Accessibility links

СПИД дертіне кезіккен балалардың тағдыры әлем елдерін алаңдата бастады


Дәрігер мамандардың айтуынша, СПИД вирусын жұқтырған және сол дерттен қаза тапқан азаматтардың жетім балаларына халықаралық деңгейде жедел көмек қажет. Бұл жөнінде ақпанның 9-ында Лондонда өткен Әлемдік серіктестер форумында айтылды.

БҰҰ-ндағы халықаралық балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры доктор Венеманның айтуынша, СПИД дертіне қарсы күресті БҰҰ, үкімет, жергілікті қауым және еріктілік деңгейінде жүргізу қажет. Әңгіме бар ресурстарды қалай пайдалануда болып отыр дейді Венеман.

- Ресурстарды пайдаланардағы заттарды қалайша өзара үйлестіре аласыз. СПИД дертінен емдеуге қажетті көптеген ресурстар бар. Бірақ олардың қаншалықты пайдалы екендігін қалай білесіз, - дейді атқарушы директор.

Анна Венеманның айтуынша, бүкіл әлемдегі жасы 15-ке жетпеген 2 млн-нан астам бала ВИЧ вирусын жұқтырған. 15 млн-дай бала СПИД кесірінен қаза тапқан ата-анасынан жартылай, не тұлдыр жетім болып қалған. Олардың 12 млн-дайы Африка елдерінің үлесінде.

СПИД-тің кең тарауы бойынша Африкадан кейінгі орында Шығыс Еуропа мен бұрынғы советтік аймақ тұр. БҰҰ-ның СПИД мәселесімен шұғылданатын бөлім директоры Питер Пайот бұл аймақ жөніндегі ауыр ахуал жөнінде былай дейді:

- Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде СПИД дерті тарихта болмаған жылдамдықпен тез тарауда. Мысалы, Ресей Федерациясында бұл дертке қазірдің өзінде 1 млн-нан астам адам шалдыққан. Украинадағы халықтың, жалпы ересектердің бір пайыздан астамы ВИЧ-ке тәуелді және ол одан әрі тарай түсуде.

Доктор Пайоттың атап өткеніндей, СПИД дертінің жастар арасында кең таралуына әсіресе есірткі, героинның қолданылуы және ВИЧ вирусын жұқтырғандармен өзара жыныстық қатынас себепші болуда.

- Бұл дерттің балаларға да кері әсері тиюде. Ол аймаққа барғанда мен оны өз көзіммен көрдім. СПИД кесірінен жетім қалған балаларды кездестіруге болады. Ал енді ол балалардың өзін де сол дерттен емдеу қажет, - дейді Пайот.

Дегенмен, Пайоттың айтуынша, халықаралық денсаулық ұйымының шараларының арқасында Украина секілді бірқатар елдерде ВИЧ вирусының анадан балаға өтуінің алдын алуға мүмкіндік болған.

- Бірақ, ол елдерге барғанда байқағаным - жұрт әліге дейін негізгі көмекті үкіметтен күтеді екен, - дейді доктор Пайот.

Пайоттың айтуынша, бұған коммунистік режим кезіндегі жұрттың үкіметке тәуелділігі, өркениетті қоғамға деген құлықсыздық өз кесірін тигізген. Лондон конференциясына келген украиналық профессор, Киевтегі Ұлттық СПИД орталығының жетекшісі Алла Щербинскаяның айтуынша, Украинада да ВИЧ вирусын жұқтырған балалар баршылық, бірақ олардың саны онша көп емес.

- Дегенмен, СПИД-тің әлем елдерінде тарауы Украинаны да бейғам қалдырмауы тиіс. Сондықтан бұл дертке қарсы күресте біз де әлемдік жетістіктен пайдалана білуіміз керек, - дейді ол.

Ал ЮНИСЕФ-тің аймақтық кеңесшісі доктор Айонитаның келтірген дерегі бойынша, бұрынғы советтік одақта соңғы 5 жылда СПИД вирусын жұқтырғандар саны мың пайызға дейін өсіпті. Сонымен, бұл аймақта қазіргі кезде 1 млн 400 мыңдай адам СПИД вирусын жұқтырып үлгіріпті.

Жалпы, ВИЧ вирусымен өмір сүріп жатқандардың 80 пайызы 30 жасқа жетпегендер екен. Дегенмен үміт ұялататындай бір жағдай - Украинада соңғы үш жылда ол дерттің анадан балаға жұғуы 27 пайыздан 12 пайызға дейін төмендей түскен.

Лондон конференциясы СПИД вирусын жұқтырған балаларға қажетті көмек беру мақсатында бірқатар шараларды жоспарлауды ұсынған. Олардың арасында жетім балаларды қамқорлыққа алу, балаларға білім беру кезіндегі жеңілдіктерді қарастыру, сонымен қатар, 2010-жылға дейін СПИД вирусының ересектерден балаларға жұғуына тосқауыл қою міндеттері бар.
XS
SM
MD
LG