Accessibility links

Алматы жұртшылығы белгілі саясаткер әрі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын ақтық сапарға шығарып салды

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Ақпанның 15-күні Алматы қаласының жұртшылығы республикаға белгілі саясаткер әрі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын соңғы сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу Алматы қаласындағы Ғылым Академиясының ғимаратында өтті. Азалы жиында сөйлеген марқұмның серіктері мен қоғам өкілдері бұл қазаны саяси қастандық деп атап, Қазақстанның билігінен елдегі оппозиция жетекшілерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлын атып өлтірген қылмыскерлер мен оған қатысты барлық кінәлі адамдарды анықтап, оларды заң алдында қатаң жазаға тарту туралы талап қойды. Сондай-ақ бұл өлімге қатысты моральдық және Конституциялық жауапкершілікті президент Н.Назарбаев дербес көтеретінін айтып, қазірде шетелде демалыста жүрген мемлекет басшысының шұғыл түрде Отанына оралып, елде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты Қазақстандағы барлық саяси күштердің қатысуымен парламенттің төтенше мәжілісін шақыруды талап етті.

Күннің ызғарлы суығына қарамастан, 15 ақпан күні белгілі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын соңғы сапарға шығарып салуға қарақұрым халық жиналды. Қаладағы Ғылым Академиясының алдына жиналған олардың көбі қолдарына Алтынбек Сәрсенбайұлының суреті мен қоғам қайраткерінің өліміне наразылық білдірілген сөздер жазылған ұрандар алып шықты. Сондай-ақ олардың қолында осыған дейін жұмбақ жағдайда қаза болған журналист Асхат Шәріпжановтың, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың, 14-жасында өмірі қыршын кеткен Оқсана Никитинаның, Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірге қаза тапқан оның көлік жүргізушісі Василий Журавлевтің суреттері болды.

Сағат 11 кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлының сүйегі Ғылым Академиясының ғимаратынан шығарылды. Жиналған көпшіліктің алдындағы қаралы жиынды “Әділетті Қазақстан үшін” республикалық қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай басқарды. Өз серіктесін соңғы сапарға шығарып салып тұрып Ж.Тұяқбай «қанішер жендеттердің Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевқа атқан оғы, қоғамдағы өзіндік ойы бар әр азаматқа қарсы атылған оқ» дегенді айтты.

Қаралы шеруде сөз сөйлеген Алтынбек Сәрсенбайұлының серіктестері Болат Әбілов пен Ораз Жандосов оның азаматтық мінезіне айрықша тоқталса, тәуелсіз журналист Сергей Дуванов: «бұл өлімге себепкер болған адамның атын мен қорықпай айта аламын, ол – «91 процент мырза», деді.

«Егер журналист Асхат Шәріпжанов пен саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің белгісіз жағдайдағы өлімінен кейін бұл саяси террорға биліктің қатысы болуы мүмкін екендігіне байланысты күдік болса, Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қазасынан соң осылардың бәрін де биліктің ұйымдастырғынына халықтың көзі анық жетті», - деді Сергей Дуванов.

Ал, сөз кезегі Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбекке берілгенде, көптеген азаматтардың көзіне жас үйірілді.

“Алтынбек – менің бауырым. Бүгін менің бауырым кесіліп тұр. Сол бауырдан қан сорғалайды. Жүрегімді умаждап-умаждап таптап тастағандай. Өзекті өкініш өрті шарпиды, кеудемде кек бар. Алтынбегімізді жауыздар өлтірді. Қорқаулардың қолынан қаза тапты. Оның не жазығы бар еді? Мен ел президентінен мынаны сұрағым келеді: Алтынбекті атқызған кім? Мен оның қызынан сұрағым келеді: Алтынбегімді сотпен жеңе алмағандар, оқпен жеңді ме? Соған енді масайрап жүрсіңдер ме?”, - деді журналист Рысбек Сәрсенбайұлы жылап тұрып.

А.Сәрсенбайұлын соңғы сапарға шығарып салуға зиялы қауым өкілдері де көп жиналды. Солардың бірі жазушы Қалихан Ысқақ «бүгін халқы ақтық сапарға шығарып тұрған белгілі қоғам қайраткері ең алдымен ұлттың қамын ойлаған санаулы азаматтардың бірі болды» деп сипаттады. Жазушының айтуынша, А.Сәрсенбайұлы өзінің қысқа ғұмырының ішінде өзінің ұлтына зор еңбек сіңірген азамат.

- Жақсының орны толмайды, жаманды жоқтамасаң да жоғалмайды. Қазақтың қаймаққа шыққан азаматтарын бірінен кейін бірінің көзін жойған қай суық қол болмасын, ұяттан безген, обал дегенді білмейтін адамдар болып шықты, - деді жазушы Қалихан Ысқақов.

Қаралы шерудің соңында «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының саяси кеңесінің мүшесі Әміржан Қосанов демократиялық күштердің Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты ресми билікке қатаң талап қоятындарын мәлімдеді. Ал қозғалыстың бас хатшысы Төлеген Жүкеев Қазақстандық оппозиция бұл қазаға саяси қастандық деген баға беретінін, Қазақстан билігінен елдегі оппозиция жетекшілерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлын атып өлтірген қылмыскерлер мен оған қатысты барлық кінәлі адамдарды анықтап, оларды заң алдында қатаң жазаға тарту туралы талап қойды. Сондай-ақ қазірде шетелде демалыста жүрген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан шұғыл түрде елге оралып, республикада қалыптасқан саяси жағдайға байланысты Қазақстандағы барлық саяси күштердің қатысуымен парламенттің төтенше мәжілісін шақыруды талап етнке мәлімдеме-үндеуді оқыды.

Қаралы жиын аяқталғаннан кейін, оған жиналған халық белгілі саясаткер, әрі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының мәйітін иыққа көтеріп, Ғылым Академиясының ғимаратынан Алматының орталық даңылдарының бірі – Достық даңғылымен Бөгенбай көшесінің бойына дейін жаяу көтеріп апарды. Марқұмның сүйегі Алматыдағы “Кеңсай” зиратында, осыдан тура үш ай бұрын жұмбақ жағдайда өз үйінде қарудан атылған үш оқтан қаза тапқан қазақстандық оппозиция қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың қабірінің маңына жерленді.
XS
SM
MD
LG