Accessibility links

Түрікменстан: газ бағасы саласындағы жаңа дау-дамайлар


Түркімен еліндегі табиғат байлығы көгілдір отын – газдың өзге елдер үшін де ерекше зәру өмірлік зат екендігі айтпаса да түсінікті жәйт. Осыдан бір жарым айдай бұрын Украина мен Ресей арасында газ бағасы жөнінде үлкен дау туған кезде, ол тығырықтан шығу үшін Түркімен газы алатын орынның маңызды екендігі Нью-Йорк басқосуында арнайы атап өтілген болатын. Сол жағдайға байланысты, енді, Түркімен газын шетелдерге қалай, қай жолмен тасу мәселесі де ерекше маңызға ие бола бастады.

Түрікменстан астанасы Ашғабатта ақпанның 14-күні басталған жиында алдымен осы мәселе жіті назарда болды. Келіссөздерге Ауғанстан, Үндістан және Пәкістаннан келген ресми өкілдер қатысты. Бұл басқосудың негізгі мақсаты - өзара тиімді газ құбырын салу еді. Соңғы кездерге дейін мұнай мен газ бағасындағы стратосфералық тұрақтылық болғанымен, 21-ғасыр келіп, энергия саласында мәселелер туындай бастағандығы ақиқат. Бір кездері өз әскери күш-қуатымен әлемдік үстемдікке ие болған Ресей, сонымен қатар Еуропаға газ жеткізетін негізгі ел ретінде де өз өктемдік геосаяси мәнін әлі жоғалта қоймаған мемлекет. Ресейден кейін, газ экспорты саласында, мұндай беделге ие болған елдердің екеуі - Қазақстан мен Түркіменстан екендігі белгілі.

Дегенмен, соңғы екі республика халықаралық базардан шеттеу болып, экспорттық құбыр жолдары бойынша Ресейге тәуелді болғандықтан энергетикалық саясаттан да жырақтау қалып келгендігі жалған емес. Міне енді, әсіресе, газ бағасы және онымен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінің төріне шыға бастаген кезде, бейтарап ел Түркіменстанның мінезге бай жетекшісі президент С.Ниязов газ саудасы базарына бел байлап кірісетіндей түрі бар.

Атап айтсақ, ақпанның 10-күні С.Ниязов мемлекеттік теледидардан шығып, өз газының бір мың шаршы метрі, енді 65 доллардан кемінде 100 долларға дейін көтерілетіндігін жариялады. Бірақ президент С.Ниязов, осыдан 40 күндей бұрын, Украина мен Ресей, үлкен дау-дамайдан кейін, газ бағасын орташа есеппен 95 долларға түсіргенде сол Түркімен газының айтарлықтай үлесі барлығын назарға алмағандай. Ал енді Түркіменстан газ бағасын алдағы кезде кемінде 100 доллар деп белгілейтін болса, бұл алдымен Украина экономикасына соққы болып тиеді.

«Газета.ру» интернет сайтының таратқан дерегіне қарағанда, Украина 2006-жылы Ресейден 17 млрд, ал Түркіменстаннан 39 млрд текше метр газ алмақ. Түркіменнің газ бағасының 53 пайызға көтерілуі, Украина-Ресей шартымен белгіленген импорттық баға деңгейін 20-25 пайызға дейін ұлғайтады, яғни ол кезде газ бағасы 95 доллардың орнына 114-119 долларға дейін жетпек. Тіптен Ресейлік Газпромның «Ведомости» газетінде жазғанындай, президент С.Ниязов бұл алған бетінен қайтпаса онда, Украина алдағы кезде 1 мың шаршы метр көгілдір отын үшін 130 доллар төлеуі қажет болар.

Ал егер газ бағасы 100 доллардан асатын болса, онда Украина өнеркәсіп саласында ешқандай табысқа жете алмауы мүмкін екен. Ресейдегі «ИнтерФин» қаржылық тобынан Ариф Зейналовтың «Газета.ру» интернет сайтына айтуынша, әрең қол жеткізілген Ресей-Украина келісіміне кесір болып тиюі мүмкін. Оның салдары ауыр болмақ.

«Бұл өз кезегінде Ресейдің Украинаға деген қысымын одан әрі қатаңдата түсуі мүмкін», - дейді Мәскеудегі «АВК» тобынан талдаушы Михаил Бакулев.

Бірақ Түркіменстанның бұл жоспары жөніндегі мәлімдемені Украина бас министрі Ехануров ресми емес дерек дейді. «Время новостей» газетінің 13-ақпандағы жазуына қарағанда, С.Ниязов газ бағасын екі-үш есеге көбейтеміз деудегі мақсаты - өзара тікелей келіссөздерді қалайтындай. Газетке сенсек қаңтарда Мәскеуде болып, президент Путинмен кездескенде Ниязов газ экспорты кезінде Түркіменстанға тиесілі үлес талап еткен секілді. «Газпромның» басшысы Алексей Миллердің ақпанда Ашғабатқа баруы Ниязовтың соңғы мәлімдемесінің нәтижесі де болуы мүмкін екен.

Сонымен, Түркіменстан басшысы С.Ниязов өз елінің газын шетке шығару үшін баламалы бағыт іздеуге белсене кірісіп отыр. Ашғабатта ақпанның 14-інде, Үндістан, Пәкістан және Ауғанстанның қатысуымен 4 тараптық келіссөздерге отыруының да негізгі мақсаты осы газ құбыры мәселесі секілді. Жалпы, ақиқат бір нәрсе - Түркімен газы болмаса, Ресей бұрынғы бетінен қайтып, Украинаға 95 долларлық бағадағы газ ұсына алмаған болар еді. Ал енді, Пәкістан бағытындағы газ құбырын салу жобасы Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесіне тікелей байланысты екендігін де сарапшалар жоққа шығара алмайды.
XS
SM
MD
LG