Accessibility links

Американ Meмлекеттік Хатшысы Сенаттың Ирақ, Иран, Таяу Шығыс жөніндегі қатаң сауалдарына жауап берді


АҚШ Сенаты Сыртқы Байланыстар комитетінің кей мүшелері Американың Ирақ пен Иранға, сондай-ақ, палестиндықтарға байланысты саясатына орай Meмлекеттік Хатшы Кондолиза Райсты қатаң сауалдар астына алды. Президент Джордж Буштың Республикалық партиясының мүшелері боп табылатын сенаторлардың өзі Буштың аймақтағы саясаты онсыз да күрделі жағдайды одан әрмен қиындатып жіберді деп, Райсқа сыни көзқарас айтумен болды.

АҚШ Сенаты Сыртқы Байланыстар комитетіндегі тыңдауларға келген Райс ханым өз сөзін Буш әкімшілігінің Иранда демократияны дамыту мақсатында 75 миллион доллар жұмсамақ жоспары барынан бастады.

"Әлемнің кез келген жеріндегі демократиялық үрдістер қолдауға ие болуы тиіс. Әлемнің Таяу Шығыс іспетті кей аймақтары өтпелі кезеңді бастан өткеруде, ондағы демократиялық үрдістер аса күрделі. Алайда, ондағы халықтың өз дауысын білдіру мүмкіндігі болуы тиіс. Құрама Штаттары болса, қандай қиын болғанына қарамастан демократиялық үрдістердің диктаторлық жүйедегі алдамшы тұрақтылықтан артық екендігін растайтын болуы тиіс", - деді Американ Meмлекеттік Хатшысы.

Ол Иран халқына өз еліндегі ықпалын күшейтуге жәрдемдесу қажеттігін, ал Тегеранның ядролық бағдарламасына орай БҰҰ аясындағы әрекеттерді одан әрмен жалғастыру керектігін атап өтті.

Алайда, кей сенаторлар Американың тек Иран ғана емес, көршілес Ирақтағы және Израиль-Палестин айтысындағы әрекеттеріне мүлде қанағаттанбайтындығын айтты. Сенатор Барбара Боксер ханым қазіргі әкімшіліктің аймақтағы әрекеттерін тым епетейсіз деп сыпаттады.

«Жауынгер Хамас тобы Палестин парламенттік сайлауларында жеңіске жеткенде, әсірешіл саясаткер Махмуд Ахмединежад Иран президенті боп сайланғанда және Ирақтағы сайлауларда Иранға арқа сүйеген топ жеңіске жеткенде Америка бұған мүлде дайын болмай шықты», - деді Демократиялық партия мүшесі Барбара Боксер ханым.

Сенатор, сондай-ақ, Американ әскерлерін Ирақтан әкетуге байланысты белгілі бір мерзімді белгілеуге қазіргі әкімшіліктің үзілді-кесілді қарсы шығуы Ирақ халқының талаптарына құлақ аспау боп табылады деді.

"Ирақтықтардың 73 пайызы Американ әскерлері кеткеннен кейін Ирақтағы түрлі саяси күштердің ынтымақтастығы арта түседі деп сенеді екен. Осыған орай менің айтарым, егер біз Ираққа сондағы халыққа көмектесу үшін барған болсақ, онда біз Ирақ халқының не айтатынына құлақ асып, әскерді кері әкету үрдісін бастауымыз керек", - деді сенатор Барбара Боксер ханым.

Осыған ұқсас сыни көзқарасты Президент Джордж Буштың Республикалық партиясының мүшелері боп табылатын кей сенаторлар да білдірді. Мәселен, Сенатор Чак Хэгел Meмлекеттік Хатшы Кондолиза Райсқа қаратып сөйлеген сөзінде Буш саясаты Таяу Шығысқа еш жақсылық әкелмеді деп есептейтінін айтты.

"Хатшы ханым, бұл мәселеде мен жақсылықтың нышандарын мүлде байқамай отырмын. Меніңше, жағдай одан әрмен нашарлауда. Меніңше, Ирақта да, Иранда да жағдай нашарлап отыр. Хамасқа қатысты мәселе басқа бағытта өрбиді деп үміттенемін", - деді сенатор Чак Хэгел.

Meмлекеттік Хатшы Кондолиза Райс күрделі жағдайға байланысты бар кінәні Буш әкімшілігінің мойнына асуға болмайды деді.

«Хамастың жеңісі біз күтпеген және қаламаған оқиға болғанымен, бұл жағдай Америкаға емес, Хамастың өзіне қосымша жауапкершілік артпақ. Хамас ендігі жерде жауынгер топтан таза саяси партияға айналу жауапкершілігіне кезігіп отыр. Хамас Израиль мемлекетінің өмір сүру құқығын мойындауы тиіс, жауынгер топ ретінде қарусыздануы керек және зорлық атаулыдан бас тартуы тиіс. Өйткені тек осындай жағдайда ғана келесі Палестин үкіметіне шынайы халықаралық қолдау көрсетілуі мүмкін», - деді Американ Meмлекеттік Хатшысы.

Иран мәселесіне келгенде ресми Тегеранға ядролық бағдарламадан бас тарту қажеттігін БҰҰ аясында қатаң ескерту қажет, деді Кондолиза Райс. Бұл тұрғыда ол Иранға қарсы қолданылуы мүмкін шаралар мәселесі әлі талқыланып болған жоқ деді.

Американ әскерлерін Ирақтан шығаруға орай нақты мерзім белгілеу мәселесінде де Кондолиза Райс Американ әкімшілігінің саясатын қорғап шықты.

«Ирақтықтар өз елін қорғай алатын жағдайға жеткенге дейін әскерді алып кетуге болмайды», - деді Американ Meмлекеттік Хатшысы.
XS
SM
MD
LG