Accessibility links

Өз жерінде Олимпияда ойындары өткен қала міндетті түрде көркейе ме?


Қалыптасқан ұғым бойынша, Олимпияда ойындарын өз жерінде өткізу арқылы сол қалалар өздеріне арзан да тиімді жарнама жасап алады. Мысалы, Олимпияда ойындары өткен Барселона, Афина қалары инфрақұрылымдарын көтеріп, сондай-ақ сол ойындар тұсындағы бұқаралық ақпарат құралдары хабарлары арқылы мәртебесін көтеріп, құлпырып алған болатын. Бұл жолғы Қысқы Олимпияда ойындарын өз жерінде өткізіп отырған Турин қаласы жайлы да осылай деуге болар ма екен?

Турин қаласы - салқын, сұрғылт және байсалды қала. Өзінің жанға жайлы да жылы және шұғылалы ауа-райымен, сондай-ақ адамдарының ашық-жарқын мінезімен белгілі болған Италия үшін Турин ылғи да өзгеше айшықтағы қала болатын. Бұған дейін FIAT автокөлігін өндірумен ғана аты белгілі боп келе жатқан Турин қаласы мүмкін сол Барселона және Афина қалаларының үлгісімен қайта түлеп шыға келетін болар? Бұл сауалға біршама жауапты Карло Капалбо деген азамат бергендей. Ол - Италияның спорт саласындағы маркетинг сарапшысы.

“Өз инфрақұрылымын көтеру және “ FIAT шығарушы” деген атағынан жоғарылау үшін мұның өзі Турин қаласына беріліп отырған мықты мүмкіндік. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын Турин FIAT автокөлігін шығарумен ерекше белгілі болып, компания қалашығына айналған еді. Қазіргі кезде, FIAT өзінің көптеген мануфактурасын шетелге шығарып, сондай-ақ дағдарысқа ұшырағандықтан ол өз өнімдерін азайта бастаған. Осы себептерге байланысты Турин өзгерістер алдында тұр. Демек, Олимпияда ойындарын өткізу Турин үшін пайдаланып қалуға тиіс үлкен мүмкіндік болып отыр”, - деді Капалбо.

Испанияның Барселонасының үлгісін ұстанып қалу үшін Турин бар күш-жігерін жұмсауда. Турин коммерциялық палатасының төрағасы Александро Барберистің айтуынша, 13 миллиард еуро көлеміндегі инвестиция негізінен Туринде жаңа жолдар салуға, қонақүйлер мен компьютер арқылы басқарылатын метро жүйесін тұрғызуға жұмсалған екен.

Болашақ Олимпияда ойындарын өз жерінде өткізуге тырысушы кандидат елдер, әрине, Барселона мен Афина үлгісіне, мүмкін Турин өрнектеріне де зер салатын болар. Атап айтқанда 2014-ші жылғы Қысқы Олимпияда ойындарын өз жерінде өткізу хұқына ие болуға Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласы, Ресейдің Сочи қаласы және Грузиядағы Боржоми қалалары талпынуда. Үміткерлердің қайсысының ол хұқыққа ие болғандығы жөнінде 2007-ші жылдың шілде айында жарияланбақшы.

«Бұл қалаларға қандай кеңес беруге болады?» деген сауалға Барберис мырза ол қалаларды өз-өздеріне сын көзімен қарауға шақырып отыр. Тек қажырлы еңбек пен үлкен мақсатқа деген айқын ұмтылыс арқылы ғана ол үміткер қалалардың табысқа жетуіне болады, дейді Барберис. Ол үшін ойындардың қай жерде өтетіндігі шешілмей тұрып-ақ үміткер қалалар үлкен өзгерістерге апарар дайындық жұмыстарын бастап кетуі тиіс. Оның сөзіне қарағанда, Турин осындай қарқынды әзірліктің жартысына келіп қалған тұста ғана Олимпияда ойындарының осы жерде өтетіндігі жөнінде шешім жарияланған екен.

2014-ші жылғы Олимпияда ойындарын өз жерінде өткізуге ұмтылушы қалалар ішінде Сочиде әзірліктер басталып кететін сыңайлы. Себебі, өткен айда Ресей елбасы Владимир Путин Сочи қаласын Қара теңіз жағалауындағы ең қолайлы демалыс орынына қайта айналдыру үшін 11 миллиард 700 миллион доллар қаржы бөлу жөніндегі жоспарды мақұлдаған екен.
XS
SM
MD
LG