Accessibility links

Қазақстанда Омбудсменнің рөлі қандай болуға тиіс?

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Былтырғы жылы Қазақстан президентінің «Адам құқықтары уәкіл қызметін қамтамасыз етушілердің құқығын кеңейту» жөніндегі жарлығына сәйкес Парламент Мәжілісінде қылмыстық пен азаматтық кодекстерге өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасына сәйкес адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кез келген сот отырысына қатысып, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік ала алады. Бірақ Қазақстанның бас прокуратурасы Адам құқықтары уәкіл қызметін қамтамасыз етушілер сот отырысында тек бақылаушы ретінде қатысу керек деп отыр. Алайда Адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері мұнымен келіспейді.

Осыған дейін адам құқықтарын қамтамасыз етушілердің сот отырыстарында қатысып азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі Қазақстан тәжірибесінде бұрын-соңды болған емес. Сондықтан да адам құқықығын қамтамасыз ететін мекемелер осы уақытқа дейін азаматтардың сот отырысына қатысты өтініштерін қарамаған. Тек өткен жылы ғана Қазақстан президентінің жарлығымен Адам құқықтарын қорғау уәкілдерінің құқығы кеңейтілген болатын. Енді сол жарлық тәжірибе жүзінде орындалу үшін заң шығарушы мекеме Қылмыстық кодекс пен Азаматтық кодекске өзгерістер енгізу үстінде. Бірақ жұмыс тобы барысында тараптар арасында өзара келіспеушіліктер туындап отыр. Мысалы заң жобасын ұсынушы Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Ұлттық орталықтың басшысы Вячеслав Колезнидің айтуынша, заңның орындалуын қадағалаушы мекеме өздерінің сот үдерісі кезінде белсенділік танытуларын қаламай отыр.

- Олар тек омбудсмен бақылаушы ретінде ғана қатысып, сот үкімі шыққаннан соң ғана азаматтардың құқықтары бұзылды деп, тиісті орындарға шағамдана алады деген ұстанымдарын білдіреді, ал біз онымен келіспейміз, – дейді Адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі.

Ал Қазақстанның Бас прокуратурасының өкілі Гүлмира Бегбасованың айтуынша, заңның орындауын қадағалаушы мекеме омбудсменнің сот үдерісіне қатысуына қарсы емес. Бірақ олар өздерінің құзыретін анықтап алуы қажеттігін айтады.

– Біз айтамыз, сіз егер сотқа қатысқыңыз келсе, қандай субьект болып қатысасыз? Соны талдап алуымыз керек. Заңға өзгерістер енгізу үшін біз білуіміз керек, кімді жақтайтынын. Ал ол кісілер айтады: біз ешкімді де жақтамаймыз. Сот үдерісінде азаматтардың құқығы бұзылып жатқан болса, соны айтамыз дейді. Өзіміздің ойымызды сотқа айтуға құқығызы болуы керек дейді. Ал біз мұнымен келіспей отырмыз, – дейді Гүлмира Бегбасова.

Алайда Адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Вячеслав Колезин болса, «біздің мақсат сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ете отырып, сот үдерісіне белсенді түрде қатысу», дейді. Бірақ Бас прокуратураның өкілі Гүлмира Бегбасованың сөзінше, омбудсменнің міндеті обьективті болу. Ал олар үдерісі кезінде міндетті түрде бір тарапты ғана қолдауы мүмкін.

– Сот үдерісінде тараптардың азаматтық істері болады, қылмыстық істері болады. Сот залында айыпталушы және жәбірленуші болады. Ал сол үдеріске қатысып отырған адам құқығын қорғаушы уәкіл жәбірленушіні жақтай ма, әлде айыпталуышын жақтай ма?! Ал бұл кісілердің бір жақты пікір айтуларына ешқандай құқығы жоқ. Ал біз айтамыз: сіз сот үдерісіне қатысып отырғаннан кейін міндетті түрде бір жақты жақтайсыз ғой деп?! Осы жерде осындай қайшылықтар болып тұр, – дейді Гүлмира Бегбасова.

Ол «Сондықтан да омбудсмен соттың үкімі шыққаннан кейін ғана белсенділік танытуы қажет», дейді. Ал Жоғарғы Соттың өкілі сот отырыстарында адам құқықтарын қамтамасыз етуші уәкілдердің қатысып, үкімге дейін өз пікірлерін айтуларына қарсы емеспіз, деп отыр.

Сенатор Қабдығали Ахметов болса, «Азаттық» радиосына жоғарыдағы мәселеге қатысты төмендегідей пікірін білдіреді:

– Омбудсменнің міндеті тұлғалардың құқығы бұзылған жағдайда ғана пікірін айтады. Бұл міндетті прокурор да орындайды. Бірақ прокурордың ерекшелігі ол сот отырысындағы басқа да болып жатқан заңсыздықтарға баға береді. Сондықтан да сот үдерісінде омбудсменге пікірін ашық айтуға мүмкіндік беру керек.

Негізінен Адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметі бойынша, омбудсмендердің белсенді түрде сот үдерістеріне қатысып, өз пікірлерін білдірулері халықаралық тәжірибеде кең орын алған екен.
XS
SM
MD
LG