Accessibility links

Қазақстандағы барлық аймақтарда ауыз су берілетін құбырлардың қолдану мерзімі өтіп, тозығы жеткен


Жапония Қазақстандағы тозығы жеткен су құбырларын жөндеуден өткізуге қаражат бермекші. Бұл туралы 8 ақпанда Астанада Жапонияның сыртқы істер министрлігінің өкілі Такэси Яги хабарлады. Қазақстанның су ресурстары комитетінің мамандары айтып өткендей, ел қалаларындағы су құбырларының әбден тозығы жеткен. Ал, Жапон жағы осы мәселені зерттеуге қайтарымсыз ақша және құбырларды жөндеуге жеңілдетілген пайызбен несие беруге келісімін берді.

Қазақстанның Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімовтың айтуынша қазір Қазақстанның су саласына бірнеше халықаралық мекеме көмек көрсетіп келеді:

- Дүниежүзілік банк, Азия банкі жұмыс істеп жатыр. Жапондар көмектессе нұр үстіне нұр болады. Сол Қызылорда облысының су жүйелерін жөндеу қаралды. Суды ысырап қылмаудың өздерінің зерттеулері бар.

Қазақстанның су ресурстары комитетінің мамандары айтып өткендей, ел қалаларындағы ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырларының әбден тозығы жеткен. Бірақ, аталған жобаларға нақты қанша қаражат берілетіндігі жайлы хабарланбады. Әзірге Жапония Қазақстанға техникалық экономикалық негіздеу жобаларын қаржыландырып келеді. Қазіргі кезде Жапон тарабы Сырдария өзенінің арнасын реттеу жобасын қаржыландырып жатыр. Жапония үкіметінің шешімімен су саласында қолданылатын жабдықтар және жер асты суларын анықтайтын бұрғылар тегін берілген. Жапонияның сыртқы істер министрлігінің өкілі Такэси Ягидің айтуынша, осылайша Жапония үкіметі ресми түрде Қазақстанға көмек көрсетуді мақсат етіп отыр, бұл қолғабыстың ішінде қайтарымсыз ақша және техникалық қолдау сондай-ақ өте төмен пайызбен берілетін несиелер ескерілген. Елдегі әр облыста жүздеген шақырым су құбырларының қолдануға жарамды уақыты таусылған, дейді мамандар. Ал, жыл сайын жөндеуден өтетіні тек ондаған шақырым. Су ресурстары жөніндегі комитет маманы Батырғали Денеевтің айтуынша, 1991 жылғы ақпараттың өзінде құбырларының жағдайы қанағаттанарлық деп айтылған, ал, қазір олардың қолдану мерзімі аяқталған, дейді ол.

«Астанасуарнасының» мамандары айтып өткендей Астанадағы су бактериялардан тазалығы жағынан республикада үшінші орында. Алматыда мыңдаған шақырым жөндеуден өткен сондықтан әлі 50 жыл бойы алматылықтар таза су іше алады, дейді мамандар. Ал Солтүстік Қазақстан облысында пәтерлердегі құбырдағы судан құрттар шыққан жағдайдар болған. Ал, Семей, Өскемен қалаларындағы жағдай тіпті қиын, дейді бақылаушылар. Бірақ, ең сапасыз су Қызылордада. Бұл аймаққа бастапқы кезде Кувейт кейін Германия қолғабыс көрсеткен. Енді Жапония көмек көрсетпекші. Арал аумағындағы ауру сырқаудың жартысы осы судың кесірінен, дейді жергілікті дәрігерлер. Бірақ, Су ресурстары жөніндегі комитет маманы Батырғали Денеевтің айтуынша, соңғы бағдарламалар шеңберінде негізінен елді мекендермен шағын қалалар қамтылған. Өйткені ірі қалалар өз бюджеттерімен басқада қаржы көздері арқылы құбырларын жөндеп келеді, ондада барлық қалалар емес, дейді ол.

Су саласын зерттеген ғалымдардың пайымдауынша жалпы Қазақстанда 25 өзен лас деп табылса, тек 10 өзеннен су алуға болады деп шешіліп отыр. Су сүзетін жабдық сататын компания маманы Қымбат Асылбекқызының айтуынша, Қазақстан құбырларымен ағатын суды сүзбей ішуге болмайды:

- Қазақстан су ластығы жағынан жоғарғы орында. Аурудың бәрі сумен келеді. Бірақ сусыз өмір жоқ, қазақ халқы шаймен. Сондықтан су сүзгшішті қолдану керек. Ол негізі 5 жылға жаралған, бірақ, біздің судың нашарлығына байлансты 2 жарым жылда оны ауыстырып отыру керек. Ауыстырған кезде көрсеңіз, неше түрлі дүние шығады.

Монополияға қарсы агенттік келтірген мәліметтер бойынша су құбырларының ескілігінен кей жағдайда ауыз судың 30-50 пайызы далаға ағып кетеді. Алайда су құбырларын жөндеуге берілетін қаржы көп жағдайда игерілмей қалады.
XS
SM
MD
LG