Accessibility links

«Сонар 2006» құсбегілер жарысы өтті

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Ақпанның 11 күні Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра аулының маңайындағы арнайы алаңда «Сонар 2006» атты құсбегілер жарысы болып өтті. Жылда өтіп тұратын бұл дәстүрлі жарысқа биыл Қазақстанның 6 облысынан 30-ға жуық құсбегілер қатысып, қырандарының бағын сынап бақты. Бұл жарыстың жеңімпазы болып осы Нұра ауылының байырғы құсбегі - Әбен Тоқтасынов ақсақалдың «Ақ желке» атты бүркіті танылып, 120 мың теңге жүлдеге ие болды.

Қазақстан тәуелсіздігін алғалы Қазақ пен қырғызға ортақ мыңдаған жыл тарихы бар байырғы кәсібі – құсбегілік, спорттың бір түріне айналып осындай жарыстардың өткізіле бастағалы бірнеше жыл болды. Тойшыл қазаққа тән баяғы сән мен салтанат! Таудың бөктеріндегі жазыққа киіз үйлер тігілген, машинадан музыка ойнап тұр. Саңқылдаған қыран дауысы мен ығы- жығы адам даусы. Думан. Дала көктемдегідей, ақпанның бірінші жартысы болса да - қар жоқ! Жаңа заманға сай жазықтағы жарыс алаңын жалаушалармен бір жағын қоршап қойса, бір жағы ашық даламен ұласып жатыр. Қашқан аң еркін сезінсін дегені болар... Жарыстардың ұйытқысы - облыстық әкімшілік пен Республикалық «Қыран» федерациясы. Алматы облыстық дене тәрбиесі мен спорт басқармасының бастығы Тұратбек Шарапиев бұл жарыс жайлы былай деді:

«Бүгінгі өткізіліп отырған жарыс дәстүрлі жарыс. Биыл тоғызыншы рет өткізілдіп отыр. Осыған байланысты облыс әкімінің өкімі шығып, арнайы осы жарысқа ақша бөлінді . Енді жүлдеге деген ақшасының саны 460 мың теңге».

Осы жолғы құсбегілер жарысы бүкіттер мен қаршығалар арасында үш түрлі шеберлік бойынша өтті. Бұл жарысқа қырандардың осы екі түрі ғана келіпті. Алғашқыда қырандар шырғыға түсуден күш сынасса, екінші - қаршығалар кептерге түсіп байқасты. Одан кейін құсбегілер қырандарын қоян мен түлкіге салды. Жарысқа қатысқан құсбегілердің жас арасы 16 жастан бастап, сексенді алқымдаған ақсақалдарға дейін бар. Біразы әкелі-балалы, тіпті арасында осындай жарыстарға бесінші рет қатысып отырған қарағандылық 20 жасар қыз бала - Мақпал Әбдразақова да бар. Кейбір қырандар тамаша бап танытса, кейбірі, қу түлкілерге дөп түсудің орнына жер қауып, көпшіліктің күлкісіне айналып та жатты. Ал бір ажалдан құтылған түлкі қу даланы кезіп кете барды...

«Қырандар түздің жабайы қоянына емес, не орғытып қашуды білмейтін үй қояндарына түскеніне мәз болғаны, саятшылық құмар құрышын қандыра алмады», - дейді кейбір кәнігі көрермендер. Жарыс қортындысы бойынша жеңімпаз қыранның иесіне арнайы тағайындалған сыйлық салтанатты түрде табыс етілді:

«Сонар-2006» жарысының бас жүлдесі бірінші дәрежелі дипломы мен 120 мың теңге ақшалай сыйлықпен Тоқтасынов Әбен ағамыз марапатталады!»

Бүркітшілерден екінші орынды алған Құрманғали ұлы Әбдікерім екінші дәрежелі диплом мен 90 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталса, үшінші орындағы Исабеков Бекмұханға диплом мен 70 мың теңге сыйлық берілді. Ал қаршығашылардан жүлдені Тараздан келген әкелі-балалы Бауыржан мен Ержан Ешметовтар иеленді.

Алматы облыстық әкімнің кеңесшісі Серік Мейірханұлының айтуынша, «биылғы жарысқа 6 облыстан: Ақмола, Атырау, Алматы, Шымкент және Қарағандыдан 29 бүркіт пен екі қаршыға келіпті. Соның ішіндегі 29-дың 20-сы Алматы облысы болып жатыр, Алматы облысынан шыққан жиырманың 14-ті өздеріңіздің табандарыңыз тиіп тұрған қасиетті Еңбекшіқазақ ауданынан. Бекер бұл жерден болып тұрған жоқ, өйткені біздің осы жердегі құсбегілер мектебін басқаратын Әбен ағамыздың арқасы. Бәріңізге де табыс тілейміз! Жылдан-жылға өстіп біздің санымыз да сапамыз да өсе берсін!»

Жарысқа келген құсбегілеріне арнай сөйлеген сөзінде «Қыран» федерациясының төрағасы Нұрлан Өнербаев бұл дәстүрді жаңғыртудың саяси мәні барлығын айтады:

«Бұл енді біздің ата-бабамыздан келе жатқан үлкен құсбегілік өнері. Алдында біраз жылдар бұл назардан тыс қалып қалғаны болмаса, қазір бұны ұмытпай осы бүгінгі жастарға жалғастырып келе жатқан аталарымыз бар. Мұның бәрі мемлекет тарапынан қолдау тауып отырғаны рас. Оның бірден-бір қолдау тапқан жері - елбасымыздың өзі болып ендіріп отырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында, біздің ұлтымыздың дәстүрімізде бар кез-келген өнер түрін дамыту! Халықаралық деңгейге көтеріп, насихаттап жатсақ, бұл бірінші кезекте біздің еліміздің абыройы үшін, мемлекетіміздің беделі үшін жұмыс істейтін нәрсе».

Қазақстанда құсбегілер жарыстары тек Жетісуда ғана болмайды. Құсбегілік дәстүрі сақталған арқа жерінде де болып тұрады. Жоспар бойынша келесі жарыс ақпанның 20-ларында Ақмола облысында өтуі тиіс.
XS
SM
MD
LG