданың бас министрі Жан Қамбанда тұтқындалып, оны БҰҰ тағайындаған сот 2000-жылдардағы қылмыстық әрекеттері, атап айтқанда 1994-жылғы жаппай адам қырғыны үшін, айыпқа тартып, өмір бақи түрмеге жапты.

Бірақ, Еуропа мен Араб елдерінде бұрынғы диктатор басшыға қылмыскерлік үшін айыпты заң жүзінде қойып, жазалау онша оңайға түспей отырғандай. Мысалы, бұрынғы Югославияның бұрынғы диктатор басшысы С.Милошевичты Гаагадағы халықаралық трибунал 4 жылдан бері соттауда. Ал Ирақтың тақтан құлатылған жетекшісі, қатыгездігімен белгілі Саддам Хұсейннің қылмысы бойынша сот үдерісі алдағы кезде қаншаға жалғасатындығын айтуды өзі қиын болып тұр. Ал Саддамға қылмыс ретінде қойылатын айғақты дерек-мәлімет жетіп артылады, дейді талдаушылар.

Сонда ол жетекшілердің қылмысын олардың мойнына қойып жазалауға не кедергі болып отыр екен деген сұрақ туындайды. Гаага сотындағы Британиялық заңгер Джонстің тілшімізге айтуынша, бұрынғы жетекшіні соттаудағы кедергінің бірі – қылмысты дәлелдегі кейбір даулардың туындауы болып тұр екен.

Заңгердің айтуынша, қазіргі кезде командалық, топтық жауапкершілік деген шығып, уақыт өтісімен соғыс майданындағы қылмысқа үкімет басшысы ма, әлде әскери жетекші кінәлі ме, оны дәлелдеу қиынға соғып отырғандай. Мысалы, Ирақ сотының алдында Саддамның 1982-жылы Бағдадтың солтүстік ауданында 140 шақты шиит мұсылманын өлтірген деген мәліметті нақты дәлелдейтіндей айғақты дерек қажет. Қаңтардың 29-ынан Саддамның соты қайта жалғасты. Бірақ ә дегеннен-ақ Саддам Хұсейннің жақтаушылары бұл сот заңсыз деген шағым жасап отыр. Себебі ол сот АҚШ басқыншылығы кезінде тағайындалған деген уәж айтады, олар.

Дегенмен Адам құқықтары ұйымынан заңгер Бродидің айтуынша Саддамға тағылатын айыптар жеткілікті.

- Саддам жасағын қылмыстар өте ауыр. Оған жеткілікті дәйекті дерек, куәлік бар. Бұл сот арқылы, Саддамның қылмыскерлігі жөнінде әлемдік деңгейде шындықты айтуға мүмкіндік туып отыр, - дейді заңгер.

Сонымен, өз халқына жасаған қылмыскерлігімен белгілі болғандарға келсек, бұл орайда жоғарыдағылармен қоса тағы 5-6 жетекшіні атауға болар еді. Солардың әлемге әйгілілері – Чилидің бұрынғы диктатор президенті Аугусто Пиночет және сол Чили еліне көршілес Перудың бұрынғы президенті, тегі жапондық Алберто Фухиморидің үстінен қозғалған соттың немен тынары әзірше белгісіз қалып отыр. Сондай-ақ халықаралық адам құқықтары ұйымдары Либерияның бұрынғы диктатор жетекшісі Чарлз Тейлор және Чад елінің қатыгез басшысы Хиссен Хабренге айып тағып, әділ сотқа шақыруды талап етіп отыр.
XS
SM
MD
LG