Accessibility links

Әділет министрлігіндегі шенеуніктердің жемқорлығына қатысты 29 қылмысты іс қозғалды


Бас прокуратура өткізген тексеру көрсеткендей, Қазақстанның Әділет министрлігіндегі бірқатар шенеуніктердің жемқорлығына қатысты 2005 жылы 29 қылмысты іс қозғалған. Бұл туралы 2-ақпанда Әділет министрі Зағипа Балиева алқа отырысында хабарлады. Оның айтуынша, бұдан былай тоқсан сайын бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен министрлікке кіретін органдардың жемқорлықпен күрес жұмыстарының есебі тыңдалады. «Бастапқы кезде біз жемқорлық бар мекемелер тізімінің басына шыққанымызбен кейінірек ашықтық арқасында тізімнің соңына жақындаймыз», дейді министр.

Әділет министрінің айтуына қарағанда оның ұсынысымен прокуратура әділет органдарына тексеру жүргізген. Ал, осы жылдың қаңтар айында өткізілген тексеру көрсеткендей, прокуратура анықтаған кемшіліктер әлі де бар көрінеді. Тек соңғы аптада Ұлттық қауіпсіздік комитеті әділет органдарының қызметкерлеріне қарсы 3 қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы комитет өкілі Хамза Ыбыраев хабарлады. Зағипа Балиеваның айтуынша, Әділет министрлігінің мәліметінде, осы мекеме органдарының өкілдері пара алғаны, қызмет баптарын пайдаланғаны, бөтен адамдардың мүліктерін өздеріне жазғызғаны айтылыпты. Әділет министрінің орынбасары Дулат Құсдәулетовтың айтуынша, прокуратура бірнеше жемқорлық фактілерді анықтаған:

- Өткен жылдың ішінде 26 кісіге қылмыстық іс қозғалды. Ол көбінесе қылмыстық атқару және тіркеу комитеттері, себебі олардың мүмкіншіліктері бар, жұмысы ашық болмаған. Төлқұжаттарды дайындауда біреулер асықса пара берген. Қазір ол тәртіп өзгерді, тез істеткіңіз келсе арнаулы ақы төлеңіз. Оған бола ешкімге пара берудің керегі жоқ.

Бірақ, негізгі сын жылжымайтын мүлікті тіркеу органдарына қатысты болды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының жылжымайтын мүлік орталығының директорына мемлекеттік тапсырыс рәсімдерін айналып өтіп, 150 мың долларға Өскемен қаласынан коттедж алынған. Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, Алматы қаласының жылжымайтын мүлік орталығы мерекелік шараларға 2 миллион теңге жұмсаған, жылжымайтын мүліктерін тіркеу үшін оралмандардан заңсыз ақша алынып отырған. Монополияға қарсы комитетке ұсынылмаған тарифтер бекітілген.

Алматы қаласының жылжымайтын мүлік орталығының директоры Қуанышбек Естаевтың айтуынша, мерекелік шараларға жұмсалған ақша мекеме табысының бір пайызы ғана, ал қалған ескертулер бойынша ол былай дейді:

- 2 миллион теңге, ал біздің табысымыз, мысалы, 555 миллион теңге. Жұмыстан кейін қызметкерлердің спортзалға баруға қақысы бар ғой, оған ақша керек, мен оны қалтамнан алып салмаймын ғой.

Айта кететін жайт, осындай орталық жарғыларында мерекелік шараларға тек 50 мың теңгені жұмсауға рұқсат берілген. Бірақ, іс жүзінде жұмсалатын ақша бұдан әлдеқайда көп. Содан болар мүлікті тіркейтін орталыққа жұмысқа тұрғысы келетіндер де көп деген ақпарат бар. Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, ол министр қызметіне отырған бірінші күні-ақ оған жылжымайтын мүлік орталығына қызметке орналастыруға септігін тигізуді сұрап телефон шалушылар болған.

«Алғашында мен неліктен олардың ондай қызметке барғысы келетінін түсінбедім, сөйтсем, заңды сақтайтын басқа азаматтар тиісті пайызын төлейтін несиені банктен алса, біздің қызметкерлер пайызын төлемей-ақ әлгі мекемеден қарыз ақша алады екен», - дейді министр.

Алматы қаласының жылжымайтын мүлік орталығының директоры Қуанышбек Естаевтың айтуынша, прокуратура тексерістерінен кейін тек бір адам ғана қызметінен босатылған:

- Қызметтен бір адамды қысқарттық - бірінші орынбасарымды. Қалғандары жұмыс істеп жатыр. Қазір тіпті қылмыскерлерге рақымшылық беріп жатыр ғой. Өмір бақи қаралай беруге болмайды ғой. Кінә болады жұмыс істеген соң. Ал ссудалар бойынша бастық айтады, береміз, несі бар екен? Мен көшедегі біреуге беріп жатқан жоқпын. Біздің өзіміздің жұмысшылар. Қаза болады, жағдай болады, үйі жоқ, ондай жарғыда бар. Енді қазір берме деп жатыр, бермейміз.

Әділет министрлігінің ішіндегі органдарға жататын нотариустерге қатысты да көп сын айтылып жүр. Бірақ, бұл саладағы жұмысты біз ретке келтіреміз, дейді Әділет министрінің орынбасары Дулат Құсдәулетов:

- Нотариустарды қызметке байқаумен алатын. Сол туралы дұрыс емес сөздер көп болған соң қазір тағайындайтын комиссияға БАҚ-тарды, депуттарды, үкіметтік емес ұйымдарды кіргіземіз. Сонда 5-6 кісі емес, 15 кісі болса, олар қалай келіседі?

Ал, Астана көшесінде біз сауал жүргізген жұртшылық өкілдерінің бұл мәселеге қарасты көзқарастары ұқсас:

- Жұмысқа кіру үшін пара сұрайды, Қазақстан деп келіп едік, қазір қор болып жүрміз.

- Кез келген жерде бар пара деген. МАИ тоқтатады - бересің, қазір олар батыл сұрайды. Дәрігерлер сұрайды, бас дәрігеріне сұрайды. Мектепте мұғалімдер директорға жинайды. Поезға билет алу үшін үстіне мың теңге берсеңіз кез-келген уақытта билет болады. Ол жемқорлық емей немене? Соттау керек бәрін.

- Жемқорлық ешқашан бітпейді, ол қанға сіңген, бүкіл жерде беріледі!

- Еңбекақыны көтеру керек, қазір шенеуніктер аз алады, мысалы, МАИ қызметкерлері 30 мың алады ма, оның да отбасы бар. Ол сұрап алса, біз неге бермейміз?

Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, соңғы жылдары Қазақстанда ахуал өзгерген. Өзбекстанмен салыстырғанда пара беру дәстүрден шыққан, дейді ол.
XS
SM
MD
LG