Accessibility links

Алматыда Мұқағали Мақатаевтың туған күні аталып өтті


9-ақпан ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Соңғы жылдары Алматы қаласында осы күні ақын Мұқағали Мақатаев ескерткішінің алдында өлең оқу дәстүрге айналды. Мұқағали ақынның дүниеден озғанына талай жыл өтсе де ақынның жырларына деген халықтың махабаты суыған емес. Кезінде ақынның өзі: Көрер едің, Шаламын ба, отпын ба? Білер едің, Ақынмын ба, жоқпын ба?.. Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда, Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда, - деп, тебіріне толғанған болатын.

Кезінде ақын Мұқағали Мақатаев өзінің жырларында қазақ халқының тағдырының қызық екендігін жазып:

Біз деген досым, Тағдыры қызық халықпыз. Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз. Екінің бірі бармайтын жерге барыппыз, Жанбайтын жерде жаныппыз. Біз деген досым тағдыры қызық халықпыз,

деп, жыр тиегін ағытыпты. Міне, біраздан бері жыл сайын осы жыр жолдарын жазған ақынның туған күнін атап өту Алматы қаласында дәстүрге айналды. Қазақстан Жазушылар Одағының екінші хатшысы Талаптан Ахметжанның айтуынша, ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде оның ескерткішінің алдында өлең оқуды дәстүрге айналдырудың өнегелік маңызы зор. Өз сөзінде Талаптан Ахметжан Мұқағали сынды қазақтың үлкен ақынына қандай құрмет көрсетілсе де лайық екендігін атап өтті.

“Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Жайлыбайдың пікірінше, ақын Мұқағали Мақатаевтың ғана туған күнін бөле-жарып атауға болмайды. Өз сөзінде Ғалым Жайлыбай қазақтың басқа ақындарының да туған күнін тойлауды дәстүрге айналдыру керек екендігін сөз қылып, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындардың да осындай зор құрметке лайық екендігіне тоқталды.

Жыр сүлейінің рухына тағзым ету үшін ақын ескерткішінің алдына келген жас ақындардың бірі Жанарбек Әшімжанның айтуынша, Мұқағали Мақатаев поэзиясына құр тамсанғаннан гөрі, оның жырларының табиғатын ашуға көп көңіл бөлу керек. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Жанарбек Әшімжан ақынның мұрасын таныту үшін жасалып жатқан жұмыстарға өз көңілі толмайтындығын айтып, ендігі уақытта Мұқағали жырларын терең зерттеген шығармалардың дүниеге келуі керектігі туралы ойын білдірді. Ақын Мұқағали Мақатаев өз шығармаларында жастықты, махабатты, табиғатты арқау етті.
XS
SM
MD
LG