Accessibility links

Қазақстандағы бірқатар қоғамдық ұйымдар Мұхаммед пайғамбарды әжуалайтын суреттердің жариялануынан кейін қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық танытады


Ақпанның 10-ы күні Қазақстанның кейбір зиялы қауым өкілдері мен халықаралық «Еуразия диалогы тұғырнамасы» қоғамдық ұйымы еуропалық бірқатар елдердегі басылым беттерінде Мұхаммед пайғамбарды әжуалау суреттерінің жариялануынан кейін қалыптасқан жағдайға орай алаңдаушылықтарын жеткізді. Олар бұл ретте қоғамды ашық сұхбатқа шақырып отыр. Сондай-ақ, бұл оқиға бойынша өз пікірлерін білдірген Алматыдағы православ және синагога діни басқарма өкілдері де дау-дамайға себепші болған суреттерді жариялағандарды айыптайтындықтарын білдірді.

Мұхаммед пайғамбарға жасалған әжуа суреттердің жариялануы және одан кейін қалыптасқан жағдай дінаралық емес, жеке адамдардың мүддесінен туындаған проблема. Бұл – адамдарға өркениеттіліктің жетіспеуінің салдары, дейді «Еуразия диалогы тұғырнамасы» ұйымының мүшесі, академик Ғарифолла ЕСІМ:

- Бір арзан сенсация үшін, айналасына шу шығару үшін жасалған. «Атың шықпаса, жер өрте» дейді қазақ. Өркениеттілік санасы бар, адамды құндылық ретінде бағалайтын адам ешқашан олай жасамайды. Өкінішке орай, жер бетіндегі 6 миллиард қандастарымыздың ішінде өркениеттілік санасы дамымаған адамдар бар.

Әлем зиялыларын өзара сұхбатқа шақыратын халықаралық ««Еуразия диалогы тұғырнамасы» қоғамдық ұйымының төрағасы Челикбаш ӘЛИ болса, суреттердің жариялануының екі себебі болуы мүмкін деп болжам жасап отыр:

- Біріншісі, кейбір кісілер әлемдегі қазіргі ахуалға қарап, христиан және мұсылмандарды қақтығыстыру үшін мұны пайдалануы мүмкін. Екінші жағынан, баспасөзге рейтинг керек. Содан кейін рейтингісін өсіру үшін басқа басылымдар да пайдаланады.

Ал орыс православ дінінің Астана және Алматы епархия басқармасының священигі Александр ИЙБЛИВ бұл оқиғада үшінші саяси күштің әсері бар деген ойда.

- Мұның артында тұрған қандай да бір үшінші күш бар. Ол алдымен арандатып алады да, сонан кейін жағдайды басқаруға ұмтылуы мүмкін. Мұсылман бауырлардың ашу-ызасы түсінікті. Бірақ, бір күні жаңағы үшінші күш келіп, олар бағынбайды, олардың не істеп жатқанын көрдіңіздер ме деп шығуы мүмкін. Мен саяси күштердің бұл жағдайды өздерінің жеке мүдделеріне пайдалана ма деп қауіптенемін, - дейді священник Александр Ийблив.

Ол бұл ретте суреттерді жариялаушылардың жауапсыздығын тілге тиек етсе, ел қасиетті деп есептейтін адамдардың суреттерін салу және оны жариялау құдай заңына да қайшы дейді Қазақстанның бас раввині Ельханан КОГЕН.

- Бұлай жасау адамшылыққа жатпайды. Екіншіден, заң бойынша қасиетті болып есептелетін адамның күлкілі суретін салуға болмайды. Себебі, егер ол әулие адам болса, оны салған сурет құдайды қорлағанмен тең, - дейді Бас раввин Ельханан Коген.

Православ діні басқармасының священигі Александр Ийблив суреттердің жариялануынан кейін қалыптасқан жағдайға алаңдаушылығын танытады. Ол бұл жайт Қазақстандағы жұртқа да әсер етуі мүмкін деген қаупін білдірді.

- Батыс елдерінің бір бөлігі мұхиттың ар жағында. Оларға төнер еш қауіп жоқ. Ал біздің еліміз қақтығыс ошағына айтарлықтай жақын орналасқан. Сондықтан, ол жерде пайда болған кез-келген қақтығыс біздің тыныш та, бейбіт тіршілігімізге қауіп төндіреді. Сол себептен, өте, өте, өте абай болған жөн! - дейді орыс православ дінінің Астана және Алматы епархия басқармасының священигі Александр Ийблив.

Ал философ әрі дінтанушы Ғарифолла Есім бұл оқиғадан Қазақстанға келер айтарлықтай қауіп жоқ деп есептейді:

- Мұндай жағдай да бізде жоқтың қасы. Сондықтан, оның әсері де жоқ.

Дегенмен, Қазақстанда 2005-ші жылдан бастап жұмыс істей бастаған «Еуразия диалогы тұғырнамасы» ұйымы осы тақырып бойынша барлық ұйымдарды және жеке азаматтарды өзара сұхбатқа шақырып отыр. Соның нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірлейміз дейді бастамашылар.
XS
SM
MD
LG