Accessibility links

Ресей мен Украинаның жақында табиғи газ бағасы жайында араздасқаны Еуропаны газбен қамту мәселесіне кең көлемде назар аудартты. Себебі, екі ел дауына бола Еуропаға келетін газ көлемі біршама қысқарып та қалған еді. Ресей мен Украина 4 қаңтар күні келісімге ақыры қол жеткізді, орташа шешім табуға Түркіменстаннан арзан газ келеді, сол арзан газдың арқасында қоспа жасалады делінді. Енді міне Түркіменстан президенті Сапармұрад Ниязов түркімен газын сыртқы базарларға көбірек шығару ұмтылыстарын жасап жатыр. Осылайша Түрікменстан өзінің бірден бір табиғи қорынан пайда табудың тағы да бір амалын қарастырып жатыр.

Түркіменстан газының көпшілігі Ресей мен Украинаға шығарылады, екеуіде газды келісім бағамен алады. «Интернешнл ойл дейли» басылымына қарағанда, Ресей биыл 30 миллиард текше метр газ алмақ, бір мың текше метр газдың бағасы 65 доллар деп белгіленді. «Файненшл таймс» газеті 5 қаңтарда жазғандай, Украинаға түрікмен газы биыл бір мың текше метр үшін 50 доллардан сатылмақ. Ал енді Батыс Еуропада газдың бір мың текше метрі 200 доллардан асып кетті. Түркімен газы сыртқа қайда апарылса да Ресейді айналып өте алмайды. Сондықтан да болар Түркіменстан басшылары Транскаспий газ құбыржолы жобасы жайында дипломатиялық әрекеттерін күшейтті. Президент С.Ниязов 30 қаңтарда Түркия елшісі Хакки Әкіл және АҚШ елшісі Трейси Жакобсонмен кездесті. Ресми Ашхабад жақын арада Ауғанстан және Пәкістан сыртқы істер министрлерін шақырып, Ауғанстан арқылы Түркияға шейін салынбақ құбыржолдың мәселесін талқылайды.

Түркімен газының арзан бағасы Ресей мен Украина арасында әзер табылған келісімде өте маңызды болып отыр. 23 қаңтар күні Ниязов Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. «Коммерсант» газеті келесі күні жазғандай, Ниязов газ бағасы көтерілмейді деген кепілдемесін не Ресейге, не Украинаға бермей отыр. Ниязов Мәскеуде, сол сияқты, «ЛУКойл» компаниясының басшысы Вагит Алекперов және Кремльге кіріптар ықпалды тұлға Олег Дерипаскалармен кездесіп, Түркіменстанға әкелінбек Ресей инвестициялары туралы сөйлесті. Ал Мәскеу сапарының алдында Ниязов Қытай үкіметінің өкілі Жаң Гюобаоны қабылдаған болатын, бұл кісі Қытай ұлттық даму және реформа комиссиясында министр орынбасары. Ниязов көктемде Қытайға бармақ, екі арада жасалып жатқан келісім жобасы бойынша Түркіменстан болашақта Қытайға жыл сайын 30 миллиард текше метр газ сатпақ. Қытай бағытындағы құбыржол Өзбекстан арқылы өтпек.

Түркіменстан газ саудасында қазіргі серіктестерімен және серіктес боламыз деген елдермен белсенді түрде келіссөз өткізіп жатыр, газ бағасы жайында өтіп жатқан келіссөздерге де ықпал жасалып жатыр. Бұл жерде Ашхабадта ағылшын тілінде шығатын "Ньюс Сентрал Ейже" сайтын атап өткен жөн. Бұл сайтты пәкістандық журналист Тариқ Сайеди басқарады. Энергетика мәселесінде, басқа маңызды мәселелерде сайт үкімет көзқарасын жақтайды. 31 қаңтарда жарияланған мақаласында "Ньюс Сентрал Ейже" сайты Ресей мен Украина дауы "орыстарға енді сенуге болмайтынын көрсетті" деген ойды қозғайды. Мақала авторы Тариқ Сайеди Орталық Азия газын сыртқа Иран мен Түркия арқылы, Ауғанстан мен Пәкістан арқылы, Каспий теңізінің табанымен шығаруға болады деген жобаларды қарастыра келе ең тиімді жол Ауғанстан арқылы болады деп ой түйеді.

Баға мәселесіне келгенде "Ньюс Сентрал Ейже" сайты түркімен газы тым арзанға сатылып жатыр, баға әділ болу керек деген ойды қозғап отыр. Сонда мақала авторы әділ бағаны қанша дейді екен? Автордың ойынша, Ресей Батыс Еуропаға сататын газдың бір мың текше метріне 230 доллардан алып отыр. Тасымал құнын алып тастағанда, Ресейдің "Газпром" компаниясының 15 пайыз пайдасын алып тастағанда, бір мың текше метр түркімен газын Ресей 170 доллардан алу керек делінеді. Ал енді Түркіменстан бір мың текше метр газды Ресейге қазір 65 доллардан сатып отыр. Міне, Түркіменстан газ дипломатиясының күшейгенінің артында осындай алып көлемдегі мүдде жатса керек.
XS
SM
MD
LG