Accessibility links

АҚШ президенті Дж.Буш халыққа арнап жолдау жасады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қаңтардың 31-інде кеште сөйлеген сөзінде АҚШ елбасы Джордж Буш өзінің өктемшіл сыртқы саяси бағытынан қайтпайтындығын айтты. Осы саясаты үшін Америка халқы арасында Буш мырзаны қолдаушылар саны азая түскен, дейді сарапшылар. Конгрестің бірлескен сессиясында жасаған жыл сайынғы жолдауында Буш мырза бұл бағыттан кері шегіну Американы тұйықталуға алып барады, деді.

Елбасылық қызметінің соңғы үш жылында халықаралық лаңкестік әрекеттерге қарсы күресті одан әрі жалғастырып, Ирақтағы ұстанған бағытын және әлемге демократияны тарату саясатын жалғастыра беретіндігін айтты.

“Біздің жауларымыз бен достарымыз мына мәселені білсін; Құрама Штаттар әлемнен тұйықталып қалмайды және ешқашан зұлымдыққа тізе бүкпейді”, - деді Буш мырза.

АҚШ елбасы өз сөзімен айтқанда “тұйықталудың жайлылығы” деген идеяны жалған деп, жоққа шығарды. Осы айтылған саяси бағытына қоса оның әкімшілігі бұдан бес ай бұрын Катрина дауылы салдарларына орай дер кезінде шаралар қолдана алмағаны үшін, 2005-ші жыл Буш үшін қолайсыз жыл болды. Өткен екі ай ішінде көптеген қоғамдық пікірлерді зерттеу барысы оны қолдаушылар санының 40 пайыз төңірегінде екендігін анықтағын. Сондай-ақ бір жылдан бергі аралықта бүкіл әлемге, оның ішінде Таяу Шығысқа демократияны өрістету жөніндегі Буштың ұмтылыстары ресми Уашингтон үшін қолайсыз қорытындыларға алып келді. Атап айтқанда, Израйльді жою идеясын қолдап келе жатқан Хамас тобы өткен аптада, Палестина парламентіне сайлаулар барысында басым дауыспен жеңіске жеткен. Хамас тобы Израйльді мойындамайынша ол топпен өз әкімшілігінің іс жүргізбейтіндігін Буш мырза аталған үндеуінде тағы да айтты.

Жылдық осы арнауында АҚШ елбасының ұсынған бастамалары байсалды және негізінен ішкі мәселелерге арналды, дейді талдаушылар. Атап айтқанда зейнет және медициналық көмек көрсету, сондай-ақ ұлттық мектептерде ғылыми және математика пәндерін оқыту, сонымен бірге қосымша энергия көздерін өндіру мәселелеріне тоқталды. Буш мырза кең және жаңа тұрғыда баламалы энергия көздеріне орай зерттеулер жүргізуге шақырды. Атап айтқанда, алкогольге негізделген этанолдан энергия көздерін өндіру баса айтылды. Осындай шаралар арқылы 2025-ші жылға қарай АҚШ-тың Таяу Шығыстан мұнай сатып алуды 75 пайыз деңгейіне түсіру көзделуде екендігін Буш мырза айтты.

Елбасы Буштың бұл жолғы арнауында мұнай өндірілетін тұрақсыз жағдайға ие елдің бірі ретінде Иран аталып отыр. Иранның ядролық бағдарламасына байланысты Құрама Штаттар мен Еуропа елдері алаңдаушылық танытып келе жатқаны белгілі. Осыған орай Иранға байланысты сауал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарауына берілмекші. Буш мырза бұл саясаттың Иран өкіметіне бағытталғандығын айта келіп, Иран халқы мен Иран елін сыйлайтындықтарын бас айтты. Ол сондай-ақ халықаралық лаңкестік әрекеттерге қарсы күресін тоқтатпайтындығын да ескертті. Ауғанстандағы Талибан қалдықтары, Ирақтағы көтерілісшілер және әл-Қайда мүшелерімен күрестің жалғаса беретіндігіне тоқталды.

Кейбір сарапшылар пікірінше, Буш мырза сыртқы саясат бағытына тоқталмай-ақ қояр деп күтілген болатын. Яғни оның Ирақ саясатын жақтаушылардың аздығына және Хамас тобы жеңісіне мегзейтін жайлардың айтылмауын қалаған еді. Алайда, Кортландтағы Нью-Йорк университетінің саяси ғылымдар бойынша профессоры Роберт Спитзердің пікірінше, керісінше Буш мырзаның сыртқы саясат сауалдарына тоқталмауы оның жеңілісін мойындағанындай болар еді.
XS
SM
MD
LG