Accessibility links

Сарапшы мамандар өткен 2005-жылы Өзбекстанда экономиканың біршама алға жылжығандығын айтады


Бірақ бұл жөнінде талдаушылар арасында түрлі пікірлер айтылуда. Экономистердің пікірінше, Өзбекстанда егер бірер экономикалық игі өзгеріс болса, оған энергетика саласындағы Ресей мен Қытайдан келген инвестиция, сондай-ақ, алтын мен мақта нарқының өсуі тікелей себепші. Дегенмен, талдаушылардың болжамына сенсек, жалпы ішкі өнімнің өсе бастағандығына қарамастан, Батыс елдері жақын арада Өзбекстан экономикасына инвестиция сала қоймас. Сондықтан Өзбекстан халқы, алдағы кезде де, тұрмыстық қиыншылық, кедейшіліктен оңай ғана құтыла қоймас, дейді экономистер.

Жалпы шетелдік инвестицияның көбірек тартылуы үшін, талдаушылардың пікірінше, әрине, алдымен Өзбекстанда әлеуметтік-саяси тұрақтылық қажет. Егер елде саяси тұрақсыздық болып, үкімет экономикалық мәселеге орынсыз араласа берсе, парламент күтпеген жерден қолайсыз заңдар шығарып отырса, онда инвестор ойлана бастайды. Инвестор бекерден-бекерге қаржысын сыртқа шаша бермейді. Бұл мәселеге орай, Лондондағы Экономикалық барлау орталығындағы Орта Азия бойынша зерттеуші Анна Уокер былай дейді:

- Келесі 2007-жылы Өзбекстанда президенттік сайлау өтпек. Сондықтан, бұл 18 ай ішінде бірталай қиындықтар, көптеген жағдайлар болуы әбден мүмкін. Әндіжан қырғынынан кейінгі 9 ай ішінде президент Кәрімов өз режиміне қарсы шыққандарға бұрынғыдан да қатаңдау шара, жаза қолданғандығы белгілі. Сондықтан бейүкіметтік ұйымдар, тәуелсіз, халықаралық баспасөз, ақпарат құралдарына Өзбекстанда еркін жұмыс істеу өте қиынға соқпақ.

Жарияланған соңғы деректерге қарағанда, Өзбекстанда 2005-жылғы жалпы ішкі өнім 6 пайыз шамасында екен. Бұл өтпелі кезең экономикасынан сәл жоғары көрсеткіш дейді талдаушалар. Бірақ, бұл Өзбекстандағы реформалық құрылымдардың нәтижесі, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық саласындағы даму емес, мұнай, газ, алтын және мақтаның, сондай-ақ, өзге де бірқатар шикізаттың әлемдік аренадағы бағасының өсуінен дейді, талдаушылар. Жалпы алғанда, Өзбекстан алтын өндірісінен әлемдегі 10, ал мақта бойынша 5 елдің қатарында тұр.

Бұл арада соңғы кезде, Әндіжан қырғынынан кейін Өзбекстанға саяси қолдау көрсетіп отырған Ресей мен Қытайдың орны да ерекше болып тұр. Өткен жылғы мамырдың 13-інде Әндіжанда болған толқулар және сол күнгі қырғыннан кейін АҚШ пен батыс ол қантөгіс жөнінде халықаралық әділ тергеу қажет деуі мұң екен, Өзбекстан Ресей мен Қытайдан қолдау сұрады. Ал өзінің аймақтың мүддесіне орай Ресей мен Қытай бірден президент Кәрімовты құрметті қонақтай күтіп, қолдау-көмегін жасайтындықтарын білдірді. Соңғы жарты жылда бұл екі елден Өзбекстанға инвестициялық көмек молынан келді.

Батыс елдері, Әлем банкы, Халықаралық Валюта қоры және Еуропа даму және қайта құру банктерімен Өзбекстанның өзара байланысы біршама нашарлай түскендігі шындық. Тіптен, ЕуроОдақ Өзбекстанға қару-жарақ эмбаргосын жариялап, ондаған министрдің Батыс елдерге келуіне тыйым да салды. Бір ғана Сыртқы істер министрі Зокіржон Алматовтың Германияға барып емделуіне рұхсат етілді. Оның өз себебі бар, әрине. Оның бірі – АҚШ-тың әскери ұшақтары Ханабад әуе алаңынан шығарылғаннан кейін немістердің ұшақтары ол арада қала беруіне мүмкіндік берілді.

Лондондағы экономикалық барлау орталығынан зерттеуші Уокердің айтуынша, Мәскеуге Өзбекстандағы жаңа бір шұғыл реформаның қажеті жоқ. Ал, Халықаралық қаржы орындарының, бірер қарыз, несие беріп, инвестиция саларында міндетті түрде өз шарттары болады.

- Өзбекстан президенті Кәрімов әдетте шетелдік инвесторға жол ашқысы келгенімен, елдегі ресми, бейресми валюта бақылауы және басқа тосқауылдар оған мүмкіндік бермейді. Жалпы алғанда, Өзбекстандағы бизнесстік, іскерлік байланыс әлемі өте қыйын жағдайда қалып отыр. Бұны мақта мен шикі металл саудасы саласынан көруге болады, - дейді талдаушы.

Тәшкендік тәуелсіз талдаушы Ташполат Йолдашев та лондондық зерттеүшінің пікірін қолдап, Өзбекстан үкіметі түбегейлі экономикалық реформаларға онша құлықты емес дегенді айтады. Оның айтуынша, үкіметтік ресмилер әлемдік нарық экономикасына қарамастан жекеше фирма, компаниялардың жұмысына, іс-тірлігіне орынсыз араласа береді. Сарапшылардың болжамына қарағанда, Өзбекстанда 2006 жылда айтарлықтай реформалық өзгерістер бола қоймас.
XS
SM
MD
LG