Accessibility links

Қазақстан Парламенті депутат Тоқтар Әубәкіровтың ұсынысымен ғана Алтынбек Сәрсенбайұлын үнсіз еске алды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Ақпанның 15-күні Алматыда жұртшылық оппозиция қайраткері марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын ақтық сапарға шығарып салып жатқанда Астанадағы Парламент үйінде депутаттар мен Үкімет мүшелері Мәжіліс депутаты Тоқтар Әубәкіровтың әріптестеріне жасаған ұсынысынан соң бұрынғы мемлекеттік шенеунік Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алып бір минут үнсіздік жариялады. Осыдан кейін не депутаттар, не министрлер Парламент мінберінде Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі жөнінде ләм-мим деп тіс жармады. Ал сол күні Астана полицейлері демократиялық күштер өкілдерінің Алтынбек Сәрсенбайұлы бұрын қызмет істеген мекемесінің алдына барып, марқұмды еске алмақ болған әрекеттерін күштеп басты. Астанадағы бұрынғы Үкімет үйінің алдына жиналған 100-ге жуық адамды полиция адамдары жан-жаққа қуып, белсенділік танытқандарды автокөлікке мәжбүрлеп тиеп әкетті.

Есілдің сол жағалауындағы жаңадан салынған ғимаратқа жиналған Парламенттің қос палатасының депутаттары және премьер-министр Даниял Ахметов бастаған үкімет мүшелері дөңгелек залда бірден қайта жасақталған Үкіметтің бағдарламасын талқылауға көшпек болды. Алайда бірлескен отырысты жүргізіп отырған Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхаммеджановтың сөзін тоқтатқан Парламент Мәжілісінің депутаты Тоқтар Әубәкіров әріптестеріне:

– Жуырда біздің мемлекетімізде жаман оқиға болды - Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза болды. Ол кісі Қазақстан тәуелсіздігінің тұғырын басынан бастап көтеруге ат салысқан кісі еді. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Ресейдегі Елші қызметтерін атқарды. Ол кісінің Қазақстанға сіңірген еңбегі зор. Біз осында отырған азаматтар Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алып бір минөт үнсіздік жариялайық, – деді.

Ал сол күні Астананың заң қорғау қызметкерлері «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Астанадағы мүшелеріне бұрынғы мемлекеттік шенеунік, Қазақстан оппозициясы жетекшілерінің бірі болған марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алып, оның қызмет еткен мекемесінің алдында қоштасу рәсімін өткізуге мүмкіндік берген жоқ.

- Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының жерлеуіне қатысып, бір уыс топырақ салу үшін Алматыға баруға мүмкіндігі болмаған мұндағы пікірлес серіктері Астанадағы оның бұрын қызмет еткен орны, өзінің жүрген жерлері - Ұлттық қауіпсіздік Кеңесі мекемесінің алдына барып, Алтынбек Сәрсенбайұлының портреттерін алып, оны Алматыда халқы Кеңсай зиратында жерлеп жатқан кезде, біз марқұмды мұнда еске алмақ болған ек. Бірақ, прокуратураның адамдары келіп, жиналған адамдардың ішінен 15 шақты адамды, қолымызды бұрап, машинаға салып, Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына алып кетті. Бізден түсініктеме алып, тергеген соң жіберді. Бізге Алтынбек Сәрсенбайұлымен қоштасуға да мүмкіндік берген жоқ, - деді «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Астана филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаев «Азаттық» радиосына ақпанның 15-күні.

Ал Парламенттің бірлескен отырысына қатысқан Үкімет мүшелерінің ішінде Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаммеджанов болған жоқ. Ал оның орынбасары жоғарыдағы оқиғаға қатысты «Азаттық» радиосына жауап беруден бас тартты. Алайда Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Ілияс Бақтыбаев «марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты тергеу жұмыстарын жіті қадағалап отырғандарын» жеткізді.

– Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты ішкі істер министрлігімен қоса бас прокурордың орынбасары да тікелей осы іспен айналысып жатыр. Қолдан келгенше, ауыр қатыгездікпен жасалған осы қылмысты ашуға күш жұмсалынып жатыр деп айтуға болады, – дейді Ілияс Бақтыбаев.

Қазақстан Бас прокурорының орынбасары І.Бақтыбаев «тергеу орындары ресми ақпарат айтпайынша, кәсіби маман ретінде мен А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты әзірге ешқандай болжам айта алмаймын», деді «Азаттық» радиосына берген сұхбатында.

Ал қазіргі Мәдениет, Ақпарат және спорт министрі Ермұхамбет Ертісбаев Қазақстанның демократиялық күштерінің Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасын саяси өлім деген мәлімдеуін «бұл эмоциядан туған сөздер» деп бағалады.

- Мұнда ешқандай саясат жоқ. Тек тергеу орындарының ресми мәліметін күтуіміз керек, – деп жауап берді министр Е.Ертісбаев.

Ал марқұм А.Сәрсенбайұлымен бұрын бірге қызмет істеген қазірде Мәжіліс депутаты Уалихан Қалижан жұмбақ өлімнің себебін тергеу орындары дер кезінде аша алмаса оларды қызметтерінен босату керек деп санайды.
XS
SM
MD
LG