Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.14.2006 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбі күні жарық көрген мерзімді және интернет басылымдарында кезінде лауазымы жоғары қызметтерді атқарған, өмірінің соңында оппозиция белсенділерінің бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы туралы сөз болыпты.

“Литер” және “Экспресс К” басылымының ақпараттар ағымында 13 ақпан күні 11 сағат 40 минутта Көктебе мен Талғар ауданындағы 12 бригада ауылының арасындағы жолда, кезінде лауазымы жоғары қызметтерді атқарған, өмірінің соңында оппозицияның белсенді мүшелерінің бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлының және әзірше әлі кім екендері анықталмаған екі адамның оқ тиіп қаза тапқан денесінің табылғандығы хабарланыпты. Аталмыш мақалада дәл қазіргі уақытта осы орын алған төтенше оқиғаға байланысты ішкі істер министрінің орынбасары Қасымовтың басшылығымен шұғыл топтың құрылғандығы айтылыпты.

“Айқын” газетінда Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына көңіл айтқан жедел хат жолдағандығы баяндалыпты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын толық зерттеу үшін Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы мен Ішкі Істер Министрлігіне арнайы тапсырма беріп, ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановқа тергеу жұмыстарын тікелей бақылауына алуын тапсырыпты.

“Казахстанская правда” газетінде берілген қысқаша қазанамада Алтынбек Сәрсенбайұлының әр жылдары түрлі мемлекеттік мекемелерде лауазымы жоғары қызметтерді атқарғандығы сөз болыпты. Атап айтқанда Алтынбек Сәрсенбайұлы кезінде Мәдениет ақпарат және қоғамдық келісім министрі, Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше әрі өкілетті елшісі болған.

Сейсенбі күнгі жарық көрген басылымдардың ішінде “Жас Алаш” газеті ғана бұл тақырыпқа айрықша назар аударыпты. Газеттің бірінші бетінде саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының суреті беріліп, 14 ақпан күні Алтынбек Сәрсенбайұлының “Жас Алаштың” редакциясында оқырман сұрақтарына жауап беруге тиіс екендігі баяндалыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, бір бәленің боларын алдын-ала сезгендей Алтынбек Сәрсенбайұлы келіп түскен сұрақтарға ерте бастан жауап берейін, бірде-бір сұрақ көзден таса қалмасын деп, журналистерді кеңсесіне шақырыпты. Журналистермен болған соңғы әңгімесінде Алтынбек Сәрсенбайұлы “тәуелсіздіктің де негізгі мақсаты –қазақ ұлтын дамыту, оны алға бастыру, бәсекелестік жағдайында дүниежүзіндегі ұлттар арасында өз орнын ойып алатын болмысын сақтай алатын іргелі ұлтқа айналдыру. Тәуелсіздіктің басқа мақсаты жоқ. Егер бұл істі атқара алмасақ, онда бізге тәуелсіздіктің де қажеті жоқ. Он жыл бойы мемлекет құрып, оның бұғанасын бекітуге қызмет еттім, өкіметтің бір жаққа қисайып бара жатқанын сезіп, қызметтен кеттім” дегенді айтыпты. Сонымен қатар “Жас Алаш” газетінде Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірге қаза тапқан адамдардың оның көмекшісі мен жүргізушісі екендігі және олардың барлығының қол аяқтарының байлаулы болғандығы туралы соңғы келіп түскен ақпарат жарияланыпты. Алтынбек Сәрсенбайұлының басына оқ тиген, ал көлік жүргізушісі мен көмекшісінің денесінен бірнеше оқтың ізі табылған.

“Мизинов нет” интернет-басылымына берген шағын сұхбатында саясаттанушы Сәбит Жүсіпов Алтынбек Сәрсенбайұлының Қазақстандағы ең ірі саясаткерлердің бірі екендігін айта келіп, келесі президенттік сайлауда оның өз бағын сынай алатын тұлғалардың бірі болғандығына айрықша тоқталыпты. Ал, саясаткер Болат Әбілов “Мизинов нет” интернет-басылымына берген сұхбатында бұл орын алған оқиғаның басқа жерде болуы мүмкіндігі туралы жорамалдың бар екендігін хабарлапты. Оның айтуынша, қаза тапқан жігіттер сенбі күні жоғалып кеткенімен, олардың көліктері әлі күнге шейін табылмапты.

«Нағыз Ақ жол» интернет-парақшасында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қазасына байланысты түрлі жормалардың бар екендігі сөз болыпты. Әлі расталмаған және теріске де шығарылмаған кейбір мәліметтер бойынша Алтынбек Сәрсенбайұлының денесі даладан табылған, кейбір ақпарат көздері белгілі саясаткердің денесінің көліктің ішінен табылғандығын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG