Accessibility links

Өзбекстанда шетелдік бейүкіметтік ұйымдарға деген қысым барынша қатаңдатыла бастады

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Әлемдегі елдердің азаттық, еркіндік жағдайын зерттеп келе жатқан АҚШ-тық ұйым «Фридом Хаус», Әндіжан қаласында өткен жылғы мамырда болған кісі қырғынынан кейін көп өтпестен-ақ, түрлі кедергіге ұшырай бастағандығы ақиқат. Ол мамырда Әндіжандағы бейбіт жиын кезінде Өзбекстан үкіметтік күштерінің оғынан бірнеше жүздеген өзбек азаматы құрбан болған еді.

«Фридом Хаустың» бағдарлама директорының орынбасары Лиза Дейвистің айтуынша, Самарқандта мамырдың соңында өткен жаттығу сессиясы кезінде 15 кісілік бір топ ұйым қызметкерлерін семинар өтетін ғимаратқа кіргізбеген. Оларды уаххабшылар - Өзбекстанның қас дұшпаны деп қаралаған.

- Біздің қызметкерлеріміздің бәрін дерлік тергеу, сұрауға алды, қысым жасады. Олардың арасында бағдарлама жүргізушісі - өзбек азаматы да бар. Оны Университеттегі жұмысынан да қуды, - дейді Лиза Дейвис.

Оның айтуынша, ұйым үстінен сот ісі 2005 жылдың қарашасынан басталып, 2006-жылдың 11-ші қаңтарына дейін жалғасқан, алғашында өз жұмысын профессионалдық деңгейде бастаған судья әйел, 8 адамның қолдап куәлік бергендігіне қарамастан, «Фридом Хаусты» заң бұзды деп шешкен.

Бірақ ұйымның атқарушы директоры Дженифер Виндзордың тілшімізге айтуынша, олар Өзбекстандағы адам құқықтары мәселесіне байланысты сербиялық, хорватиялық және әзербайжандық қызметкерлерін қалдыра тұрмақ.

- Біз ұйымымыздан ешкімді қызметтен шығармақ емеспіз. Себебі, бұл арадағы адам құқын қорғаушылар үшін қиын кезең туды. Сондықтан оларға «Фридом Хаус» пен халықаралық қауымдастықтың қолдауы қажет, - дейді Виндзор ханым.

Директордың айтуынша, оларға тағылған айыптың бәрі заңсыз, ойдан шығарылған.

- Қойылған айыптар және берілген куәліктер өте сорақы еді. Бұл Өзбек үкіметінің адам құқықтары саласында өз халықаралық міндеттерін орындамай отырғандығын көрсетеді, - дейді Виндзор.

«Фридом Хаустың» 2006-жылғы рейтингі нәтижесіне қарағанда, саяси құқық және азаматтық бостандық бойынша, Өзбекстан тағы да алты ел – Солтүстік Корея, Ливан, Куба, Сирия, Судан және Бирмамен бірқатар ең төменгі сатыда тұр. Өзбекстанда соңғы жылдары президент Каримовтың режимі қудалауынан 200-дей жергілікті ұйым жабылып, бірқатар халықаралық бейүкіметтік ұйымдар ол елден шығып кетуге мәжбүр болды. Олардың арасында, «Интерньюс», БиБиСи және Ашық қоғам институты бар.

Ал Әндіжан қырғынынан кейін Өзбекстан мен Батыс елдері арасында кикілжің туып, ақыр соңында Өзбекстан өзінің Ханабадтағы әуе алаңынан АҚШ әскери қосындарын шығарып тынды.
XS
SM
MD
LG