Accessibility links

Қазақстанның кәсіподақ ұйымдары билік тауар бағасы мен коммуналдық тарифтердің бағасын реттемесе, Үкіметтің отсавкаға кетуін талап етпек

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Соңғы бір айдың ішінде Астанада коммуналдық төлем ақылардың бағалары 32 процентке қымбаттады. Ал азық-түлік тауарлар бағасы республика бойынша 8 пайызға өсті. Сонымен қатар барлық аймақтарда қоғамдық көлікте жол жүру бағасы бірнеше пайызға артып отыр. Ал үстіміздегі жылы бюджеттік қызметкерлердің айлық табысы мен зейнеткерлердің зейнетақысына қосылған ақша небәрі 2-3 мың теңгені құрайды. Қазақстанның кәсіподақ Федерациясы билік елдегі баға саясатын ретке келтірмесе, онда Үкіметтің отставкаға кетуін талап етеміз, деп отыр.

Былтырғы жылы респубилкалық бюджетті қабылдар кезде Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов 2006 жылы инфлияция деңгейі әрі кетсе 7-8 пайызды құрайды, одан аспайды деген болатын. Енді ресми мәлімет бойынша, соңғы бір айдың ішінде инфлияцияның деңгейі 2,7 пайызға жетіп отыр. Бірақ Қазақстанның кәсіподақ федерациясының президенті Сиязбек Мұқашев бағаның құлдырау деңгейі одан да жоғары дейді. Өйткені ақпан айынан бастап бір ғана коммуналдық төлемақы бағасы 32 пайызға көтерілген.

Өткен жылы президент сайлауы алдында тәуелсіз сарапшылар жаңа жылдан бастап Қазақстанда экономикалық дағдарыс болады деген еді. Енді міне жаңа жылдың басталғанына екі ай өтпей жатып, Қазақстанда тауар бағалары өсіп жатыр. Оның үстіне таяуда ғана Астанада электр энергиясын беру мен жылу транзитіне иелік ететін үш компания су, жарық және жылуға бағаны орта есеппен 50 процентке көтеру жөнінде табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттікке өтіншітерін берді. Ал білім саласында еңбегі сіңген қызметкер, мұғалім Майра Амантаеваның айтуынша, мұғалімдер мен оқытушылардың алып отырған қазіргі жалақылары жан-жақтан қысқан қымбатшылыққа төтеп бере алмайды.

Мұғалім Майра Амантаева баға қымбаттай берсе, мемлекет мұғалімдерге арнайы жәрдемақы төлеп отыру қажет деп есептейді. Қазақстанның кәсіподақ Федерациясының президенті Сиязбек Мұқашев болса, бағалар мен тарифтердің қымбаттауына Үкімет кінәлі дейді.

- Өйткені Қазақстандағы табиғи монополиялардың акция пакеттерінің барлығы мемлекеттің қолында, - дейді Сиязбек Мұқашев.

Ал Қазақстандағы табиғи монополиялардың бірі, «КЕГОК» электр желілерін іске қосатын компанияның вице-президенті Есберген Әбитайұлы тариф бағаларының көтерілуі заңды, дейді. Өйткені, оның сөзіне қарағанда, Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына кіру алдында тұр. Осыған байланысты баға саясаты да халықаралық талаптарға сай болуы қажет дейді ол.

Алайда Астана қаласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымның төрағасы Қабыкен Қажыбайұлы Қазақстандағы бағаның өсуін дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үшін байланыстыратындармен келіспейді.

– Олардың айтатындары Еуропада коммуналдық төлемақылар 60-процентке дейін барады. Біз оларға қарағанда 30-40 процент төлейміз дейді. Бірақ Еуропалықтар 60 процент төлесе де олардың алатын айлықтары тамағына, киіміне, курортқа баруға жетеді. Ал бізде біріне тартсақ біріне жетпейді, – дейді Қабыкен Қажыбайұлы.

Қабыкен Қажыбайұлының айтуынша, бүгінде Үкімет халықты әлеуметтік тұрғыдан жан-жақтан қысып тастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды, дейді ол. Астана қаласы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев бағаның өсуіне байланысты Үкімет біздің наразылығымызға құлақ аспаса қарсылық акцияларын жасаймыз деп отыр. Ал Қазақстан кәсіподақ Федерациясының президенті С.Мұқашев егер бұл айтқаннан нәтиже шықпаса, соңғы шара - Үкіметтің отставкаға кетуін талап етеміз, дейді.
XS
SM
MD
LG