Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.10.2006 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстандағы орыс, славян және казактар қауымдастығы көтерген тіл мәселесіне байланысты тіл жанашырларының мәлімдемесі, сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің тұрғындар алдында есеп бергені туралы жазылыпты.

«Ана тілі» басылымы Қазақстанда тұратын орыс, славян және казактар қауымдастығы өкілдерінің мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңейе бастауы өздерінің құқықтарын шектейтіндігін айтқан айғай-шуына қатысты жазушы Қасым Қайсенов, депутат Аманкелді Айталы, ақын Мұқтар Шаханов қатарлы бір топ мемлекеттік тіл жанашырларының Қазақстан президентіне, үкіметіне және парламентіне арнаған мәлімдемесін жариялапты. Мәлімдемеде Қазақстанда мемлекеттік тіл деп Қазақстан ата заңында ап-анық әрі айқын жазылғанына қарамастан бүгінгі күні шын мәнінде Қазақстанда 2-ші сорт тілі орыс тілі емес, ол қазақ тілі екендігі айтылған. Осыған байланысты мемлекеттік тіл жанашырлары Қазақстан президенті, үкіметі және парламентіне 7 түрлі ұсыныс, талап-тілек айтыпты. «Егерде осы талап-тілектерге үкімет тарапынан арнайы жауап болмаған жағдайда, Астана, Алматы және барлық облыс орталықтарында тіл жанашырларының шеруінің өтуі мүмкін екендігін еске салыпты», дейді «Ана тілі» басылымы.

«Қазақ әдебиеті» басылымы «Тіл дегенде тіліміз күрмелмесін» деген мақаласында қазақ тілінің тәуелсіздік алған 17 жылда 17 қадам да алға баспағаны туралы жазады. Тіпті президент Н.Назарбаевтың өзі «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегені де ешкімнің құлағына кірмеді, ал Алматы қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтың өзі «Алматыны қазақша сөйлете алмай, Қазақстанды қазақша сөйлете алмаймыз» деген болатын, баяғы жартас сол жартас, ешнәрсе өзгерген жоқ. Осыған байланысты өткен аптада Алматыда «Халық дабылы» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен жиында Алматы қаласын мемлекеттік тілге көшірудегі бүгінгі қалыптасып отырған қиын жағдайлар, жалпы, тіл тағдыры өзекті мәселе ретінде талқыға түсті» дейді «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Роза Сейілхан.

«Жас Қазақ» басылымы Қазақстандағы жер атауларын бұрынғы тарихи атауларымен атау мәселесіне қатысты бір топ қоғам қайраткерлерінің ел президенті атына жолдаған хатын жариялапты. Хатта Қазақстандағы жер-су атауларының өзінің байырғы, төл атын алуы тарихи әділеттілік екендігі ескеріліп, бүгінгі күні Павлодар, Петропавловскінің атын өзгерту мәселесі әбден пісіп-жеткен мәселе екендігі айтылыпты. «Бұған ешкім де қарсы болмас, ал тариха әділетілікті қалпына келтіру ата-баба алдындағы аманат, өткенге құрмет, ертеңге - өнеге» депті «Жас Қазақ» басылымы.

«Егемен Қазақстан» газеті Алматы қаласы әкімінің халық алдындағы есеп баяндамасына байланысты газет тілшісі Мейрамбек Төлепбергеннің «Бүгінде арман да бар, дәрмен де бар» деген көлемді мақаласын басыпты. Алматы қаласына И.Тасмағамбетов әкім болып келгелі көптеген жұмыстар атқарылуда, алайда қалада әлі көптеген проблемалар өз шешімін таба алмай қалып отыр. Мысалы, қала ішіндегі жол-көлік мәселесі, базар мәселесі, балабақша мәселесі, экология мәселелері болмақ. И.Тасмағамбетов осы мәселелерді шешуге қатысты өз ұсыныстарымен таныстырғаны айтылған. Мысалы, «қала көшелеріне жақын күндері жылдам қозғалатын жолаушы көліктері әкелінбек, сондай-ақ қала ішіндегі үлкен автобекеттер 2007-ші жылдан қала шетіне шығарылмақшы. Жақын уақытта базарлардың бәрі жаңа сауда орталықтарына айналмақ. Ал жекешелендіру кезінде қолды болып кеткен балабақшаларды мемлекетке қайта қайтару жұмысы жүргізілетін болды» деп жазады «Егемен Қазақстан» тілшісі.

«Central Asia Monitor» басылымы қала әкімі И.Тасмағамбетовтың есеп баяндамасын «Алматы әкімінің еңбегі мен күндері» деп атапты. Өзінің жылдық есеп баяндамасын талқыға салған ол Алматы қаласының бүгінгі дамуы жағдайын «жақсы, бірақ та болуға тиісті межеден төмен» деп бағалаған. «Алдағы мақсат - Алматы қаласын Орталық Азия аймағындағы ірі қаржы орталығына айналдыру болмақ. Сол үшін биылғы жылы 17 миллиард теңге қаланың энергиялық құрылымдарын жаңалауға, 18 миллиард теңге қала метросының құрылысына, ал 10 миллиард теңге қала жолдарын салуға және жөндеуге жұмсалатын болады» деген И.Тасмағамбетов өзінің есеп баяндамасында.
XS
SM
MD
LG