Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.08.2006 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдарда келешекте Қазақстан мен Ресейдің бірігуі мүмкін екендігі туралы болжамдардың соңғы уақыттары жиі айтыла бастағандығы сөз болыпты. Сондай-ақ кейбір тәуелсіз басылымдарда Қазақстанда орысшыл күштердің қайтадан күшейіп бара жатқандығы айтылыпты. Үкіметтің кезекті отырсының қалай өткендігі де сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдардың назарынан тыс қалмапты.

“Казахская правда” газетінің соңғы санында жарық көрген мақалада Қазақстан мен Ресейдің қосылуы мүмкін екендігі туралы әңгімелердің тағы да қайта көтеріле бастағандығының тарихы баяндалыпты. Осындай мағынадағы әңгімелердің соңғы уақыттары жиі айтылып жүргендігіне айрықша назар аударған мақалада, ресейлік “Русский курьер” басылымының соңғы саяси оқиғаларға қатысты талдауы беріліп, Қазақстан мен Ресейдің бірігуі мүмкін екендігі туралы болжамның расқа айнала бастағандығы туралы сараптаманың жасалғандығы айтылыпты. Атап айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесіп, жарғылық қоры 1,5 миллиард долларды құрайтын Еуразиялық банк ашуы, Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру мерзімінің 2050 жыл шейін ұзартылуы, шекара мәселесінің шешілуі, Каспийдің мұнайын пайдалануда бірқатар келісімдерге қол жетуі секілді мәселелердің шешілуі “Руский курьер” басылымының осындай болжам жасауына мұрындық болыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, дәл қазіргі уақытта ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір мемлекеттердің Ресейдің құрамына кіруі мүмкін екендігі туралы әңгімелер жиі айтыла бастаған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Ресейдің құрамына кіруі мүмкін елдердің алдыңғы қатарында Қазақстан да жиі аталып жүр.

“Жас Алаш” газетіне берген сұхбатында жазушы Смағұл Елубай Қазақстанда әлі күнге шейін орысшыл күштердің басым болып отырғандығын сөз қылыпты. Газет тілшісі тарапынан қойылған сауалдарға жауап бере отырып, жазушы Смағұл Елубай жаңа жылдан кейін Ресей өкіметінің бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдердегі орыс тілін қорғау туралы бағдарлама қабылдап, оны жүзеге асуру үшін 500 миллион рубль бөлінгендігін сөз қылыпты. Жазушы Смағұл Елубайдың айтуынша, осы оқиғадан кейін Алматыда славян, орыс, казачество ұйымдары бас қосып, “Қазақстанда орыс тілі сорлап жатыр, ол екінші сортты тілге айналды” деп мәлімдеме жасаған. Смағұл Елубайдың пікірінше, Қазақстандағы орысшыл күштердің мұндай мағынадағы мәлімдеме жасауына белгілі бір күштер ықпал етіп отыр.

“Айқын”, “Литер” және “Экспресс К” басылымдарында үкімет отырысында екі министрдің баяндамасының тыңдалғандығы айтылыпты. “Айқын” газеті Қаржы министрі Наталья Коржованың 2005 жылғы бөлінген қаржының 14 миллиард теңгесінің жұмсалмай қалғандығын хабарлағандығына айрықша тоқталыпты. Қаржы министрі Наталья Коржованың айтуынша, бюджеттен игерілмей қалған қаражат сомасы 2004 жылғымен салыстырғанда 31 миллиардтан 14 миллиард теңгеге дейін қысқарғанымен, бюджет тәртібін бұзу тоқтамай отыр, тіпті кейбір министрліктер оны жүйелі әдетке айналдырып алған.

“Экспресс К” басылымы болса Қазақстан Республикасының премьер-министрі Даниял Ахметовтың өндіріс саласының құлдырап бара жатқандығына айырықша тоқталғандығын атап өтіпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстандағы жұмыссыздардың саны 650 мыңға жетіп, 8,2 процентті құраған. Республикадағы орталық айлық деңгейі 33807 теңгеге жеткен.

“Литер” басылымына берген сұхбатында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарақұсова Қазақстандағы зейнеткерлердің зейнетақысының қайтадан есептелмейтіндігін қадап айтыпты. Өз сөзінде Гүлжан Қарақұсова Қазақстан дағдарыс кезеңін бастан кешкен мезгілде мемлекеттегі ең аз алатын зейнеткердердің зейнетақысын көтергендігін тілге тиек етіпті. Гүлжан Қарақұсованың айтуынша, осының нәтжесінде ең үлкен көлемдегі зейнетақы мен ең кішкентай көлемдегі зейнетақының айырмасы азайып қалған. Газет тілшісіне берген сұхбатында Гүлжан Қарақұсова бұл шешімнің көптеген азаматтардың наразылығын туғызғандығын айта келіп, барлық уақытта да әлеуметтік салада мұндай наразылықтардың бола беретіндігін әңгімелеп беріпті.
XS
SM
MD
LG