Accessibility links

Ауғанстаннан Кеңес әскерилерінің шығарылғанына 17 жыл толды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ақпанның 15-і күні Кеңес әскерилерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 17 жыл толды. Осыған орай Ауған соғысының ардагерлері мен жұртшылық Алматыда Ауған соғысында және өзге шетелдере қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің құрметіне тұрғызылған ескерткіш басына гүл шоқтарын қойды. Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері одағы және “Айбын” атты үкіметтік емес ұйым жетекшілері ақпанның 15-ін интернационалист-жауынгерлер күні деп атау жөнінде ұсыныс білдіріп, Қазақстан парламентіне ашық хат жолдады.

18 жасында Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына аттанған Бақытбек Смағұлов Ауған соғысында бір ротадан жалғыз өзі тірі қалып, туған жеріне аман оралған жауынгер. Ол «Азаттық» радиосының тілшісімен әңгімесінде осыдан 25 жылдай бұрын жат елде өзі бастан кешкен сол бір аса қиын кезең туралы тебірене отырып еске алды.

“Сол уақыттарда әскерге бармаған жігіттің өзін ер-азамат деп сезіну қиын болатын. Сол 1979-81 жылдарда қатардағы жауынгер есебінде әскери борышымды Ауған жерінде өтеп қайттым. Оның жазылмас жаралары ширек ғасырдан астам уақыт өтіп кетсе де жүректе қалып қойды. Соғыс деген адамзаттың бүгінін ғана бүлдіріп қоймай, болашағыңа да балта шабатын қасірет. Ондай жағдайды бастан кешіп келген ауған соғысының ардагерлері осы бір бейбіт күннің тұрақты болуын қалайды”, - дейді Бақытбек.

Ауған соғысынан Бақытбек Смағұловпен бірге оралған 23 адамның бүгінде тең жарымы өмірден озыпты. Ресми мәлімет бойынша 1979-1989 жылдарда ауған жерінде болған соғысқа Қазақстаннан қатысқан 22 мыңнан астам адамның 21-і хабарсыз кетсе, 761 азамат майдан даласында көз жұмған.

Алматы қаласында тұратын Күміс Медетова өмірге әкелген төрт ұлының біреуін Ауған соғысында жоғалтқан аналардың бірі.

“Балам Қажымұқан Медетов 1984 жылы әскерден келуіне бір ай қалғанда қаза тапты. Сол уақытқа дейін мен баламның Ауған соғысында екенінен хабарсыз болдым. Бізге «балаларыңыз Моңғолияда әскери борышын өтеп жатыр» деп айтты. Сыртында мекен-жайы жоқ хат келетін. Мен ұлымды Моңғолияда деп жүре беріппін. Қайтыс болғанда баламның Ауғанстанда болғанын бір-ақ білдім. Менде сондай жағдай болды. Оның бала кезі, қатар құрбылары - бәрі көз алдымда. Қазақта қалғанының қайыры болсын дейді ғой. Қалғанын қайыры болсын деймін. Ондай соғыс енді болмасын, баладан айырылып ата-ана, ата-анадан айырылып бала жыламасын деймін. Бүгінгі таңда сол соғыста өмірін қиған баламның құны ай сайын 2000 теңгеге бағаланып отыр. Шетелде жауынгер қаза тапса қаншама жәрдем береді. Ол бізде жоқ. Былтырдан бері 2000 теңге жәрдем беріп жатыр. Ол бізді мазақ қылғаны секілді маған - бір жылда 24 мың теңге. Ал менің балам тірі болса ай сайын 20 мың таппайтын ба еді?!”, - деген өкініш-мұңын білдірді Күміс Медетова.

Ауған ардагерлері мен соғыста құрбан болғандардың мәселесі – ауған соғысы ардагерлері ұйымының үкімет алдында жиі көтеретін, алайда олардың тарапынан үнемі қолдау таба бермейтін проблема болып отыр.

“Соғыста баласын жоғалтқан ана, денсаулығын жоғалтқан жауынгерде мемлекет көмегіне зәру. Ол соғыста біздер әскери ант қабылдап сол антымызды орындау үшін соғыстық. Ауған ардагерлеріне көмек көрсетілуі керек. Ауған соғысында көп қазақ жігіттері өздерінің қаһармандығын, батырлығын көрсетті. Солардың ерен ерлігін кейінгі ұрпаққа көрсететін кино түсіруіміз керек. Соғысқа қатысып шейіт болған жауынгерлердің ерлігі тарих бетінде жазылуы тиіс”, - дейді Ауған соғысына қатысқандардың бірі, бүгінде генерал-майор Бақытжан Ертаев.

“Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы «Айбын» үкіметтік емес ұйымымен бірігіп, Қазақстан парламентіне ашық хат жолдады. Онда ақпанның 15-ін интернационалист жауынгерлер күні деп атау туралы ұсыныс айтылған. «Айбын» бейүкіметтік ұйымының жетекшісі Сара Мұстафина-Құдабаеваның айтуынша, Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін де жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде өзге елдерде құрбан болған қазақстандықтар аз емес. Мәселен, Тәжікстанда - 16, Иракта - 1 адам көз жұмған.
XS
SM
MD
LG