Accessibility links

«Шаңырақта» баспана дауы тағы өршіді


Алматы қаласының шетіндегі «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2» ықшам ауданын негізінен Алматыға өзге аймақтардан қоныс аударып келген келген қазақ отбасылары мекен етеді. Ақпанның 17-күні осы ықшам ауданның ортасындағы сайда салынған 150 үйді әкімшілік шешімімен бұзу басталғанына наразы тұрғындар қарсылық акциясын өткізді. Ресми орындар «бұл үйлер заңсыз салынған, өз бетімен жер басып алудың, не алаяқтардың жалған құжаттарымен салынған бұл үйлер бұзылуы тиіс» дейді.

Алматыда тұрғындар арасында «Шулы Шаңырақ» немесе «Шанхай» аталып кеткен осы ықшам ауданда кезекті рет шу шыққалы тұрған сияқты. Бұл жолы осы ықшам ауданда тұрғызылған 150-дей тұрғын үй қалалық әкімшіліктің жер қатынастары мекемесінің шағымымен сот үкіміне сәйкес бұзылмақ. Соған наразы көпшілік жұма күні БАҚ өкілдерін шақырып, өз бастарындағы мұң-зарын айтып, олардан араша сұрады:

«Ауылда жұмыс жоқ, бір кемпір-шалдың пенсиясына қарап отырмыз, ал ол – жетпейді. Мұнда келіп тіршілік істейміз, көрінгеннің босағасында отырып келдік. Пәтер қожасы ай сайын келіп 15 мыңымызды (теңге) қағып алады, тапқанымыз тек қана квартираға кетті. Ал осында келгелі «үһ!» деп, ұйқымыз тыныш болғандай болып еді, енді міне қайтадан басталды мынандай жағдай... Милицияменен кеше келіп, бәрін қырып, түгел қиратып жатыр, енді өзімізді-өзіміз бауыздауға не өртенуге барамыз! Соншама еңбекпенен салдық бұл баспананы, жас семьямыз, кішкентай времянканың өзі қаншама еңбекпенен келді! Қаншама қаражатымыз шықты!...

«Осы жерде мен оқып бітірдім, осы жерде бәленбай жыл жұмыс істедім, екінші қызымды да осы 5-ші роддомда босандым. Осы жерде біз талай жыл квартирадан-квартираға көшіп жүріп өмір сүрдік. Мысалы, менің мектептегі алатын жалақым 15-ақ мың теңге, ал мен квартираға 15 мың теңге төлейтінмін. Жалақымды квартираға төлейтінмін де, екі қызымды сабаққа қалай жібердім десеңізші!.. Отбасында тек жолдасымның жалақысына қарап отыратынбыз! Әйтеуір жырмыштап жинап-теріп, осы жер алғанымызға өлердей қуандық, күзде екі бөлмелі времянка салып, ішіне кіріп алып едік... Ал президент сайлауының алдында документтерді өткізіп едік, «тұра тұрыңдар, сайлау өтсін» деп, біздің документтерді заңдастырмай, қарамады. Ал сайлау өткеннен кейін бізге айтады: «бұл документтердің бәрі жалған, сендер жерді заңсыз басып алғансыңдар» деп!...»

«Көп балалы анамын, кеше ғана - осы сентябрь айында, Нұрсұлтан ағамыздың алтын алқасын алғанмын сол он баланың арқасында. Қазір ауылды жер дейді ғой, ауылды жердің де көтеріліп жатқаны шамалы! Өзіміз ауылды жерден 1996 жылы келіп, бала-шағамыздың бәрі квартирант болып тапқан ақшасының бәрі квартирамен кетті. Мінеки, осы жерде бір кішкентай жер бар дегенге келіп, алаяқтарға алданып қалдық! Сол алданудан алған заттарымызды, решениемізді, барлығын жалған деп, мінеки бізді енді қырып-соғып жатыр. Кешегі дүйсенбіден бастап, бір демалыс болды, не ұйқы жоқ, не күлкі жоқ, не балаларға тыныштық жоқ! Ар жақ – бер жағының бәрін бұзып жатыр. Біз «Шаңырағымыз шайқалмасын» деген ұжым ашайық деп тұрмыз!»

Енді құрылып жатқан «Шаңырағың шайқалмасын» атты қоғамдық ұйымға қазір 25 белсенді мүше болып кіріп, өз құқықтарын заң жолымен қорғамақ ниетте көрінеді. Бірақ, заң жолы бұларды қолдамайтын тәрізді. Себебі, Алматының Әуезов ауданының тұрғын үй шаруашылық департаментінің маманы Қанат Асанұлы ол үйлерді бұзуға сот шешімі шығып қойғанын айтады.

«Заңсыз салынып жатқан үйлердің бәрі бұзылады! Заңсыз ғой бәрі... Бәрінің салып жатқаны анау сайда - бұрынғы батпақтың орны. Көктемде су көтерілгенде, жаңбыр жауса, бәрі су болып шыға келеді. Сонан соң, қаланы газбен қамтамасыз етіп отырған жоғарғы қысымдағы газопровод, соның үстінен салып жатыр. Газопроводтың үстінен салуға болмайды ғой! Оның күзет аймағы бар, біреу болмаса, біреуі «қазып көрейін» деп тесіп, жарылатын болса, Алматының жартысы жоқ болады ғой!.. Қанша тоқтаттық, қанша жүріп айтып, ескерту қағаздарын бердік - тыңдамайды ғой!», - дейді тұрғын үй шаруашылық департаментінің маманы.

Осы екі «Шаңырақта» қазір 30 мыңдай қазақ отбасылары тұрады. Бұл жерге мектеп салынғанмен, көшелері аздап жөнделінгенмен, айнала әлі үлкен бір құрылыс алаңына ұқсайды. Баспаналардың арасында жұпыны, тоқал үйлер көзге жиі шалынады. Әрине, жөні түзу үйлер де баршылық, бірақ, осы ауданға келсеңіз мұндағы тұрғындардың қазақи тұрмыс деңгейін әшкерелейтін, өзінше бір «архитектуралы-этнографиялық» арнайы салынған ескерткішке кез боласыз. Бұл ауданның салына бастауы, кезіндегі желтоқсан оқиғаларынан кейінгі жылымықтан басталып еді. Одан кейін су жүргізу дауы, жарық жүргізу дауы, мектеп салдыру, көлік қатынасын ашу сияқты болып жалғасын тапқан еді, енді тағы бір дау өршігелі тұр. Билік бұл бұзылып жатқан үйлерге, «заңсыз салынғандықтан, ешқандай өтемақы берілмейді» дейді.
XS
SM
MD
LG