Accessibility links

Қазақстандық оппозиция қайраткері, экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы белгісіз жағдайда қаза тапты

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Ақпанның 13-күні Алматы қаласының маңында Қазақстандағы оппозиция қайраткерлерінің бірі, бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен тағы екі адамның мәйіттері табылғаны мәлім болды. Серіктерінің айтуынша, Алтынбек мырзаның қол телефоны өткен сенбіден бастап байланысқа шықпаған. Мәйітті көргендер А.Сәрсенбайұлын әлдекімдер қасақана атып өлтірген деп отыр.

Дүйсенбі күні Қазақстандағы бірқатар ресми және бейресми ақпарат көздерінде оппозициялық қайраткер, экс-министр Алтынбек Сарсанбайұлы мен оның екі көмекшісі аңшылықта қаза тауыпты деген суық хабар тарады. Бұл хабардың анық-қанығын білмек болып Алматы қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқан «Азаттық» тілшісіне өз аты-жөнін атаудан бас тартқан осы ресми мекеменің қызметкері өздерінде мұндай ақпараттың бар екендігін жасырмағанымен, бұл жөнінде толық мағұлымат беруден бас тартты. Оның себебін ол әлгі оқиғаның Алматы облысында орын алғандығымен түсіндірді. Ал, бұл күні Алматы облыстық ішкі істер басқармасы да, Астанадағы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің баспасөз қызметі де бұл жөнінде ешқандай мағұлымат бермеді.

Оппозиция қайраткерінің өлімі туралы ақпарат журналистер қауымына лезде тарады. “Жас Алаш” газеті бас редакторының орынбасары Жұлдыз Әбділда бұл жағдайдан хабардар болғандығын айтып, ең соңғы рет экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлының сенбі күні осы басылымға сұхбат бергенін сөз қылды. Оның айтуынша, содан кейін Алтынбек Сәрсенбайұлын ешкім көрмеген. “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының мүшесі Әміржан Қосановқа біз сағат кешкі бес кезінде хабарласқанымызда, ол оппозицияның өзге өкілдерімен бірге Көктебенің жанында тұрғандарын, бірақ полиция қызметкерлері ол жерді қоршауға алып, қаза болғандардың мәйіттері жатқан жерге ешкімді жібермей жатқанын айтты. Ә.Қосанов мырзаның айтуынша, 12-ақпаннан бері Алтынбек Сәрсенбайұлының қол телефоны жауап бермеген. Сондай-ақ ол қаза болғандардың жансыз денелерін қаланың маңайында бақташылар тапты деген ақпараттың бар екендігіне тоқталды.

Бірқатар ақпарат агенттері таратқан хабарларда экс-министр А.Сәрсенбайұлының аңшылыққа шыққан кезде қаза тапқаны айтылды. Ал, 13-ақпан күні кешкі сағат жетіден асқанда “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының баспасөз қызметінің хатшысы Айдос Сарым «Азаттық» радиосы тілшісіне экс-министр мен оның екі көмекшісінің қазасына қатысты кейбір деректердің мәлім болғанын хабарлады. А.Сарымның айтуынша, қаза болған үшеудің қолдары байланған, бір рет жүрек тұсынан және бір рет бастан атқан оқ іздері анықталған.

Бұл ақпаратты “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының мүшесі Әміржан Қосанов та растады. Ол қазіргі уақытта бұл оқиғаның егжей-тегжейін анықтау үшін адвокаттар жұмыс атқарып жатқанын да хабарлады.

Соңғы үш айда Алматыда осымен екінші оппозиция қайраткері жұмбақ жағдайда қазаға ұшырап отыр. Мұның алдында, былтырғы жылғы қарашаның 12-і кешке Алматыдағы өз үйінде бұрынғы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы, 2004 жылдың көктемінен бастап президент Н.Назарбаевты қатты сын тезіне алып, оған қарсы шыққан Заманбек Нұрқаділов белгісіз жағдайда қаза болды. Ол екі рет кеуде тұсынан және бір рет басынан атқан оқтан қаза болғаны айтылды. Ол қазаға қатысты тергеу жүргізген заң орындары Нұрқаділов өзін-өзі атып өлтірді деген байлам жасағанымен, оппозиция Заманбек мырза саяси қастандықтың құрбаны болды деп таныды.

43 жастағы Алтынбек Сәрсенбайұлы – 1993-інші жылдан бастап Қазақстанның баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, 2001-інші жылдан Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі сынды лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарды. Ал 2003 жылдың күзінен бастап Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстан оппозициясының қатарына қосылып, «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы болып сайланды. 2004 жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтер алдында Алтынбек Сәрсенбайұлы аз ғана мерзімге ақпарат министрі қызметіне қайта оралды. Алайда, сол жылы күзде өткен парламент сайлауы заң талаптарын өрескел бұрмалаушылықпен өткізілгенін мәлімдеп, оған наразылық ретінде министр қызметінен кетті. 2005 жылдан оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы және «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының төралқа мүшесі болды.
XS
SM
MD
LG