Accessibility links

Мәжіліс депутаты Михаил Трошихин: “Қазақ тілін оқып үйрену - басты мақсатымыз”

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ақпанның 1-і күні Алматыда Қазақстанның орыс-славян және казак ұйымдарының қауымдастығы кезекті мәжілісін өткізді. Мәжіліске жиналған қауымдастық өкілдері Қазақстандағы өзге де славян мәдени орталықтарын осы қауымдастыққа бірігіп, ортақ мақсатта жұмыс істеуге өз мәдениеттері мен тілдерін жандандыруға ат салысуға үндеді. Мәжілісте сөз алған қауымдастық өкілдері орыс тіліне қатысты Қазақстан Конституциясында көрсетілген нормалардың сақталмай отыр дегенді айтты.

Қазақстанның орыс-славян және казак ұйымдары қауымдастығынің кезекті жиыны өткен жылды қорытындылау болғанымен орыс тілінің тағдырына арналды. Мұндай жиынның жылына бір рет өткізілетіндігін айтқан аталмыш қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Анатолий Чесноков:

“Славян халықтарының мәдениеті мен тілін өркендетуге Қазақстандағы славян халықтары мәдени орталықтарының бірігіп жұмыс істеуі маңызды. Бүгінгі өзекті болып отырған мәселе – орыс тілінің қолданылу аясын сақтап қалу”, - деді.

Ол өз сөзінде, соңғы уақыттары Қазақстанда мемлекеттік тілді жандандыру ісі қолға алына бастағалы бері 70 жыл Кеңестер Одағында үстемдік құрған орыс тілінің қағажу көріп қалған жайы бар деген пікірін жайып салды. Бұл әсіресе Қазақстанның оңтүстік аймақтарында күрделі болып отыр деді А.Чесноков.

Ал қайда барсаң да қазақ тілінің өркендеп кеткендігін айтқан “Види” халықаралық қайырымдылық қорының президенті Валентина Печуова:

“Қазақстан Конституциясында іс-қағаздары екі тілде жүргізілсін деп жазылмаған. Біз мемлекеттік тілді енгіземіз деп жүріп орыс тілінің аясын тарылтудамыз”, - деді.

Оның айтуынша, тарихи отандарында білім алып қайтқан жастар Қазақстанда жұмысқа орналаса алмауы себепті, олар туып-өскен жерлерінен жыраққа кетуге мәжбүр болып отыр екен.

Қауымдастық өкілдерінің осындай пікірлерінен құлағдар болған Мәжіліс депутаты Михаил Трошихин: “Егер біз балаларымыз бен немерелеріміздің жақсы қызметте, басқару орындарында, билікте болуын қаласақ, онда алдымызға орыс тілін емес, қазақ тілін оқып-үйренуді мақсат етіп қоюымыз керек” деді.

“Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінде ешқандай қиындық жоқ деп ойлаймын. Орыс мектептері қазақ мектебінен көп болмаса аз емес. Қаншама газет-журналдар, теле-радиолар бар. Мен өз басым осында өз ана тілін ұмытып қалған орыстарды көргенім жоқ. Қазақ тілі Қазақстанда көгермесе қайда көгереді? Кезінде бір ғана Кеңес одағының халқымыз деп Хрущев: “Коммунизмге тезірек жету үшін орыс тілін білу керек” деген болатын. Ол заман өтті. Енді біз егемен елміз”, - дейді журналист Мінуар Әкімханов.

Ал Қазақстанның ұлтшыл патриоттары ақпанның 2-сі күні Алматыда бас қосып, “Менің тілім” деген тақырып аясында қазақ тілінің мәселенін талқыламақ.
XS
SM
MD
LG