Accessibility links

Алматының базарында еңбек ететін шетелдік еңбек мигранттарын көші-қон полициясы тексере бастады


Ақпанның 10-ы күні Қазақстанның полиция сақшылары мен салық қызметкерлері Алматыдағы жұрт арасында «барахолка» аталып кеткен көпсалалы базарларда еңбек етіп, нәпақа тауып жүрген шетелдік азаматтардың құжаттары мен іс-әрекетінің заңдылығын тексере бастады. Заң өкілдерінің айтуынша бұл арнайы шара 4 күнге созылады деп жоспарланыпты. Ал жұма күні Алматы базарларында жүргізілген тексеру нәтижесінде құжаттары дұрыс емес деп танылған 30-ға жуық азамат анықталып, олардың бір тобы айыппұл төлесе, енді бірқатарын қазақстандық заң орындары алдағы бір-екі күнде отандарына кері қайтармақшы.

Алматының базарларында сауда жасап, жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары ақпанның 10-күні таңертеңгі сағат 10 бастап полиция сақшылары мен көші-қон полициясының мамандарының және салық комитеті өкілдерінің тексеруіне тап болды. Олар базарға келген бетте осында саудамен шұғылданып жүрген Тәжікстан азаматтарын тексере бастады, дейді Алматының «Болашақ» базарында сауда жасап тұрған, бірақ өз есімін атағысы келмеген азамат «Азаттық» тілшісіне.

Ал Алматы қалалық ішкі істер басқарма мамандарының айтуынша, мұндай тексеруді олар әлі 3 күн жүргізбекші көрінеді. Осы уақыт аралығында мамандар Қазақстанға шетелден келіп жұмыс істеп жүрген азаматтарды тексермек.

«Бүгін біз анықтаған кейбір шетелдік азаматтардың құжаттары дұрыс емес, біз тексеруді салық полициясының мамандарымен бірлесіп жүргіздік, соның нәтижесінде шетелден келген азаматтардың тең жартысы заңда көрсетілген әлеуметтік салықты мемлекетке төлемегені анықталды. Олар еңбек құқығын бұзғандар болып табылады. Енді біз олардың елдерімен хабарласамыз, барлығын анықтағаннан кейін оларды Отанына қайтарамыз. Қаңтар айында осындай 53 азаматты еліне қайтарғанбыз, олардың да құжатын 2 күнде қайтарып жібердік», - дейді Алматы қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің маманы Ерлан Райымбек.

«Болашақ» базарында тексеруге түскен Тәжікстан азаматы полиция сақшылары оның құқығын бұзғанына наразы. Оның айтуынша, полиция сақшылары оған жиналуға мүмкіндік бермей, жергілікті жердегі ішкі істер басқармасына алып кеткен, ал бұл уақытта оның сауда орын ашық қалып, салдарынан әлгі азамат біраз заттарын ұрлатып алыпты.

«Біз жұмыс істеп жатқан орыннан 7-8 мың теңге ұрланды. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес, әдетте осылай келеді де алып кетеді, ал біздің сауда орнымыз бақылаусыз қалады. Қайта оралып келгенімізде саудаға түсуі тиіс затымыздың тең жартысы жоқ болады», - деп шағымданды тәжік азаматы.

Қазақстанға келіп, жұмыс істейтін шетел азаматтарының құқығы жиі бұзылатынын Адам құқығын қорғау және заңдылықтың сақталуын бақылау жөніндегі қазақстандық бюро жетекшісі Евгений Жовтис те айтып отыр. Маманның пікірінше, Қазақстан үкіметі бұл мәселені шешу үшін арнайы заң қабылдауы керек.

«Бізге шетелден әкелінетін арзан жұмыс күші керек екені ақиқаттан анық, ал шетелден келетін азаматтарға Қазақстанда жұмыс істеген тиімді, сол себептен екі жаққа да тиімді болу үшін арнайы заң керек», - дейді қазақстандық адам құқығын қорғаушы.

Сонымен қатар, заңгер-маман Евгений Жовтис, бүгінгі таңда мигранттардың құқығын қорғайтын әлгіндей заңның пайда болғанын қаламайтындар да бар, себебі бұл кейбіреуге өте пайдалы жұмыс дегенді айтады. Әйткенмен, шетелден Қазақстанға келіп, жұмыс істеп жүрген азаматтардың құқығын қорғауды көздейтін арнайы жоба әзірленіп жатыр екен. Жовтис мырза ол жобаны адам құқығын қорғаумен шұғылданатын бюро Біріккен Ұлттар Ұйымы және Халықаралық Миграция жөніндегі ұйыммен бірігіп әзірлеп жатқанын хабарлады.

«Әзірге біз оларға тек кеңес бере аламыз. Біз бар жайтты түсіндіріп, мигрантқа Қазақстан заңдары бойынша, ол қандай мүмкіндікке ие болатыны туралы, өз кезегінде мигрант қандай талаптарды орындауы тиістігін айтып, егжей-тегжейлі түсіндіріп береміз», - дейді Халықаралық Миграция жөніндегі ұйымның Алматыдағы кеңсесінің өкілі Екатерина Бадикова.

Заңгер-мамандар Қазақстанға Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін сол елдің азаматтарының құқығы қорғалуы үшін аталған мемлекеттердің жетекшілері мигранттардың мәселесін түрлі кездесулерде көтеріп қана қоймай, нақты нәтиже шығатындай жағдай жасауы керек дейді.
XS
SM
MD
LG