Accessibility links

Ауғанстандық ресми топ өкілдерінің Лондон конференциясының нәтижелеріне көңілі толып отыр


Ауғанстанның келешегіне арналған Лондон конференциясы ақпанның 1-күні кешке өз жұмысын аяқтады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жиын жоспарланған мақсаттың бәріне қол жеткізгендей.

Бірден айта кететін нәрсе, кезінде советтік империяның тауқыметін барынша тартып, тәліптерге таланып, артынан АҚШ-тың терроршылықпен күрес науқаны кезінде талай от-жалыннан өткен Ауғанстанға қызыл сөз, саяси сьезд емес, Ауғанстанның қайта құрылуы үдерісін жеделдету үшін нақтылай қаржы, техникалық, экономикалық көмек зәру екендігі белгілі. Сондықтан, Лондон жиынына келген өкілдер, Ауғанстандағы қайта құру шарасына, бәрі болып, 10,5 млрд доллар қаржы жинап береміз деген уәдесін айтқан.

Сонымен, алғашқыда өте сақтық оптимизммен басталған конференция көтеріңкі көңілмен аяқталды. Бұл көңілді жағдайға орай Ауғанстан Қаржы министрі Ануар ұл-Хақ Ахади ол халықаралық көмек жөнінде былай деді:

- Біз күткеннен әлдеқайда молырақ қаржылай көмектің болатындығына аса ризамыз. Соңғы екі күн ішінде Ауған елі үшін көрсетілген қолдаудан біз ерекше сезімде қалып отырмыз.

Министр Ахади сондай-ақ, уәде беріп, онысын орындай алмаған донор елдерге түсіністікпен қараған жөн дейді.

- Кезінде сөз берген елдердің бәрі дерлік уәдесін орындады, - деді ол.

Ауғанстанның қаржы министрінің орынбасары, президент Қарзайдың экономикалық мәселе бойынша кеңесшісі Шахранидің атап өткеніндей, Лондон бас қосуы Ауғанстан үкіметіне деген Халықаралық қауымдастықтың сенімін байқатқан.

– Біз бұл аса маңызды жиынның нәтижесіне өте ризамыз. Біріншіден, халықаралық қауымдастық Ауғанстан бұл иелік құқын пайдаланып, өз бастамасымен іске кірісетіндігіне көзі жетіп отыр. Екіншіден, бұл көмек нәтижесінде, Ауғанстан өз ұлттық стратегиясын белгілеп оны дамытуға кірісер деп үміттенеді, - дейді қаржы министрінің орынбасары.

Шахранидің пікірінше, Лондон конференциясының нәтижесінде, Ауғанстанның Ұлттық даму стратегиясына қолдау көрсетіліп, азаматтардың құқығын қорғауда, қауіпсіздікті нығайтуға қажетті шаралардың іске асуына кепілдік береді. Қаржы министрі орынбасарының айтуынша, соңғы екі-үш жылда 6 млн-дай ауған баласы мектепке қайта тартылған.

- Халықтың 75 пайызы денсаулық емдеу қызметін пайдалана алады. Бірқатар негізгі күре жолдар жөнделіп, қайта іске қосылған немесе жаңасы салынған. Міне, енді Азия даму банкының көмегімен Өзбекстаннан электр қуатын алу мүмкіндігі туып отыр, - дейді Шаухани.

Тәлиптер билігі кезінде салынған тиымға қарамай, әйел-қыздарға құпия, жасырын түрде дәріс берген Парламент мүшесі Иухрия Барақзай ханым Лондон бас қосуы нәтижесіне өзінің риза екендігін былайша жеткізді:

- Бұл Ауған халқы үшін үлкен көмек. Күн тәртібіндегі талқылаулар өте пайдалы болды. Енді елімізде үлкен өзгерістер жасауға мүмкіндік туып отыр, бірақ үкімет енді белсендірек іске кіріскені жөн, - дейді Баракзай ханым.

Дегенмен, халықаралық қауымдастық Ауғанстанға қажетті жәрдемді дер кезінде бермей отыр деген пікір де жоқ емес. Мысалы, Лондондағы Ауған ұйымынан Фазел Берияның айтуынша, Ауғанстанның әлем үшін жасаған ісімен салыстырғанда, шетелдік донорлардан келген көмек әлдеқайда аз екен. Оның айтуынша, ауғандар лаңкестерді дайындайтын лагерлерді жойып, Осама бин Ладенді елден қуып, тәлиптер үкіметін күйретіп отыр. Ал бұл аз шаруа емес, дейді Фазел Берия.
XS
SM
MD
LG