Accessibility links

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне ҰҚК «Арыстан» қызметінің бес әскери қызметшісінің қатысы бар деген күдікпен тұтқынға алынғандығын растады

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Ақпанның 21-күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті саясаткер, оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметінің осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бес әскери қызметшісі тұтқынға алынғандығын растады.

Сейсенбі күні Қазақстан оппозициясының серкелерінің бірі саясаткер, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлын екі көмекшісімен бірге өлтіруге тікелей қатысы болмаса да, осы қылмысты ұйымдастыруға мұрындық болған деген күдікпен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметінің бес әскери қызметшісі тұтқынға алынып, олардың барлығы Алматы қаласы ішкі істер департаментінің уақытша абақтысына жабылғандығын «Азаттық» радиосына ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі бастығының орынбасары Ислам Бекішов хабарлады.

«Біздің комитет Алтынбек Сәрсенбайұлын және оның көмекшілері Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевты өлтіруге қатысқан нақты барлық қылмыскерлерді, соның ішінде әскери погон таққандарды табу және де мұндай фактілерге жол берген жауапты адамдарды анықтау жөніндегі жұмыстарды одан әрі жедел жүргізуде. Сондықтан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыс жасалған сәттен бастап, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурамен бірлесіп қажетті тергеу амалдарын жүзеге асыруды жалғастыруда», - дейді аталған комитеттің баспасөз қызметі бастығының орынбасары Ислам Бекішов.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері өліміне тәуелсіз зерттеу жүргізетін комиссия басшысы Жармахан Айтбайұлы «Азаттық» тілшісіне білдірген пікірінде, белгілі болған аталған жайттан кейін бұл өлімнің анық саяси астары бар екеніне қоғамның көзін жеткізе түстік деп жауап берді. Ал ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы бұл жағдай Қазақстан қоғамында демократиялы-зайырлы келісімнің жоқтығын көрсетіп берді дейді.

Ал ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыс толыққанды ашылғанша тергеу жұмыстарын жалғастыра береді дейді аталған комитеттің баспасөз қызметі бастығының орынбасары Ислам Бекішов.

Сондай-ақ сейсенбі күні бірқатар телеарналар арқылы Қазақстан президенті Н.Назарбаев бұл қылмыстың артында кімдер тұрса да заң алдында қатаң жазаланатындығын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG