Accessibility links

Қазақстанға лаңкестік ұйымдардан қауіп бар ма?


Қазақстандағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Лаңкестікке қарсы орталығының басшысы Владимир Божконың айтуынша, 2005 жылы сот органдары Қазақстандағы 11 халықаралық лаңкестік ұйымның, сондай-ақ «Хизб-ут-Тахрир» діни-саяси партияның қызметіне тыйым салған. Сонымен бірге былтырғы жылы бір қазақстандық азамат бір облыстың әкімшілік ғимаратын жармақ болып әрекеттенген екен.

Қазақстандағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Лаңкестікке қарсы орталығының мәліметінше, өткен жылы террорлық әрекетке қатысы бар деген 11 азамат Қазақстан аумағында ұсталып, Ресейге, Өзбекстанға және бірқатар басқа елдерге жіберілген. Сонымен қатар Қазақстанда ТМД-ның 4 елінің аумағында әрекет еткен «Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты» деп аталатын лаңкестік ұйымның 16 мүшесі сотталған. Террорлық әрекетке жалданып жұмыс істеді деген 4 қазақстандық азамат сотталған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары Владимир Божконың айтуынша, сот органдары 11 халықаралық лаңкестік ұйымның және «Хизб-ут-Тахрир» діни-саяси партияның қызметіне тыйым салған.

Лаңкестікке қарсы орталықтың төрағасы өткен жылы Қазақстан аумағында жойылған «Орталық Азия моджахеттерінің жамағаты» ұйымын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тыйым салған лаңкестік ұйымдар тізіміне енгізу мәселесі көтерілгендігін айтады.

Президент жанындағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы, қазіргі ресми тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» саяси партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы халықаралық террорлық ұйымдардың мүшелері негізінен заң қорғау органдары әлсіз мемлекеттердің аумағында орналасып, өздерінің жаттығу жұмыстарын жасайды, дейді.

Осыдан бірер жыл бұрын Өзбекстан президенті Ислам Каримов өз елінде болған бірнеше лаңкестік әрекеттерден кейін Қазақстанда террорлық ұйымдардың оқу-жаттығу лагерлері бар деп Қазақстан басшылығын айыптаған еді. Осыдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті де Оңтүстік Қазақстан облысында лаңкестік ұйымдардың арнайы жаттығу орындары болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығармады. Ал Лаңкестікке қарсы орталықтың төрағасы Владимир Божко былтырғы жылы бір қазақстандық азамат елдегі бір облыстағы әкімшілік ғимаратта жарылыс ұйымдастырмақ болды, дейді.

Ал Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлы бүгінгі күні Қазақстанда лаңкестік әрекет болуы мүмкін деген қауіп жоқ деп санайды.

– Лаңкестік ұйымдардың негізі діни тайталастан туады немесе бір сепаратистік пиғылдағы күресіп жүрген мемлекеттің, ұлттың мүддесінен туады. Әрине, Қазақстанда діни тайталастық негізде де немесе белгілі бір ұлттардың өз мүддесі үшін күрес базасын Қазақстан территориясына ауыстырғанын немесе орныққаны туралы әзірге ешқандай хабар жоқ, – дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Ал дінтанушы Ақылбек Избаиров керісінше, Қазақстанға ағылып келіп жатқан діни ағымдардың бүгінгі әрекеттерінен қауіптену керек деп есептейді. Өткен жылдың аяғында президент сайлауының алдында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен елдегі заң қорғау органдарының басшылары сайлау компаниясына қатысып жатқан оппозициялық топтың өкілдері сайлау күні елде тұрақсыздық орнату үшін арандатушылық әрекеттерге бармақ, деп мәлімдеген болатын. Бірақ дінтанушы Ақылбек Избаиров қауіпсіздік орындары елдегі саяси ұйымдардан қауіптенбеу керек, олар ашық қоғамның орнауына үлес қосады. Қауіпсіздік ұйымдары ең алдымен діни ағымдардан қауіптену керек, дейді. Ал Алтынбек Сәрсенбайұлы ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары сайлау кампаниясының алдында оппозицияны халық алдында террорлық әрекет жасаушы күш ретінде көрсеткені үшін кешірім сұрауы қажет, дейді.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Лаңкестікке қарсы орталығы президенттің 2003 жылғы 29 желтоқсандағы жарлығымен құрылған болатын. Бұл ұйымның құрамына президенттің күзет қызметі, ішкі істер, қорғаныс, төтенше жағдайлар, әділет, ақпарат министрліктері секілді 9 мемлекеттік орган кіреді.
XS
SM
MD
LG