Accessibility links

Түрікменстандық зейнеткерлер бейнеттің зейнетін көруден қалып отыр

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сонымен халықтың өзі Түрікменбашы, сардарымыз деп атайтын президент С.Ниязов жақында өзінің келесі бір жарлығымен зейнеткер жұрттың үштен бірін, бірден-ақ, зейнетақысыз қалдырса, қалғандарының өмір бойы еңбектеніп қолы жеткен өзінің құқылы зейнетақысының айтарлықтай бөлігін қысқартып тастады.

Қаңтардағы бұл күтпеген қаржылық соққыдан есеңгіреп қалған халық, әсіресе жасы келгендер Түрікменстанның кейбір аймақтарында бас көтергендей болып, өз наразылықтарын білдіріп жатты. Бірақ, қаңтардың 25-інде президенттің ол жарлығын елдің әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі жаңа заң ретінде жариялап жіберген болатын. Сонымен, министрліктің ол жариясынан кейін 340 мыңдай зейнеткер, соның арқасында әрең күн көріп жүрген зейнетақысынан жұрдай болды.

Қазіргі түрікменстандықтар, аш қалса да президентке, үкіметке қарсы дауыс көтеріп, ең болмаса, өз наразылығын білдіре алмайтыны белгілі. Дегенмен, тәуелсіз құқықтық ұйымдардың айтуынша, соңғы күндері кейбір ақсақалдар әкімшілік кеңселеріне келіп өз мұң-зарын айтып көрген. Мұндай көріністер Дашауыз уалаятының Илйалы, Көне Ургенч аудандарында орын алған. Президент Ниязовтың құрметіне Түрікменбашы деп аталған теңіз айлағы қаласында бір топ зейнеткер наразылық жалауларын көтеріп шыққан.

Бұл жаңа заң бойынша Түрікменстандағы 100 мың қарияны зейнетақысы не жойылады не қысқарады. Бір қызығы, елбасы қаншама өзімшіл болғанымен бұл нашар жаңалықты БАҚ-дарында бірден жарияламай, зейнеткерлердің өкілдерін жергілікті әкімшілікке шақырып, бұл келеңсіз өзгеріс жөнінде оларға жеке-жеке хабарлаған. Күтпеген ол жайсыз хабардан есінен танып, талып қалып, ауруханаға түскендері де баршылық.

Қариялардың мәселесімен шұғылданатын Нью-Йорктағы «Глоубл Акшн» деген топтың президенті Сузан Пол ханымның айтуынша, БҰҰ-нда қызмет істейтін бұл топ, Түрікменстанда аяқ астынан мұндай төтенше жағдайға тап болған шарасыз қауымның хал-жағдайын бақылап отыр екен.

Президент С.Ниязовтың айтуынша, зейнеткерлердің зейнетақысын қысқарту тіпті, жоюға себепші болған нәрсе - ұлттық санақ кезінде дихандар жөнінде берілген деректердің қателігі көрінеді. Ал Түрікменстандағы Республикалық партияның шетелде саяси сүргінде жүрген жетекшісі Нұрмұхаммет Ханамовтың айтуынша, зейнетақы жөніндегі бұл жаңа заңның өзі заңсыз.

- Бұрынғы заң бойынша зейнеткерлер өздеріне белгіленген бұрынғы зейнетақысын ала беруі керек. Жаңа заң шығарып, олардың ежелгі зейнетақы құқықтарын жоюға болмайды. Жаңа заң алдағы кездегі жаңа зейнетақы үшін жұмыс істеуі керек, - дейді Нұрмұхаммет Ханамов.

Азаматтардың зейнетақысы жөніндегі бұл өзгерісті адам құқықтары топтары да сынауда. Олардың есебі бойынша, Түрікменстанда онсыз да жұмыссыздар жетіп-артылады. Кеңселердегі кезектің көптігінен жұмыссыздар дер кезінде тіркеуден де өте алмайды. Сондықтан, жұмыссыз жүрген жастардың басым көпшілік бөлігі ата-аналарының зейнетақысын талғажау етумен келеді. Міне енді сол зейнетақыны қысқарту немесе жою жөніндегі заң күшіне енгеннен соң кейбір отбасылар ешқандай табысы жоқ бейшара халге түсіп отыр.

- Түрікменстанда еңбегіне орай қартайғанда алатын зейнетақының президент Ниязовтың жарлығымен күрт қысқаруы елді дүрліктіре бастады. Біз ол жағдайға байланысты елде болатын қарсылық, наразылық әрекеттерін жақыннан күзетіп, оның себеп-салдарын бақылап отыратын боламыз, - дейді Сузанна Пол.

Нью-Йорктағы Ашық қоғам институтының Түрікменстан жобасын басқаратын Ерика Дейлидің айтуынша, Түрікмен еліндегі жұмыссыздыққа үкіметтің өзі кінәлі.

- Дәлелдеуді қажет етпейтін бір нәрсе – Түрікменстанда жұмыс беру, онымен қамтамасыз ету негізінен үкіметтің қолында. Сондықтан жұмысқа иелік мүмкіндігінен айыра отырып, ресми үкімет халықты табыс, күнкөріс тетіктерінен де жұрдай етпек, - дейді Ерика Дейли.

Сондай-ақ, Дейлідің пікірінше, елдегі денсаулық сақтау және білім беру жүйесіндегі жаңа өзгерістердің салдары ауыр болмақ. Бірақ Ашғабаттық ресмилер бұл аса ауыр жағдайды мойындағысы келмейтін көрінеді. Ресми үкімет, түрікмендердің басым көпшілігі әлеуметтік өтемақы алады, газ, электр, су, тұзбен тегін қамтамасыз етіледі, жолақы - арзан деген уәждерін айтады екен.

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының 2002-жылғы дерегіне қарағанда, Түрікменстандағы ер-азаматтардың орташа өмір сүру жасы - 51 жыл, ал әйелдердің өмір сүру жасы 57 жыл екен. Құқылы азаматтар зейнетақыға жасы 60-қа келгенде ғана қол жеткізеді.
XS
SM
MD
LG