Accessibility links

Қазақстанда 12 мыңнан астам үй құсының көзі жойылды


Қазақстанда 12 мыңнан астам үй құсының көзі жойылды, бірақ шығын шеккен елді мекен тұрғындарының тек 500-іне өтемақы берілді. Бұл туралы ақпанның бірінші күні Мемлекеттік санэпидқадағалау департаментінің өкілі Майра Жүсіпова хабарлады. Оның айтуынша, құс тұмауынан сақтану үшін шикі пісірілген жұмыртқа және құс етін жеуден аулақ болу керек.

Қазақстанда құс тұмауынан сақтану үшін бірінші кезекте құстарды өртеді. Павлодар облсындағы құс фермасындағы барлық құс өлтірілген. Өйткені бұл облыста болжам бойынша құс тұмауынан 600 құс өлген. Мемлекеттік санэпидқадағалау департаментінің өкілі Майра Жүсіпованың айтуынша, құс тұмауымен күресуге 15 миллион теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін, 12 мыңнан астам құс өлтірілген, бірақ, шығын шеккен елді мекен тұрғындарына өтемақы тек 500 құсқағана берілген.

Оның сыртында құстардың өлуі Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелді. Астанада әзірге ауырған құстар жоқ, бірақ, құс саны азайтылып жатыр. Мемлекеттік ветинспектор Гүлсімай Жарылқасынованың айтуынша, Астананың өзінде 8 мыңнан астам құс бауыздалған:

- 2006 жылдың 1 қаңтарына дейін қалада 13191 бас құс болатын. Қазір құс тұмауының қаупіне байланысты 4553 басқа дейін азайды.

Ал, тауық қаздарынан айырылып қалып шығынға батқан адамдарға өтемақы төлеу мәселесі толық шешілмеді. Өйткені оның көлеміне тұрғындар риза болмай отыр. Мысалы Шымкентте өлтірілген әр тауыққа 300 теңге берілді, ал, қаздарынан айырылғандарға 1000 теңге төленді. Мемлекеттік бас ветинспектордың орынбасары Мағиза Есілованың айтуынша, бауыздалған құстардың ақысы тек ауру құс иелеріне беріледі:

- Егерде құстар ауырса, онда, өтемақыны мемлекет береді, ал, біздің қалада ауру құстар жоқ.

Ал, Қарағанды облысындағы құс фабрикасының иесі кәсібімнен айырылып қаламба деп тұрғындарға өз құстарының дені сау екендігін дәлелдеуге тырысты. Ол тіпті құс етін шикідей жеуге келіскен. Ал, мемлекеттік ветинспектор Мағиза Есілованың айтуынша, ет түгіл шикі пісірілген жұмыртқа жеуден аулақ болу керек:

- Сақтану үшін ең біріншіден құс етін көбірек қайнату керек. Арнайы сататын жерден алу керек. Даладан беталды сатып жүрген адамдардан алмау керек.

Көп ұзамай Қазақстанға жабайы құстар ұшып келеді. Сондықтан ауыл тұрғындарына өз құстарын қоралардан шығармау тапсырылды. Бірақ, ветиринар дәрігерлердің бұл кеңесін ауыл тұрғындары тыңдайтыны шамалы, дейді бақылаушылар. Аңшылық мерзімі кезінде жабайы құстарды атуғада тыйым салынуы мүмкін. Бұлда шығын әкеледі, дейді экономистер. Өткен жылы тек Қарағанды облысына аңшылардан түсетін жарты миллион теңге түспей қалған. Ал, дәрігерлер болса, ауру болғанша шығынға батқан дұрыс, дейді. Мемлекеттік санэпидқадағалау департаментінің өкілі Майра Жүсіпованың айтуынша, әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мамандарының есебінше вирустың жаңа түрі пайда болса, әлемдегі әр бір екінші адам мерт болуы ықтимал.

Ауыл шаруашылық министрлігінің өкілдері тым абайлап кетуіміз мүмкін, бірақ, сақтықта қорлық жоқ деп отыр. Қазір Қазақстан облыстарына құс етінің сыртында оларға берілетін азықты енгізуге тыйым салынды. Соның кесірінен циркпен зообақтардағы құстарға арналған азықта елге енгізілмейтін болды. Қазақстанға құс еті негізінен АҚШ-тан және тағы азғантай бөлігі Ресейден енгізіледі. Ал, Ресейде құс тұмауы тіркелген болатын. Сондықтан Қазақстан тұрғындарына ескерту жасалып жатыр. Астананың салауатты өмір салты орталығының бастығы Еркін Томпиевтің айтуынша, Астанада құс тұмауының алдын алу шараларына арнайы қаржы бөлінген:

- Қазір біз қала бойынша тренинг, лекция, мәжіліс өткізіп, плакат буклет, бейнеролик шығарып жатырмыз. Бюджеттен жарты миллион ақша бөлініп отыр, сол ақшаға бейнеролик шығарамыз.

Кейбір елді мекендерде жылдар бойы жиналмай жатқан құс тезегі тазаланып жатыр. Дегенмен әзірге Қазақстанда құс тұмауын жұқтырған адамдар тіркелмеді. Әйтседе, дәрігерлердің айтуынша құс тұмауы өте қауіпті. Ол адамнан адамға тараған жағдайы тіркелмеген. Бірақ, вирус өздігінен өзгеріп құстан адамға жұғуы да мүмкін, дейді мамандар. Дәрігерлердің айтуынша, құс тұмауы бар тауық немесе қаз еті тоңазытқышта жатса ондағы вирус жылдар бойы өлмейді екен.
XS
SM
MD
LG