Accessibility links

Белгісіз қаскөйлердің қолынан қаза тапқан қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары Қазақстан билігінен ашық тергеу жүргізуді талап етуде


Ақпанның 17-сi күні Алматыдағы Ішкі істер департаменті ғимаратының алдында ақпанның 13-і күні қайғылы қаза ұшыраған белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының бауырлары мен туған-туыстары пикет ұйымдастырды. Олар Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасын құзырлы орындардың ашық тергеп, жұртшылыққа толыққанды шынайы ақпарат беруін, Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс бергендердің әділ жазалануын талап етті.

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті ғимаратының алдына наразалық білдіруге келген марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары қолдарына Алтынбек Сәрсенбайұлының суреті мен қоғам қайраткерінің өліміне наразылық білдірілген сөздер жазылған ұрандар ұстап шықты. Олардың қатарына қатардағы азаматтарда қосылды.

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының бауыры, журналист Рысбек Сәрсенбайұлы “Азаттық” радиосына берген сұхбатында:

“Біз бұл жерде тұрмас едік. Біздің осы жерде тұратын жағдайымыз жоқ еді. Біз аза тұтып отырған адамбыз. Біздің ең ардақты бауырымызды арамыздан жауыздықпен алды. Оқ атып алды. Өмірін қиды. Ол бізге ғана емес, еліне керек еді. Енді сондай азаматтың арын қорғау үшін келдік. Билік өзі жоқ адамның артынан неше түрлі лақап таратып жатыр. Бұл қылмыскерлердің қылмыстық әрекетін жабу үшін жасалып жатқан нәрсе. Біздің соған жанымыз күйеді. Менің бауырым ажалды аңға шығып тапқан жоқ. Өзіңіз ойлаңызшы, Алматының маңында түн ортасында кім аңға шығады? Ақылға сыймайтын нәрсе. “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының ішінде ақша бөлісе алмай қалыпты-мыс, дейді. Бұның бәрі жалған. Мемлекеттік теле-арналар арқылы осындай ақпарат таратып жатқан билік кімге күйе жағып, кімді қараламақ? Бұлар жалғыз менің бауырыма ғана емес, Қазақстан халқына күйе жағып отыр. Оқиға орын алған күні теле-арналардан: “Үш адамның өлігі табылды. Біреуі – азиялық, біреуі – еуропалық”, деді. Білмей қалды ма? Өте жақсы білді. Ең алдымен сол арада “Хабар” арнасы болды. Тергеушілердің қолында сол үш адамның қалтасынан алынған құжаттар болды. Аты-жөндері белгілі болды. Соны біле тұра әдейі жалған ақпарат таратты. Ондағы мақсаттары - Алтынбек белгісіз біреулермен жүріп қаза тауыпты, деп айту. Қоғамдық пікірді алдын-ала өтірікке дайындау. Ертең мұны Заманбек Нұрқаділовтің өлімі сияқты жауып тастау. Біз соған төзбей келдік”, - деді.

“Менің бауырым өте тұлғалы азамат еді. Қайтейін, қарақшының қолынан қаза болды. Алтынбегімді тапсырма беріп өлтірткен кімдер? Соны табуды талап етем. Алтынбегімнің балаларын жетім, жарын жесір етуге кім кінәлі? Қарақшыларды тапсын! Қайғы-мұңымды жарып, ішімнен шығарып отырмын”, деді Алтынбек Сәрсенбайұлының туған әпкесі Рая Сәрсенбаева.

Осылайша наразылық білдірген марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары мен оларды қолдауға келген қарапайым халық сол арада істің ашық тергелуін талап етіп, Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановқа ашық хат жолдады. Алматы қалалық ішкі істер департаменті ғимаратынан наразы топтың талап-тілегін есту үшін шыққан аталған департамент бастығының орынбасары Марат Мырзаев:

“Тергеу шаралары барлық жағынан тексерілуде. Істің саяси астарыда қарастырылуда”, - деді.

Ақпанның 16-сы күні Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов:”Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп бұл қылмысты тексеру жұмыстарына шетелдік мамандарды, соның ішінде АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының мамандарын тарту мәселесін ойластырып жатырмыз",- деп мәлімдеген болатын. Алайда, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай биліктің бұл қылмыстың бетін ашуға нәтижелі жұмыс істейтіндігіне сенімдерінің аз екендігін айтады. Ол жұма күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында осы істің тергелу барысын, бақылауға алып, қылмыстың ашылуына жәрдем бере алатын арнайы тәуелсіз қоғамдық комиссия құрғандығын мәлімдеді.

“Біріншіден, бүгінгі күні биліктің шақырып жатқан мамандары біздің елге келе салып қылмысты ашады деп ойлай алмаймыз. Әрине, мамандар келгенде қылмыстың тергелуін, соның ашылу бағыты қаншалықты объективті жүргізіліп жатыр. Басқа жақтардан жасалып жатқан ықпалдарға тосқауыл қоя ала ма? Мәселе сонда. Екіншіден, сол қылмысты ашуға біліктілігі жететін мамандар біздің елде де бар. Егер соларға жұмыс істеуге мүмкіншілік берілетін болса істі ашуға мүмкіншілік бар”, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов ақпанның 16-сы күнгі брифингте осы қылмысты ұйымдастырушылар мен атқарушыларға қатысты сенімді ақпарат айтқандарға республиканың ІІМ 10 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындағанын хабарлаған болатын. Алайда министрдің БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингке Қазақстандағы өздерін тәуелсіз деп санайтын оппозициялық бағыттағы басылым өкілдері жіберілген жоқ. Осыған орай, жұма күні оппозициялық бағыттағы басылым қызметкерлері Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, Бас прокурор Рашид Түсіпбековке, Ақпарат министрі Ермұханбет Ертісбаевқа және Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановқа өз наразылықтарын білдіріп ашық хат жолдады. Бұл туралы “Азаттық” радиосына тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи:

“Ақпарат таратқан кезде басылымдарды алалауға болмайды. Егер билік осы іске өзінің қатысы жоқ екендігін дәлелдегісі келетін болса барлығын ашық айтып, қылмыстық істі ашудың барлық жағдайын жасау керек”, - дейді.

Сондай-ақ, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты Еуропалық одақ пен АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Аманда Роджерс-Харпер Қазақстан билігін ашық тергеу жүргізуге шақырды.
XS
SM
MD
LG