Accessibility links

Қазақстанда адвокаттардың құзыры заң арқылы кеңейтілуі мүмкін. Елдің Әділет министрлігі Парламент Мәжілісіне «Адвокаттар қызметі туралы» заңға, Қылмыстық-процессуалды кодекске, «Қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды күзетке ұстау тәртібі мен шарттары туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Ал қазір адвокаттар өздерінің мәртебелерінің төмендігі іс жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын баяндайды.

Қазақстанда адвокаттың қызметі - күрделі жұмыс. Себебі, оған ең алдымен заң бойынша шектеулер қойылады дейді қоғамда дау тудырған бірқатар істерде қорғаушы болған кәсіби заңгер Мұстахим ТӨЛЕЕВ:

- Бұған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ. Қылмыстық сот процесі болсын, азаматтық сот процесі болсын, жоғарыдан ашықтан ашық бұрмалап, мемлекеттік айыптаушының жауапкершілігін көздемейтін жағдайлар бар. Онан кейін бәсекелестікке түсу ережелері сақталмайды. Адал еңбек етейін десе, қорғаушыларға оның қарсыластары мүмкіндік бермей, өз құзырынан шығатын әрекеттерге барады. «Мемлекеттік лицензияңыздың күшін жоямыз» деп әрекеттенеді. Қудалау әрекеттеріне барады...

Қорғаушының құзыры кем, айыптаушының пәрмені жоғары екеніне кез-келген сот процесінде көз жеткізуге болады дейді адвокат Серікқали МУСИН:

- Адвокаттың айтқанын сот қарамайды. Прокурор не айтса, соны ғана негізге алады. Осы ретте заңға өзгерістер енгізіп, адвокаттар мәртебесін көтерейін деп жатыр. Мысалы, қазір прокурор тергеу орындары арқылы дәлел-дәйектер жинай алады. Ал адвокаттар ондай дәлелдер жинаса, оны сотта есепке алмайды. Егер заңға өзгерістер енгізілсе, біздің жинаған дәлелдеріміз де сотта заңдық күшке ие болмақ.

Алматы адвокаттар алқасының мүшесі Шынқуат БАЙЖАНОВ та адвокаттар мен құқық қорғаушылар мүмкіндіктері арасында үлкен заңдық алшақтық бар екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда осыған орай Алматы адвокаттар алқасы бірқатар ұсыныстармен шыққан екен.

Ол ұсыныстың ең біріншісі әрі бастапқысы – сот мәжілісінде қылмыстық іс қаралып жатқан кезде мемлекеттік айыптаушыға заңмен қандай мүмкіндік берілсе, адвокатқа да дәл сондай мүмкіндік берілуі тиіс. Бір ғана мысал – прокурордың сот шешіміне жазған қарсылығы қадағалау алқасында қаралады. Ал адвокаттар шағымын қарау міндетті емес. Екінші, адвокат тергеуге қатысқанда алдын-ала тергеушінің рұқсатымен ғана өз қорғауындағы адаммен кездесе алады. Ол дұрыс емес. Өйткені, тергеуші мен адвокат қылмыстық іс жүргізгенде бір-біріне процессуалдық қарсыластық жағдайға келеді. Тергеуші адвокатты кез-келген кезде адвокаттық қызметтен шығарып тастай алады. Ал адвокат прокурордың алдында тергеушіні басқа тергеушімен алмастыру жөнінде тек ұсыныс береді. Жалпы, адвокат үкіметтен ақша алып жұмыс жасамайды, ол халықтың төлеген ақшасын алады. Адвокат сол халықтың мүддесін қорғауға міндетті. Ал адвокаттың дұрыс жұмыс жасауына жаңағыдай заңның кейбір бөлшектері кедергі келтіреді дейді мамандар.

Әділет министрлігі болса, Парламентке «Адвокаттар қызметі туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын беріп отыр. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосына Әділет министрлігінің қызметкері Қадіржан Рысмұханқызы былай деді:

- Адвокаттардың қызметіне қатысты 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бірінші, Қылмыстық кодекске 17 өзгеріс, «Адвокаттар қызметі туралы» заңға 1 өзгеріс және «Қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды күзетке ұстау тәртібі мен шарттары туралы» заңға 1 өзгеріс енгізу көзделген. Бұл – адвокаттың өз қорғауындағы, қамауда отырған адамға кіру тәртібі. Қазір бұл тәрбіп өте ауыр екені белгілі. Яғни, тергеуші, одан кейін судья, сонан соң түрме бастығы, одан кейін тағы біреулер рұқсат береді. Ал біз адвокат қорғалушыға тек ордердің көшірмесімен ғана кіруі керек деп отырмыз.

Адвокаттар құзырын кеңейтеді деп отырған заң жобасы Парламент Мәжілісінде комитет көлемінде алғаш ақпанның 16-сы күні қаралмақ.
XS
SM
MD
LG