Accessibility links

Қысқы Олимпиада алауы талай жолды басып өтіп, Турин қаласына жетті

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Жұма күні кешке Италияның Турин қаласында ХХ Қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылуы болды. Бірақ Италияның солтүстігіндегі бұл қалада орын алған кейбір наразылық әрекеттерінің кесірінен Олимпиада алауын жеткізерде жоспарлы жол бағытын 4 рет өзгертуге тура келді. Ал бұл Олимпиадаға АҚШ-тың бірінші ханымы Лаура Буштың келуіне байланысты наразылық шеруі одан әрі жалғасар деген болжам да бар.

Туринге жеткен Олимпиада алауы бейбітшілік пен игіліктің символы ретінде бүкіл әлемге жария етіледі. Дегенмен, әлемдік глобализацияға қарсы топтар осы Қысқы Олимпиада ойындарын пайдаланып, Италия мен Франция арасында қатынайтын жедел пойыз жолының салынуына қарсылық шараларын үдетіп жіберді. Ол жоба бойынша темір жол тауды тесіп салынатын туннел арқылы өтетін болады. Сондықтан табиғат қорғаушылар бұл жоба Альп таулары табиғатын бүлдіреді деп дабыл қағуда.

Бейсенбіде наразы топ Олимпиада алауын алып келе жатқандардың жолын кесіп, оларды екі рет жол бағытынан ауытқуға мәжбүр еткен. Сол арқылы жұртты ереуілге тартпақ болды. Алдымен, Франциямен шекаралас аймақтағы Авелена қаласында жұрт шеруге шықты. 12 мыңдай тұрғыны бар бұл қаланың мәдениет және туризм саласы бойынша жетекшісі Анжела Бракко ол шара жөнінде былай деді:

- Авеленадағы барлық балалар, оқушылар және азаматтық ұйым өкілдері негізгі көше алаңдарда қол ұстасып тұрды.

Дегенмен бұл арадағы жағдай үлкен мереке кейпіне енгендей еді. Жасөспірімдер, Олимпиада алауын салтанатты түрде күтіп алу үшін, бірнеше апта бойы жалаулар, спорттық көйлектер дайындаған екен. Бірақ аяқ астынан, төбеден жай түскендей, ол шараның ұйымдастырушылары, Олимпиада болмайды деп жариялаған.

- Біз бұл Олимпиада алауын жоғары деңгейде күтіп алу үшін неше күн дайындалдық. Балаларды айтпағанның өзінде, бүкіл қала әкімшілігімен бірге өз басым да өте ренжідім, - дейді Бракко ханым.

Анжела Бракконың айтуынша, ұйымдастырушылар жалауларды көріп шошып кеткен болуы керек. Бірақ, шын мәнінде, наразылық шарасына келгендер өте көп болмаған екен. Алау Турин қаласына жеткен кезде де жолды бөгеу әрекеті болған. Олар бұл спорттық ойындарға және оның негізгі демеушісі – АҚШ-тық «Кока-Кола» компаниясына қарсы сынмен қарайтындар болып шыққан.

Негізінен Альп тауын мекендейтіндер жаңа темір жол құрылысына қарсы көрінеді. Ол арадағы қауымның президенті Феррентиноның айтуынша, жаңа жобадан қоршаған орта үлкен зардап шекпек.

- Бұл - үлкен жоба. Ені 6 метр болатын ол туннел 10 км-ге созылмақ. Терең зерттелмеген, халықтың пікірін назарға алмаған мұндай жобаны Турин қаласының әкімі Чиамперино қалай ғана мақұлдаған? - дейді Феррентино.

Ал оның пікірінше, бұл темір жолды салу арқылы өзге көліктер қатынасы азайып, керісінше, табиғат тазалау болмақ.

Бұл жолғы әлемдік спорт ойындарына, 15 шақты ел жетекшісі және үкіметбасылары қатарында, АҚШ-тың бірінші ханымы Лаура Бушпен бірге оның қызы Барбараның да келуі жоспарланған.

Сонымен, ХХ Қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 11-і, сенбі күні басталады. Ақпанның 15-і, сәрсенбіде, қазақстандық хоккейшілер өзінің алғашқы сайысын швециялық әріптестерімен бастамақ.
XS
SM
MD
LG