Accessibility links

АҚШ конгресмендері Интернет компанияларын Қытайдағы әрекеттері үшін сынға алды


Осы аптада АҚШ Конгресі Американың Microsoft, Cisco Systems, Google және Yahoo сияқты бай және белгілі компанияларына назар аударып, олардан Қытайдағы әрекеттері туралы мәлімет беруді сұрады. Интернеттегі Yahoo компаниясы Қытай үкіметін сынаған екі қытайлық азаматтың қамауға алынуына қатысы бар деген күдік айтылды. Бірақ аталған компания мұны жоққа шығарып отыр.

Өткен жылы Yahoo компаниясы Қытайдың билік орындарына жергілікті журналист Ши Таоны іздеп табуға жәрдем берді деп хабарланған болатын. Ши Тао Интернеттегі Yahoo почтасынан 1989-шы жылы орын алған Тьянанмен қырғынының 15 жылдығында елде толқулар болу мүмкін деп ескертілген үкімет баяндамасын шетелдегі әріптестеріне жіберген екен. Бірақ журналист Интернетте өзіне басқа жасырын ат таңдапты. Қытай билігі Yahoo компаниясынан почта иесін анықтауды сұрағаннан кейін, компания өкілдері әлгі журналист туралы мәліметтерді тауып берген. Ши Тао 2005-ші жылдың сәуір айында “мемлекеттік құпияны жариялады” деген айыппен 10 жылға түрмеге жабылды.

Сәрсенбі күні АҚШ конгресмендері Yahoo компаниясын сын астына алды. Демократтар партиясы конгресмені Крис Смит технологиялық компанияларды нацист сыбайластарымен салыстырды. Ол жақында Эдвин Блэктың “IBM және Холокост” деп аталатын кітабын оқығанын атап өтті. Ол кітапта АҚШ-тың IBM компаниясы мен Германия нацистерінің арасында ынтымақтастық болғандығы туралы жазылған екен.

“АҚШ-тың технология компаниялары бүгінде осыған ұқсас жеркінішті әрекеттермен айналысып, диссиденттердің үнін өшіруде. 2005-ші жылы Yahoo мен Қытай құпия полициясының ынтымақтастығы диссидент Ши Таоның қамауға алынуына жәрдем берді”, деді конгресмен Смит.

Қазір конгресмендер АҚШ технологиялық компанияларының Қытайдағы әрекеттерін қадағалайтын заң жобасын әзірлеп жатыр.

Ал өз кезегінде Yahoo компаниясы қызметкерлерінің жергілікті заңдарға сәйкес әрекет жасағанын айтады. Осы компанияның адвокаты Майкл Галаханның айтуынша, Yahoo журналист Ши Таоның тұтқындалғандығы жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары хабарлаған соң ғана білген.

“Олар Ши Тао туралы мәлімет беруді талап етіп келгенде, біз олардың тергеу жүргізбек мақсатын білген жоқпыз. Біз жергілікті талап-ережелерімізге сай әрекет жасадық”, - дейді Yahoo адвокаты.

Ал Google компаниясының корпоративті байланыс бөлімінің вице-президенті Эллиот Шрэйдж қазір Қытайда бизнес жасау қиын деп ашық айтты. Қытайдың құпия полициясы электронды почта иелері жөнінде мәлімет беруді сұрамасын деп, Google копаниясы электронды почта жүйесін Қытайда әдейі істетпей қойған, дейді Шрэйдж.
XS
SM
MD
LG