Accessibility links

Өзбекстан мен Иранның арасы қайта жақсара қоя ма?


Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдарының Иранға қатысты хабарларында айтарлықтай өзгеріс байқалып отыр. Өзбекстанда бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет тарапынан қатты бақыланады, сондықтан бұл елде сөз бостандығы мүлдем жоқ десе болады. Дегенмен соңғы кездері Өзбекстанда Иран туралы жағымды мақалалар жарияланып жатыр.

1991-ші жылы тәуелсіздігін алған Өзбекстан Иран республикасының діни ықпалы болуы мүмкін деп, Теһранға байланысты ұстамды саясат жүргізіп келген. Ташкенттің басқа елдерге, әсіресе АҚШ пен Ресейге қатысты, айнымалы мінезіне қарамастан, соңғы 15 жылда Өзбекстанның Иранмен қарым-қатынастары біршама тұрақты болды. Бұған қоса, соңғы кездері Өзбекстанда мемлекет тарапынан бақыланатын бұқаралық ақпарат құралдары Иран туралы оң хабарлар беріп жатыр. Кейбір баспасөз құралдары ядролық бағдарламасын дамытуға Теһранның құқы бар деп, Иранға қолдау көрсетуде.

Ал өткен аптада Өзбекстанның бірінші мемлекеттік радиосы Өзбекстандағы саяси талдаушы Иброхим Норматовпен жүргізген сұхбатын әуеге шығарды. Норматов ядролық бағдарламасын дамытуға Иранның құқы бар дей келе, АҚШ пен Еуроодақ екі түрлі стандардты қолданады деп сынға алды. Норматов, сондай-ақ, АҚШ пен Еуроодақтың Иранға қатысты позициясын олардың Ираққа деген ұстанымымен салыстырды. АҚШ-ы “дәлелденбеген күдікке” негізделіп, Ираққа соғыс ашқан болатын деді Норматов.

Бұл сұхбаттан басқа, Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдарында қазір Иранға қатысты көптеген жағымды хабарлар шығуда. Ал өткен айда Иран өкілдері екі елдің қарым-қатынастары туралы келіссөз өткізу үшін Өзбекстанға сапармен келген болатын.

Кейбір талдаушылар Өзбекстан мен Иранның қарым-қатынасы қайта қалпына келіп жатыр дейді. Ал Әндіжан оқиғасынан кейін Ташкенттің Батыспен қарым-қатынасы нашарлап кеткен болатын.

Халықаралық зерттеулер институтын тәмәмдаған Мохаммад-Реза Жалили Женевадан “Азаттыққа” берген сұхбатында былай деді:

“Ташкент пен Вашингтонның қарым-қатынастарында кейбір қиындықтар болды. Ирандықтар мұны түсініп қазір Өзбекстанмен қарым-қатынасын дамытпақшы деп ойлаймын. Өйткені бұдан бұрын осы қарым-қатынастарды дамыту өте қиын еді. Өзбекстан тарапынан жасқаншақтық болды және ирандықтар АҚШ бағытын қолдаушы елмен жұмыс істегісі келмеді”, - деді Жалили.

Батыспен қарым-қатынасы нашарлаған соң, Өзбекстан билігін Ресей қолдаған болатын. 2005-ші жылдың соңында ресми Мәскеу мен Ташкент ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды. Кейін Өзбекстан Ресей жетекшілігіндегі Еуразиялық Экономикалық қауымдастығына мүше болды.

Талдаушылардың айтуынша, Ресейдің қолдауына ие болған Ташкент Иранмен ынтымақтасығын одан әрі дамытуда.

Профессор Жалили Теһран да Ташкентпен қарым-қатынастарын жақсартқысы келеді деді. Ядролық бағдарламасы төңірегінде қалыптасып отырған жағдайда Иран қазір өзіне жаңа достарды іздеп жатыр деп атап көрсетті Жалили.

Ал Ташкенттегі тәуелсіз саяси талдаушы Камрон Алиев мынандай пікірін білдірді:

“Өзбекстан үкіметі Иранның ядролық бағдарламасына қатысты позициясы жөнінде айқын айтпады. Өзбекстан билігі мұсылман елдерінің Еуроодақпен қарым-қатынастарына байланысты немесе Мұхаммед Пайғамбарды келемеждеген суреттерге және Хамастың жеңіске жетуіне байланысты нақты пікір білдірмеді. Сондықтан Өзбекстан өзінің сақ және мұқият саясатын одан әрі жалғастыруда деп ойлаймын”, - деді Алиев.

Оның айтуынша, Өзбекстан үкіметі әлі де болса Батыспен қарым-қатынасын жақсартқысы келеді.

“Қазіргі уақытта барлық мүмкіндіктерді сызып тастау, сол сияқты Еуроодақпен және Америка Құрама Штаттарымен көпірлерін жағып жіберу ақылға қонбайтын әрекет болар еді. Сондықтан, Еуроодақ және АҚШ-пен қарым-қатынастарын кез келген уақытта қайта қалпына келтіру үшін ресми Ташкент мүмкіндіктерді сақтап қалуға тырысуда,” дейді Алиев.
XS
SM
MD
LG