Accessibility links

Астана шенеуніктерін адамдар көші-қонынан бұрын құстардың көші-қоны алаңдатып отыр


Суда жүзетін құстардың тіршілік ету ортасы ретіндегі халықаралық маңызға ие сулы-сазды жерлер туралы Конвенцияға 1971 жылы ақпанның екісінде Иран мемлекетіндегі Рамсар қаласында қол қойылды және ол содан бері Рамсар конвенциясы деп аталады. Ал қол қойылған күн 1997 жылдан бастап халықаралық сулы-сазды жерлер күні деп жарияланды. Қазақстан Рамсар конвенциясына 2005 жылдың желтоқсан айынан бастап мүше болып кірді.

Аталған конвенцияға 145 мемлекет мүше. Енді БҰҰ Қазақстан көптеген аңдар түрлерінің қоныс аудару жолында орналасқандықтан көктемге қарай ағылатын құстар миграциясының салдарынан Қазақстанда құс тұмауы өршіп кетпей ме деген қауіптерін жасырмайды. Сондықтан да халықаралық ұйым Қазақстан тарапының қазірден бастап аталған індетке қарсы тұру шараларына дайын болуын ескертіп отыр. Ал аталған салаға жауапты Қазақстанның ресми өкілдері құс тұмауына қарсы вакцинаны өзіміз жасай аламыз деп отыр.

Еуразиялық континенттің қазақстандық бөлігіндегі сулы-сазды жерлерінде құстардың әлемдік екі қоныс аудару жолы түйіседі екен. Олар Орталық Азия – Үнді және Сібір –Шығыс – Африка жолдары. Өйткені Қазақстанда ғаламдық маңызы бар су кеңістіктері оннан асса, сулы-сазды жерлер саны жүзге жетеді. Сонымен қатар Қазақстанның өзен-көлдері батыста Италия мен Финляндия, шығыста Якутиядан, сондай-ақ Арткика мен Австралия сияқты мемлекеттерден қоныс аударатын құстар үшін ұя салатын және тамақтанатын орын болып табылады екен. Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің қызметкері Бақытбек Дүйсекеевтің айтуынша, Қазақстан Азияда суда жүзетін құстардың саны бойынша 120-дан астам түрлері бар екен. Ал әрбір жарты жыл сайын 50 миллионнан астам құс қыс мекендерінен Қазақстан аумағы арқылы жазғы ұя салу және кері қысқы мекендеріне қоныс аударады.

Енді бір айдан кейін Қазақстан аумағында құстардың көші-қоны басталады. Осы кезде Қазақстанда құс тұмауы індетінің таралуы мүмкіндігі үлкен деп қауіптеніп отыр мамандар. Өйткені құс тұмауының ең қатерлі H5N1 түрін тасымалдаушы негізінен қоныс аударатын құстар болып саналады. Сондықтан да ауылшаруашылығы министрлігінің арнайы мамандары көктем шығар алдында жергілікті тұрғындардан үй құстарын суаттарға, өзен көлдерге жайылымға жібермеуін сұрап отыр.

«Себебі, өткен жылы Қазақстанда құс тұмауының ошағы табылған төрт жердің айналасында суаттар болған», – дейді ауылшаруашылығы министрлігінің қызметкері Бақытбек Дүйсекеев.

Ал республикадағы Ветеринария департаментінің басқарма бастығы Талғат Абылғазин таяу күндерден бастап үй құстарына вакцина салу басталатынын хабарлады. Оның сөздеріне қарағанда республика бойынша шамамен 9 миллионға жуық үй құстарына вакцина салынбақшы. Ал Қазақстанда құстардың саны шамамен 30 миллионға жуық екен. Талғат Абылғазин сонымен бірге егу жұмыстарына Қазақстанның өзінде вакцина табылатындығын айтады.

Ал БҰҰ-ның өкілі Тильман Дитерих құс тұмауының адам баласы үшін ең қауіптісі оның мутацияға ұшырауы екенін айтады.

«Сондықтан да көктем кезінде жабайы құстар мен үй құстарының байланысқа ұшырамауын қадағалау керек», – дейді БҰҰ-ның өкілі.

Құс тұмауының H5N1 түрі алғаш рет 1997 жылы Гонконгте табылған еді. Содан кейін 2003 жылы Оңтүстік Кореяда пайда болды. Содан бері құс тұмауы Қытайға, Вьетнамға, Тайландқа, Лаос пен Индонезияға және Еуропа елдеріне тарады. Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 2003 жылдан бері құс тұмауы індетінен әлемде 85 адам көз жұмған екен. Ал Бүкіләлемдік банктің бағалауынша, жаһандық құс тұмауы індеті бір жыл ішінде әлемдік экономикаға 800 млрд. зиян келтіре алады.
XS
SM
MD
LG