Accessibility links

Жазушы Рамазан Тоқтаровтың шығармашылық кеші болып өтті

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақ әдебиетінің көшіне бір топ толқынның келіп қосылғаны белгілі. Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, тоталитарлық жүйе кезінде қалыптасып үлгірген сеңді бұзуға алпысыншы жылдары келген буынның өкілдері зор үлес қосты. Осы толқынның ішінде ешкімге ұқсамайтын жазу ерекшелігімен танылған қаламгерлердің бірі – Рамазан Тоқтаров көзі тірі болса бүгінде жетпіс жасқа толар еді.

Ақпанның 10-күні Алматыдағы Қазақстан Жазушылар Одағында жазушы Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығына арналған кеш болып өтті. Жазушының достары мен қаламгер қауым Рамазан Тоқтаровтың бейнесін еске алып, оның рухына тағзым етті. Әдебиет сүйер қауымның арасынан жоғары бағасын алған “Ғасыр наны”, “Тұлпардың сыны”, “Абайдың жұмбағы” сынды шығармалардың авторы жазушы Рамазан Тоқтаров дүниеден өтерінің алдында Мемлекеттік сыйлыққа ие болғанымен, оны өз қолымен ала алмай кетті. Жазушының “Бітеу жара” атты соңғы романы да Рамазан Тоқтаров дүниеден өткеннен кейін ғана жарыққа шықты.

Филология ғылымының докторы, әдебиет сыншысы Бақытжан Майтановтың айтуынша, жазушы Рамазан Тоқтаровтың шығармалары жаңашылдық сипатымен ерекшеленеді. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Бақытжан Майтанов жазушының тырнақалды туындыларынан-ақ модернистік бағыттағы сипаттың сарыны анық аңғарылатындығын атап өтті. Ал, жазушының “Бітеу жара” атты романында тоталитарлық жүйе кезіндегі социалистік реализмнің қасаңдығы қатты сынға алыныпты.

Қазақстан Жазушылар Одағының екінші хатшысы Талаптан Ахметжанның айтуынша, Рамазан Тоқтаров қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жазушы. “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет болса, Рамазан Тоқтаровпен Мәскеудің әдебиет институтында бірге оқығандығын жыр жолдары арқылы жеткізді. Жазушының артында қалған жары Күлмәшкен Мұқанқызы Рамазан Тоқтаровтың өте еңбекқор болғандығын айтып берсе, кенже қызы Бақыт әкесінің өзін еркелетіп өсіргендігін еске алды.
XS
SM
MD
LG