Accessibility links

Қытай цензурасына қарамастан интернет еркіндігі өсе түспек


"Бежиң морнинг стар" мемлекеттік газеті жазғандай, Қытай ресми орындары былтыр екі мыңнан астам интернет-сайтты жауып тастапты. Олардың мазмұны заңға қайшы деп табылды. Қытай интернетінің ережесі бойынша, порнография мен қақтығыс араңдатуына жол беруге болмайды. Мақала мазмұндарында ұлттық бірлікке қауіп төніп тұр, не болмаса әлеуметтік толқуды қоздыру бар деп табылса да интернет сайты жабылады. Осындай қатаң ережелердің арқасында Қытайда саяси еркін ойды басу кең етек жайды деген сын айтылып келеді.

Халқы 1 миллиард 300 миллион болып тұрған Қытайдың экономикасы күрт өсіп жатыр. Мұндай жағдайда интернет сияқты жаңа байланыс құралдарының қатар дамуы да орынды. Дегенмен Қытай үкіметі баспасөз саласында бақылау қалай қатаң болса, интернет саласында да қатаң тәртіп жұмсармайтынын көрсетіп келеді. Қытай интернет саласында қатаң техникалық бақылау құралдары орнатылған. Порнографияны және қақтығыс саясатын дәріптейтін сайттар қатармен Қытай үкіметінің саясатына қайшы келеді деп табылатын сайттардың үні тез өшіріледі. Интернетте саяси көзқарасын жариялағаны үшін сотталып кеткен азаматтардың жағдайы Қытайда көп кездеседі. Саяси мағнасы Қытай үкіметінің көзқарасына сай келмейді дегенде - әдетте Тибет пен Тайван мәселелері айтылатын сайттар қудалауға ұшырайды. Лондонда орналасқан "Роял юнайтед сервис" институтының қытайтанушы маманы Александр Нейлл интернетте техникалық бақылау жүргізу мүмкіншілігі қазір өсе түскен дейді:

- Интернет кафелері сияқты интернетке кіру жерлерді қадағалау үкімет үшін оңай болып отыр. Қолыңызда дұрыс құрал болса интернет жүйесін нақты жерлерінде бақылауға болады. Нақты сөздерді іздеп тауып, ол сөздер айтылған ақпаратты жауып тастау технологиясы да пайдаланылады.

Осыдай сүзгіден өткізу технологиясы батыс қауымдастығында қатты сын туғызып отыр. Қытай үкіметінің цензура саясаты Google, Yahoo, Microsoft, Cisco Systems сияқты әлемдік дәрежедегі ақпарат компаниялардың Қытай туралы ақпарат таратуларына салқынын тигізіп отыр. Бұл мәселе осы айда АҚШ өкілдер палатасының құрамындағы ұйымда қаралмақ.

Дегенмен, интернет саласын қанша қатаң бақылап отырамын десе де Қытай үкіметіне жақпайтын ақпарат сыртқы әлемге шығып та жатыр. Лондонда орналасқан "Джейнс" ұйымының қытайтанушы сарапшысы Кристиан Лемиер бұл жайында бір ғана мысал келтіріп отыр. Қытай орталық аймағында ауылды жерде жақында болған диқан көтерілісі жайында әлем қауымдастығы интернеттің арқасында біле алды. Ақпараттың сыртқа шығып кетулері осылайша өсе түсуі мүмкін, мұнда Қытай үкіметіне көбірек зиян тиеді, сондықтан Қытай үкіметі ақпаратты өз қолынан көбірек беруге көшетін шығар дейді осы талдаушы:

- Қытай осындай жағдайларда енді басқаша жолмен қимылдауға мәжбүр болады. Қытай интернет саласын толығымен бақалай алатын қабілетте емес. Сондықтан бұрынғыға қарағанда Қытай үкіметі енді көбірек ақпарат жариялайтын болады.

Қытай интернетінде жасалып жатқан бақылаудың көпшілігі саяси тәртіп емес, моралдық тазалық деген талапты қадағалап отырады. Мәселен, порнография ақпаратын таратуға тиым салынған. Мұндай қатаң ереже көптеген батыс елде де болған. Дегенмен, Қытай жастарында ақпаратты еркін алу талпынысы өсіп келеді. Саяси не болмаса моральдық салалардағы ақпарат болсын – Қытай жастары шектеулердің тым қатаң болғанын көптеген жағдайда қабылдамайды. Пекинде оқитын Жаң Гюоу деген қыз былай дейді мәселен:

- Заманымыздың шеңбері ашыла түсті. Қарапайым азамат ретінде үкіметіміз не болмаса тиісті үкімет орындары еркінірек жағдайға рұқсат береді деп үміттенемін. Оңайырақ, ыңғайырақ білім алу жолдары ашылады, хат-хабар алысу жолдары жақсарады деп үміттенемін.

Жаң Гюоу қызға дәл осы арманының орындалуына біраз күту керек сияқты.
XS
SM
MD
LG