Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.21.2006 жыл

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда саясаткер, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірген деген күдіктілердің ұсталғандығына қатысты және бұл оқиғаның қоғам тарапынан қызу пікірталас өзегіне айналғандығы турасында мақалалар жарияланыпты.

21 ақпан күнгі санында «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сілтеме жасай отырып, Қазақстан оппозициясының серкелерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге қатысы бар делінген адамдар ұсталып, күдіктілер қамалды деп жазады. Онда негізінен бұл оқиғаға баға бере келіп, айтулы саясаткерді және оның қасындағы екі көмекшісін қатыгездікпен атып өлтіру әрекетін елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға жасалған әрекет деп есептеуге болатындығы айтылған. Және де аталған басылым «Алтынбек Сәрсенбайұлы ел тәуелсіздігінің елең-алаңында басқалармен бірге өзіне жүктелген жауапты жұмыстарды белсенді атқарды, ақпарат кеңістігін қалыптастыруға өз еңбегін сіңірді. Сол ізденістері «Егемен Қазақстан» газетінің де тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жататын»-деген байлам жасайды.

Ал сейсенбі күнгі нөмірінде «Экспресс К» газеті саясаткер, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлын жанындағы екі серігімен қоса өлтірген деген алты күдікті адамның ұсталғандығы жөніндегі ақпарат кешегі күннің сенсациясы болғандығын жазады. Онда сондай-ақ әлі нақтыланатын бірқатар жайттың бар екендігі мен тергеу барысында анықталатын көптеген деректердің беті ашылатындығы айтылған.

Және де өзінің соңғы санында «Алтын орда» апталығы «Әділетті Қазақстан үшін!» қоғалысының мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына орай «Сөз бостандығы» оққа ұшты деп жазады. Онда енді қылмыс ашылсын-ашылмасын, марқұм өмірінің соңғы жылдары сөз бостандығының, пікір еркіндігінің майданында аянбай күресті, күрделі тақырыптардың күре тамырын тап басқан азамат ер кешкен тағдырды мойындау бізге парыз делінген.

21 ақпан күні жарық көрген санында республикалық «Жас алаш» газеті бұл тақырыпты кеңірек қаузапты. Басылым саясаткер, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлын көмекшілерімен бірге өлтірген деген күдіктілердің ұсталғандығына қатысты «Жендеттер қолға түсті, күдік-күмән да аз емес» деген көзқарасын білдіреді. Онда жендеттер мен ұйымдастырушы қылмыстарын мойындап, тергеушілерге жауап беріп жатқанын айтқан ҚР Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов журналистерге сұрақ беруге мұрсат бермегендіктен, біраз күманды жайттың басы ашылмай қалды делінген.

Сондай-ақ өзінің сейсенбі күнгі санында «Жас алаш» газеті саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қазасына орай, шетелдік ақпарат құралдарында тарап жатқан хабарларды, халықаралық қауымдастық өкілдерінің пікірлерін және де қазақстандық зиялы қауым өкілдері мен саясаткерлердің көзқарастарын берген. Мұнымен қатар «Алтынбек кім үшін, не үшін қаза болды?», «Бұл оқ - Қазақстанның болашағына атылған оқ», «Өзгерістің керек екенін өзінің өлімімен де дәлелдеп кетті» және де «Президенттің қызы жауынан айрылды» деген сынды мақалалар топтамаларын жариялаған. Аталған материалдарда Қазақстан соңғы кезде үрей мен қорқыныш иектеген соқпаққа түсіп бара жатқандығы айтылған. Сонымен бірге «Күманды ақпарат қайдан тарады?» атты мақалада Алтынбек Сәрсенбайұлының серіктерімен бірге қаза тапқандығы белгілі болғанымен оны алып қашпа қауесетке айналдырып, бұл өлімнің саясатпен ешқандай қатысы жоқ екендігін дәлелдеуге тырысушылықтың астарында биліктегілердің қолтаңбасы білінетіндігі айтылған. Бұл ретте Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстарын саясаткердің қазасы жөніндегі ресми БАҚ-ның жалған ақпарат таратуы қатты алаңдатқан екен. Бұл жайт істі Заманбек Нұрқаділовтің өлімі секілді жылы жауып қою үшін қоғамдық пікірді алдын-ала дайындау емес пе деген сауал тастайды марқұмның туыстары. «Біріншіден, Алтынбектің ешқандай отбасылық бизнесі жоқ. Біздің әулетте бизнеспен айналысқан ешкім жоқ. Екіншіден, «қылмыстың себебі – отбасылық қарым-қатынас» дейді. Сонда, Алтынбегімді мен өзім өлтіріппін бе? Мұның бәрі қылмыстық істің саяси сипатын жасыру үшін жасалып отыр» дейді марқұмның ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы.
XS
SM
MD
LG